200 студентке бір реттік шәкіртақы тағайындалды
«Dauletten» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Білімнің жұлдызы-2023» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды egemen.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев қатысты.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан білімге құштар жастарды қолдап, білім мен ғылымды негізгі құндылыққа айналдырып отырған жобаға сәттілік тілейміз», деп атап өтті Ақерке Абылайхан.
2019 жылы бастау алған «Білімнің жұлдызы» қайырымдылық жобасы Қазақстанның білімді, әрі талантты жастарын қолдап келеді. Биыл 200 студентке 100 000 теңгеден бір реттік шәкіртақы тағайындалды. Іріктеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 854 студенттен өтінім түсті. Оның ішінде 774 өтінім ЖОО, 80 өтінім колледж студенттерінен келген. Жеңімпаздарды анықтауда мотивациялық хат, оқу үлгерімі мен әлеуметтік жағдайлары ескерілді.
«Шәкіртақы иегерлерінің басым көпшілігі көпбалалы отбасылардан, толық емес жанұяда өскендер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ата-анасының екеуінде де немесе біреуінде мүгедектік бар жандар және мүмкіндігі шектеулі студенттерден болды», деді Қор жетекшісі Жасұлан Қуандық.
Жеңімпаздардың тізімін dauletten.kz сайтынан көруге болады.