Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрақсыз неке – қоғам дерті

Тұрақсыз неке – қоғам дерті

Неке ғасырдан ғасырға бірін-бірі ұнатқан жандарды біріктірудің жалғыз жолы ретінде саналып келген болатын. Бірақ өзгермелі заман некеге деген көзқарасты да басқа арнаға бұрғандай. Бүгінгі күні неке тіпті де міндетті емес. Дегенмен бұл стериотипті әдетте жас отбасылар ұстанады. Олар тұрғын-жайдың болмауын, материалдық жағынан жетіспеушілікті, сезімнің әлі де болса жеткіліксіздігі сияқты бірнеше дәлелді алға ­тартады.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында елде ажырасу саны 9 мың болған. Тіркелген ажырасулар саны бойынша көш басында Алматы және Қарағанды облыстары тұр. Ең аз ажырасу Қызылорда облысында тіркелген.


Ажырасудың себебі не?

«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасына сәйкес, Қазақстандық қоғамдық даму институтының деректері бойынша, сауалнама жүргізу барысында респонденттердің көпшілігінің пікірінше, ажырасудың ең маңызды себебі – отбасындағы зорлық-зомбылық болып саналады.
Ажырасудың тағы маңызды себептерінің бірі – ерлі-зайыптылардың біреуінің ішімдік пен есірткіге тәуелділігі және опасыздық жатады.
Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстанда соңғы жылдары ажырасушылар қатарының толастамауын айтады. Он жыл аралығында елде 1,5 миллилон үйлену дерегі тіркелсе, бес жүз мыңы осы уақыт ішіндегі ажырасушылар сапында болған.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі ерлі-зайыптыларға "тең құқықтарды пайдалануды, тең міндеттер атқаруды, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауға тең дәрежелі ортақ құқық береді. Ана-әке атану балаларды тәрбиелеуде де бірдей міндеттерді мойынға алуды міндеттеген. Бірақ көптеген ата-ана осы жауапкершіліктің салмағын сезінбей жүр.
– Ажырасу себебіне алуан түрлі мәселе әсер етеді. Көбі материалдық жағдайларының төмендігіне көне алмайды. Үйдегі жетіспеушіліктің салдарынан жиі ұрыс-керіс болады. Шаңырақтың шайқалуының тағы бір себебі – ер адамның әйелінің «көзіне шөп салуы». Сүйген адамының мұндай сылтыңбай суық жүрісін әйелдер өте ауыр қабылдайды. Бүгінгі жас отбасылардың, жалпы отбасының ажырасуының негізгі екі себебі осында, – дейді психолог Әлия Ізбасарова.

Тұрмыстық түйткілдер тығырыққа тірейді

Табыстың төмендігі, тұрғын үйдің болмауы, жұмыссыздық, төленбеген несие тағы басқа да материалдық жағдайлар шаңырақтың шайқалуына әкеп соғады.
– Әлеуметтанулық зерттеулер бойынша ажырасуға себеп болып отырған жағдайларға өзара түсініспеушілік пен тұрмыстағы түйіткілдер – әлеуметтік мәселелер жатады. Бұл ең алдымен құндылықтардың өзгерісімен сипатталады. Алайда отбасы, бала, денсаулық ұғымдары сауалнама нәтижелері бойынша ешқашан да бірінші орыннан түспеген, – дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова.
Бір өкініштісі, көпбалалы отбасыларда ер адамның отбасын тастап кетуі жиі кездеседі. Бұның тағы бір жағы бар. Кейде ажырасу тек материалдық жағдайға ғана байланысты болмайды. Білімі, табысы жоғары, тұрмысы жақсылар да ажырасуға арыз беріп жатады. Сондықтан күрмеулі мәселеге көп жағдайда «құндылықтар өзгерісі» себеп болады.

Балалар зардап шекпесін
Қазақстандағы 2009 жылғы халық санағы бойынша толық емес отбасылардың саны – 520 986, оның 452 730-ы жалғызбасты ана мен баладан тұратын отбасы, ал 86 256 отбасы тек балалы әкелер. Бұл санның артуы мүмкін деп болжауға болады. Жаңа халық санағының нәтижелері туралы деректер, өкінішке орай, қол жетімді емес дейді мамандар.
– Ажырасу кезінде балалар зардап шегеді. Заң бойынша балаларды материалдық қамтамасыз ету үшін ата-ананың жауапкершілігін қарастырады. Алайда статистика ата-ананың балаға қатысты жауапкершілігінің төмен екенін көрсетеді. Мұны соңғы бес жылдағы статистика растайды. 2017 жылдан 2022 жылға дейін алименттік борышкерлердің деңгейі 1,8 есеге өсті, – деді Отбасы институтының зерттеу орталығының маманы Жұлдыз Батталова.
Қалайда сүттей ұйып тұрған жанұяның ыдырамауын ойлаған әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова отбасы және гендер мәселесі бойынша ұлттық комиссия жұмысының шеңберін үлкейту қажеттігін жеткізді. Отбасындағы әр бала санына байланысты жеңілдіктері көзделген, халықтың табысына шақ келетін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жолдары болу керектігін алға тартты.
Яғни идеологиялық жұмыстарды күшейту қажет. Азаматтық қоғам, гендерлік теңдік секілді мәселелерді дамытуға бағытталған гранттардың арнасын отбасы құндылығын насихаттауды көздеген жобаларға бұрған жөн. Сонымен қатар әлеуметтік саясат шеңберінде, отбасыларды сақтау, қолдау бағытында арнайы бағыт, бағдарлама қабылдау қажет.


А. ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ
21 қаңтар 2023 ж. 483 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031