Күрмеулі түйін қашан шешілмек?

Шыны керек, үй иелері жылу батареялары қатып, жарылмауын тілеп, уайымнан ақ сөл болды. Жаман айтпай, жақсы жоқ дейтін халықпыз. Абырой болғанда сол күні ауа-райы аязды болмады. Бірақ қай кезде де, сақтанғанды, сақтайтынын естен шығармау қажеттігін еске салғандай-ақ. "Әрине төтенше жағдай қызметкерлері мен электриктердің жұмысы ауыр әрі қауіпті. Дегенмен неге осындай табиғи жайттардың алдын алып, сақадай сай тұрмасқа?" деген оқырмандар тарапынан сауалдар туындауда.
– Бүгінгідей бәрі дамыған заманда жел тұрсын, басқа да оқыс жағдай орын алса да арнайы мамандар кәсіби түрде жылдам олқылықты реттеу қажет. Жаз мезгілі болса қиналмас едік. Не дегенмен қыс айында жылусыз қалған қиын екен. Бұның бәрі электр жарығына тәуелді. Әр үйде қаншама бала-шаға бар. Қақаған аязда жылусыз қалса, тоңып мазасы қашатыны белгілі. Сәл ауа-райы қолайсыз болса жарық өшеді. Оның алдын алуға болмай ма? – дейді аудан тұрғыны Айдын Әзен.
Жолдас Нұржан: "КРЭК ылғи телефонға жауап бермейді. Кезекшілікке адам бөлінбей ме? Қашанда гуіл барып тұрады да, сәлден соң мүлдем өшіріп тастайды" деген назасын жеткізді.
Сондай-ақ мамандардың кәсібилігіне мін тақпай, жақтағандар да табылды. Мәселен, кент тұрғыны Еркін Оразаев жарықтың кенет болмауына қатты дауылдың салдары екендігін айтып, мұндайда мамандарға да оңай еместігін жеткізіп, түсіністікпен қарауға үндеді.
Оны құптаған Айман Өмірбек кімге болса да жаңбырлы күні малмандай су болып, жұмыс жасау қиын екенін жеткізді. "Су болған киіммен бағанаға шықпақ түгілі, шатырға шыға алмайтындар бар. Жолдасым түнгі 23:00-де төтенше жұмыс деп, таңғы 5-те келді. Ертесіне дене қызуы 40 градусқа көтерілді" деген уәжін білдірді.
Мәселенің мәнісін білу мақсатында Қазалы аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Ерболат Мұхашевқа хабарласқанымызда ауданда электр желілерінің 75 проценттейіне жаңарту қажет екендігін білдік. Жарықты жеткізетін бағаналар мен сымдардың тозығы жеткендіктен оларды толық жаңартуды тиісті орындарға ұсынуда екен. Себебі тапсырыс көлеміне қарай бөлінген қаражатқа электр желісін жартылай жаңартып, жөндегенмен қолайсыз ауа-райы кезінде қайта істен шығады. Желінің көбі әбден тозғандықтан, оларды толық ауыстырып, реконструкциядан өткізу яки модернизация жасау керек. Дей тұрғанмен бұл қомақты қаржыға келіп тіреледі. Ал күрмеулі түйінді уақытылы шешпесе, іс насырға шабуы ғажап емес.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА