Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаңтар қасіреті

Қаңтар қасіреті

Бәрі әдеттегідей жаңа жыл мерекесін тойлап, кәнігі тіршілігін жалғастырып жатқан. Қаңтардың 2-сі күні халық назары Жаңаөзенге қарай ауды. Сол күні жүздеген адам сұйылтылған газ бағасының 60-тан 120 теңгеге бір-ақ көтерілгеніне наразылық танытып, көшеге шықты. Олар жергілікті әкімдік маңындағы көшелерді жауып, газ бағасын 50 теңгеге дейін түсіруді талап етті. Осы күні Маңғыстау облысының басқа аудандары да әдепкі толқынға қосылып, наразылықты одан әрі өршітті. Кейін билік өкілдері халық талабы орындалатынына уәде бергенімен бұл жиналған жұртты тарата алмады. Елдің ендігі талабы үкіметті отставкаға жіберіп, қымбатшылықты жоюға бағытталды. Митинг басқа ірі қалаларда жалғасып, арты қанды қырғынға ұласты. Бірер күн бұрын тарихта «Қаңтар оқиғасы» деген атпен таңбаланған көтеріліске жыл да толды.
Қырғын қалай басталды?
Алғашқы дүмпу Жаңаөзенде басталғанын айттық. 3 қаңтарда қаладағы қарсылыққа шыққандар саны 3 мыңнан асты. Халықтың ашуын басу үшін Маңғыстау облысының әкімі келген еді, қуып жіберді. Мұны естіп-біліп отырған Ақтөбе, Шымкент, Алматы мен елорда қаласының тұрғындары да орталық алаңға беттей бастады. Келесі күні басқа да облыстар жаңаөзендіктерді қолдап шықты. Ал полицейлер шеру өтетін алаңдарды қоршап, белсенділерді ұстай бастады.
5 қаңтарға қараған түні Алматыда жиналғандар Республика алаңына келгенде полиция көзден жас ағызатын газ, шулы граната, резеңке оқ атты. Алаң маңында полиция көліктері өртенді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарға қараған түні Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады. Сондай-ақ таңертең Президент үкіметтің отставкасын қабылдады.
Түс ауа Алматыда атыс басталып, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігі ғимаратына басып кірді. Прокуратура ғимараты да бүлінді. Ақтөбеде де жұрт әкімдікке басып кірмек болды. Бүкіл елде төтенше жағдай жарияланды. Белгісіз адамдар Республика маңындағы телеарналар орналасқан ғимаратқа да басып кіріп, кәсіби техникаларды қиратты. Мемлекет басшысы елден кетпейтінін, ел астанасында болатынын айтты. Сонымен бірге Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алатынын жариялады.
Осы күні кешке белгісіз адамдар Алматы әуежайына басып кіріп, бүлік бастағаны хабарланды.
Келесі күні, әсіресе, Алматыда мородерлік әрекет көп тіркелді. Олар жергілікті жердегі банк, сауда орындары мен ірі кәсіпкерлік нысандарды жаппай тонай бастады. Қалалардағы әкімдіктер мен мекемелер өртке оранды. Елдің көптеген қалаларында адам шығыны болғаны анықталды.
7 қаңтарда билік елде конституциялық тәртіп орнағанын мәлімдеді. Алайда интернет өшірліп, контртерористік операция жалғасатыны айтылды.
Ертесіне Ұлттық Қауіпсізідк Комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен тергеу изоляторына қамалды. Ал бұл кезде Жаңаөзен және Ақтау қаласында наразылар тарай бастады. Бұл екі қалада ешқандай ғимаратқа шабуыл жасалмады. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай өз сұхбатында өңір жастарының арандатушылыққа ермегенін атап өтті.
– Жиналған халықтың ашу-ызасын теріс пиғылда пайдаланып кетушілер болды деп есептеймін. Ол жерден нөмір тақпаған көліктерді де кездестірдік. Беймәлім адамдарды да көрдік. Сол кезде біз қоғамдық штаб құрдық. Осы алаңға келген азаматтардың ішінде қандай мекеме ұжымдары бар, олардың топбасшылары кім деген сияқты анықтау жұмысын ұйымдастырдық. Енді бұл жер қазақи өңір болғаннан кейін, ағайын-туыстық қарым-қатынас жақсы рөл ойнады. Жеке танымасақ та, жүзі таныс адамға мәселені түсіндіруге жақсы мүмкіндік болды, – деді Аят Сүгірбай.

9 қаңтарда ІІМ елде ұсталғандан саны 5969 адам болғанын хабарлады. Оның ішінде 133 адам "аса ауыр қылмыс жасады" деген күдікпен изоляторға қамалғаны, 516 адам әкімшілік қамауға алынғаны айтылды. Ал 10 қаңтарда елде жалпыұлттық аза тұту күні болды. Ол күні туыстарын жоғалтқандар мәйітхана мен аурухана алдында, полиция ғимаратында кезекте тұрды.
Аудандағы аура
Қаңтар оқиғасы облыс орталығы Қызылорда қаласын да айналып өтпеді. Мыңдаған тұрғын орталық алаңға жиналып, арты тәртіпсіздікке ұласты. Жиналғандар әкімдікке басып кіруге әрекет жасап, бірнеше мекеме ғимаратына өрт қойды. Жаппай наразылыққа аудандар да үн қосты.
Қазалы ауданында да жастар орталық алаңға жиылды. Жергілікті атқамінерлердің алдында халықтың талабын жеткізіп, ұсыныстарын айтқан белсенді азаматтар көзге түсті. Бұдан кейін «Ақарық» каналының жанында қазалылықтар бас қосты. Мұнда да аудандағы кейбір әділетсіздіктер жайында сөз қозғалып, қымбатшылықты еңсеруге байланысты жұмыстар сыналды.
Қазалылықтар вогзал маңындағы теміржолды жапты. Қала мен кент арасындағы қозғалысты тоқтатты. Ауданға кіре берістегі блок-постқа қолдау білдіріп, сырттан келген көліктерді тексеруге, бүлікшілердің тыныштықты бұзуына жол бермеуге тырысты. Бір топ жастар вогзалда тұрып қалған екі бірдей жолаушылар пойызына ыстық тамақ таратып, керек-жарақпен қамтыды. 900-ден астам жолаушы бірнеше күн бойы қазалылықтардың қамқор қолында болды. Мұндағы елдің амандығын, тыныштығын алдыңғы орынға қойған жұрттың Қаңтар оқиғасындағы мығым ауызбіршілігі осылай сыналды.
Салқын оқиға салдары
Бірер апта бұрын ҚР Бас прокуратурасы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қайтыс болған азаматтардың нақты санын жария етті.
– Әлеуметтік желілерде қаңтар оқиғасында қаза болған азаматтардың санына сенімсіздік танытқан жазбалар жарияланды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 238 азамат қайтыс болды деп ресми түрде мәлімдейміз. Әрбір өлім фактісі бойынша тергеу органдары сотқа дейінгі істі тіркеді. Қаза тапқандар туралы біздің дерек сенімді, жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қайта тексерілді. Осы орайда жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік барын еске саламын, – деді ҚР Бас прокуратурасы 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Сондай-ақ, аталған ведомство өкілі адам шығынынан бөлек, нысандар мен мекемелерге залал келгенін айтты.
– Жаппай тәртіпсіздіктер болған қалаларда 1 466 ғимарат пен мекеме қирады. Оның ішінде 1 395 бизнес нысаны және 71 мемлекеттік мекеме. Атап айтар болсақ, 5 қаңтар сағат 6.00-ден 23.00 аралығында Алматыда қала әкімдігіне, резиденцияға, әуежайға, «Хабар», «Қазақстан», «Мир 24» телеарналарының кеңселеріне шабуыл жасалды. Сонымен қатар құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы ғимараты қиратылды, – деді Е.Қилымжанов.
23 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты.
Президент өз сөзінде қираған ғимараттарды қалпына келтіруге болғанымен, Қантардың жазықсыз құрбандарының өмірін қайтару мүмкін емесін айтты. Әрбір қазақстандық қаза тапқандарды еске алып қана қоймай, елдегі бейбітшілікті сақтауға міндетті екенін еске салды.
«Бәрін өзгерткен Қаңтар»
Бірер күн бұрын Jibek Joly телеарнасында ҚР Президентінің телерадиокешені түсірген «Бәрін өзгерткен Қаңтар» (Қаңтар, который всё изменил) атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Деректі фильм авторлары қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қарақшылардың арам ойы неге іске аспай қалды, қорқыныш аурасы, хаос және шарасыздық туралы баяндаған.
Фильмнің басты кейіпкерлері – бұзақылық кезінде елді қорғаған қазақстандықтар. Қарапайым азаматтар туып-өскен атамекенін қорғап жүріп ерлік көрсетті. Сондай-ақ, деректі фильмде Қаңтар оқиғасына қатысты бұрын-соңды айтылмаған фактілер мен қатысушылардан алынған эксклюзивті сұхбаттар ұсынылған.
Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істер әлі де қаралып жатыр. Кейбір қатысушыларға Мемлекет басшысы рақымшылық жасады.
Кімге кешірім жасалды?
Қаңтар оқиғасына қатысқан 1 089 адам рақымшылыққа ілікті. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасынан мәлім етті. Осы жылдың 3 қарашасында Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты «Рақымшылық туралы» ҚР Заңының ережелері күшіне енді. Қазіргі уақытта рақымшылық 1 089 тұлғаға қатысты қолданылды. Оның ішінде орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған 8 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тергеу сатысында тұр. Соттар 9 тұлғаға қатысты қылмыстық істі тоқтатып, 981 сотталушының жаза мерзімін қысқартты. Заң қолданысқа енген сәттен бері түрмеден рақымшылық актісін қолдану арқылы 31 тұлға босап шықты.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасына қатысқан 1 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалғаны туралы хабарланған еді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
05 қаңтар 2023 ж. 369 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930