Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал ас анадан

Адал ас анадан

Жақсылығы мен жамандығы, қызығы мен шыжығы қатар жүретін, атам қазақ қамшының сабына теңейтін ғибратқа толы қысқа ғұмырда адам баласының ақылына сыймайтын тұсы да жетерлік. Садақа асы үстінде көпшілік арасында мынадай әңгіме айтылды.
Телеарна жаңалықтары, әлеуметтік желілердің пайдалы тұстарына қоса төбе шашты тік тұрғызатын даурықпаларына бүгінде елдің еті үйренгені соншалық, ештеңеге таңғала бермейтін болдық. Жастардың жаңа өмірге қадам басқан үйлену тойы, қыз ұзату, құда шақыру, ара-тұра болмаса арақ-шарапсыз өте қоймайтын сондай тойлардың бірінен жас келіншек ішімдікке сылқия тойып оралыпты. Сол да жаңалық болып па дерсіз, бірақ мәселенің мән-жайы соған тіреліп тұр емес пе? Әлгі келіншек ықылық ата отырып баласын емізеді ғой.
Ана сүтіне тойып алған нәресте ұйқыға кетіп, жуық арада ояна қоймапты. Уақыт өте береді. Сәбидің алаңсыз ұйқысы ұзаққа созылыпты. Бұл күмәнді көрінген соң үлкендер жағы ақылдаса келе жедел-жәрдем шақырып, дәрігерге көрсетсе, ана сүтінен денесіне жайылған ішімдіктің уыты нәрестенің сағаттап ұйықтауына себеп болған көрінеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, медицина саласына еңбегі сіңген атақты ғалым-зерттеушілердің мәліметінше, ана сүті – қоршаған ортадағы толып жатқан белгілі және белгісіз ауруларға қарсы өмірлік вакцина, екендігін айтады. Мұндай пікірді ғалымдар айтпағанның өзінде, адал ас тұтынған асыл аналардың уызынан нәр алып, нәрлі сүт емген даңқты ата-бабалардың өмір жолдары әлдеқашан дәлелдеп қойған. Психология ғылымы да ананың баланы емізуіне барынша мән береді екен. Олардың айтуынша, ана тамақтануға аса сақтықпен қарап, емізу кезінде сәбиді бар ықыласымен көкірегіне қысып өбектеуі, ана мен балаға ғана түсінікті тілде сөйлеуі, емірене, мейірленуі, иіскеп, сылап-сыйпауы, еркелету баланың физикалық, моральдық рухани жан дүниесінің толыққанды қалыптасуына ықпал ететін көрінеді. Жауапсыздық пен немқұрайлылықтың, ойсыздықтың түр-түрі болатын шығар бірақ, адам затына Құран Кәрім харам еткен ішімдікті жарық дүниеге жаңа келген нәрестеге ана сүті арқылы дарыту әрі ұрпақ тәрбиесі туралы тақырыптың аясына сыйғызудың өзі тым қиын. Ана сүтімен бірге нәрестеге болашағын баянды ететін – имандылық, адамгершілік, ар-ұят, отансүйгіштік, қорыта айтқанда өз әулетінің, елінің де кемел азаматы болып қалыптасуының алтын қазығы болып саналатын жақсылық атаулының баршасы дариды емес пе?! Адал сүт емген ұрпақ көбейсе, қазіргі таңда арнасынан асып, шектен шығып жатқан, халық қазынасына арам қолдарын салған сыбайлас жемқорлыққа, күнделікті жаңалықтан көрсетіп жатқан қолдары қалтырамай қатігездікке баратын кісі өлтірушілікке, нәрестені кез келген жерге тастап жүре беретін безбүйректікке, қазіргі таңда жасырын болмай қалған дарақы даңғазалыққа, мақтансүйгіштік пен ысырапшылдыққа, жалпы қоғамды ілгері бастырмайтын толып жатқан сан мың келеңсіздікке тұсау салынар ма еді?! Қалай айтсақ та, «тәрбие тал бесіктен» дейтін болсақ, сол тал бесікте тербетілген ұрпақтың жарық дүние есігін ашқандағы алғашқы дәмі – ана сүтінің тазалығы бәрінен де маңызды.

Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті
30 қараша 2022 ж. 410 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031