Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайда жүрсің, құлыным?

Қайда жүрсің, құлыным?

Жиырма жылдан бері тату тәтті құраласып тұратын құдайы көршім бар. Шаңырақта Жолдас ақсақал бәйбішесімен тұрады. Қолында төрт ұлдың кенжесі Ерлан қалған. Үш немересі ауласында күндіз-түні асыр салып жүреді. Бірде үйден Оразкүл ананың жанұшыра айқайлаған дауысы естілді. Сөйтсек, бір күн бұрын үйден шығып кеткен үлкен немересі Ермек қайтып оралмаған. Оның үстіне сол сәтте аудандық ішкі істер қызметкерлері іздеп барған көрінеді. Әкесі мен анасы таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан бұл жайсыз жаңалықтан бейхабар. Мазасыз күйге түскен әже бозарып кеткен. Көп ұзамай сол күні түнде бала ата-анасымен қауышты. Ағайын-туыс жабыла жүріп, ауданның сырт жағындағы жұрт «алтын көпір» атап кеткен жерден тапты. Үйден жырақтауына не себеп болғаны белгісіз. Әйтеуір жеткіншек сондай шешімге келген.

Әлеуметтік желіде «Жасөспірім жоғалып кетіпті», «үйінен өз бетімен шығып кеткен», «ата-анасына өкпелеп, кетіп қалған» деген ақпараттан көз сүрінеді. Тіпті, түнгі қалада да түнделетіп жүретіндердің қатарында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жетерлік.
Өткенге оралсақ, бұрын үйдегілердің үлкені айтқан әрбір сөзді балалары бұлжытпай орындайтын. Ал қазір ата-анасынан қарсы сөз естісе қыңырлық танытып, үйден қашып кететін жасөспірімдер көбейді. Бесіктен белі шықпай жатып өзімшілдікке салынатын балалардың басынан сөз асырмауына тәрбиенің тізгінін бос жіберген ата-ананы жазғырамыз ба әлде әдеттегідей кінәні қоғамдық ортадан іздейміз бе? Байыбына барайық.

Тәрбие басы тал бесіктен
Психологтар өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдер арасында үйден кетіп қалуына себеп көп екенін айтады.
– Жеке тәжірибемде көптеген жасөспіріммен жұмыс жасадым. Көптеген балалар ата-анасының көңіл бөлмеуінен жылуды басқа адамдардан іздейді. Енді біреулері үйдегі үлкендердің ұрыс-керісі, ата-анасының жанжалынан, ішімдікке салынған отбасынан қашады. Үшіншілері материалдық жағдайдың соңынан кеткен отбасыларда балалар қараусыз қалады. Ал ондай отбасында ата-аналары балаларының жоғалғанын кеш байқап жатады. Тағы бір ата-аналар балаларын ұнамайтын спорт секцияларына, қосымшаларға беріп қинайды. Сосын үлгерімі дұрыс болмаса аса қаталдық танытып, сабақты күштеп оқытады. Үйдегі осындай қыспақтың соңы да кейбір кездері қашуға ұласады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың үйден қашу себебі өтпелі кезеңде ғашық болу, сезімге ерік беру жағдайлары жиі кездеседі. Көбінесе әлеуметтік желінің құрбанына айналу жағдайлары жиілеп кеткен, – дейді балалар психологы Самал Амангелдіқызы.
Сондай-ақ қазір көптеген отбасыларда балаларды кішкентай күнінен өзімшілдікке үйретеді. Бұл келешекте қарсы тараптан келетін кері байланысқа алып келуі ғажап емес.
– Мысалы, ата-аналармен сөйлескенімде, енді ғана тілі шығып келе жатқан баланың таңдау мүмкіндігін өзіне қалдыратынын байқадым. Бала күнінен өз қалауымен шешім қабылдап, өзі білгенін істеп үйренген балаға өтпелі кезеңде өзінің қалауын жасатпау өте ауыр соққы. Сондықтан балалардың тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды, – дейді білікті маман.
Таңдау мүмкіндігімен бірге ортақ шешімге келу, баламен үнемі шүйіркелесу, жан дүниесіне үңілуге кеңес берген Самал Амангелдіқызы интернеттегі толып жатқан ақыл-кеңеске жүгіне беруге де болмайтынын жеткізді.

Қараусыз қалған құлыншақ
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, әлемде әрбір алты сағат сайын бір бала жоғалады. Мысалы, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың, АҚШ-та 1,5 миллион, Ресейде 20 мыңға жуық бала із-түссіз кеткендердің қатарында екен. Халық саны бұл елдерден әлдеқайда аз бізде де балалар мен жасөспірімдер жоғалып кететін болып жүр. Айталық, былтыр кәмелет жасқа толмағандарға байланысты 328 іздестіру ісі жүргізілген. Биыл төрт айдың өзінде ғана 82 оқиға тіркелген. Бұлар бала жоғалу туралы «102» каналына тіркелген қоңыраудан бөлек мәліметтер. Әйтпегенде елорданың өзінде былтыр 57, ал биыл 87 бала іс-түссіз жоғалып кеткен. Қарап отырсақ, статистика екі есе өскен.
Бүгінде жасөспірімдердің қашу дерегі тіркелген бойда ішкі істер қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізеді. Уақытында табылмаған жағдайда оларды іздестіру үшін хабар-ошарсыз кеткендер есебінде тіркеп, іздестіру жұмыстарын ары қарай жалғастырады. Сондай-ақ ата-аналарын немесе басқа да заңды өкілдерін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тарту көзделген.
Баланың үйден кетіп қалуы бойынша ата-аналардың арызы тіркелген бойда іздеу шараларына кірісетін аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мархабат Бегалиева жасөспірім табылған соң да жұмыс жалғаса беретінін жеткізді. Айтуынша, бұдан кейін баланың үйден қашу себебін анықтау жұмысы жүргізіледі.
Жуырда кентте тұратын тағы да бір өскіннің үйден жырақтап кеткені туралы хабар жетті. Аудандық ішкі істер қызметкерлері 6-7 сағаттың ішінде табылған баланың көрші үйдің ауласында ұйықтап қалғанын айтады. Демек, құлыншақ ата-ана тарапынан қараусыз қалған. Ал бұл үшін қолданылатын шара да жоқ емес.

«Үйден ұзайтын ұл балалар»
Психолог мамандар осылай дейді. Олар көптеген тіркелген деректердің соңынан осындай қорытындыға келген.
– Үйден қашатын жасөспірімдердің қатарында ұл балалар көп. Өйткені олар қыздарға қарағанда өздерін батылырақ сезінеді. Бірақ бұл қате ұғым. Өзім білемге салынатын қыз балалар да баршылық. Олардың дені әлеуметтік желі арқылы бір көрген адамның соңынан ілесіп кеткісі келеді. Сол үшін біз ата-аналарға балалар ұялы телефонда не көріп, қандай тәрбие алып жатқанын қадағалауды айрықша сұраймыз. Әрбір ата-ананың бақыты – бала. Сондықтан болашағына алаңдайтын жандар мұндай маңызды мәселелерге бейжай қарамауы қажет, – дейді
Сөзін түйіндеген мамандар балалардың қашу себебін ата-ана өздерінен іздесе екен деген тілегін жеткізді. Өйткені тәрбиенің басы тал бесіктен басталады. Өсіп келе жатқан өскіннің қателікке жол беруі түсінікті, ал сол қателікті қайталамау үшін де үлкендер дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруі керек. Қазақ «алдыңғы арбаның дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сол жақа бұрылатынын» қалай біліп айтқан дерсің осындайда.
«Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін». Бұл әрбір ата-ананың бауыр еті баласына деген шын тілегі. Көзінің ағы мен қарасы, үкілеп өсіріп отырған ұл-қызынан айырылудан асқан ата-ана үшін ауыр трагедия жоқ. Сондықтан қадағалауды қаперден шығармау қажет.

Абзал БАҚЫТҰЛЫ
20 қыркүйек 2022 ж. 232 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031