Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет»

Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан, бұл жұмыс өз жалғасын табады.
Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек.
Тағы бір маңызды мәселе – әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажет. Бұл саладағы ахуал жақсарып келе жатыр. Дегенмен, оның көлемін арттыра түсуге мол мүмкіндігіміз бар. Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім.
Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болады.
Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жеткізу аса жоғары сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі саналады. Сондықтан біз әуе хабтарын белсенді түрде дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Сонымен қатар экспресс-жүк тасымалдау саласын ретке келтіру қажет. Бұл қадам тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін керек.
Қазір бүкіл әлемде пилотсыз жүк тасымалдайтын арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты көлік түрлері дамып жатыр. Үкімет осындай технологиялардың тез арада қолданысқа енгізілуіне барынша жағдай жасауы қажет. Соның ішінде, тиісті құқықтық актілер қабылдауы керек.
Жалпы, мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет.
Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ, негізгі жауапкершілік – Үкіметте. Тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз».
t.me/aqorda_resmi