Жарқ етіп сөнген нұрлы үміт
Көп ішінен өзінің елгезек болмысымен, сыпайылығымен дараланып тұратын Бексұлтанды бала күнінен танитынбыз. Көрші тұрдық, кейін жұмыс барысында жиі кездесетінбіз. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, уызына жарыған, тәлім-тәрбиеге қанып өскен, жүрегі мейірімге, көңілі нұрға толы жан болатын.
Амал нешік, қапияда кетті. Тіпті бүгінде оның арамыздан алыстағанына 1 жылға жуық уақыт болғанында күйкі тірлікпен жүргенде аңғармай да қалыппыз. Әкесі Шынтас ішкі істер саласынан абыройлы қызметпен зейнеткерлікке шықса да, үнемі айналасына қамқор кейіппен қарап, жұрттың балалары секілді танауын көтермей өсті.
Жалпы жас өмірдің ерте қиылғаны жанға батады. Мейлі ол қандай болсын. Тентек те, елгезек те, жақсы да, жаман да.
Әлгі қиылған жас өмірдің сыйласса сыпайы, кісілігі бар кішіпейіл, жастығына тән еркелігі, алғаусыз ақкөңілдігі болса қандай қиын?!
Бексұлтанның бойынан осының бәрі табылатын.
Оның мектепке барғаны, бастауыш бітіргені, түлек болып тәмамдағаны, күні кеше оқу бітіріп жұмысқа орналасқаны көз алдымызда қыздың қос бұрымындай өрілді. Үй арасы жақын қоңсылас көрші болғасын ба, өзгелер секілді тентек ағаларынан алшақтамай құлдыраңдап келіп құшақтайтын. Жақын тартатын. Адаммен жуыса да, достаса білетін.
«Ағажан, қалайсыз?!»
Бексұлтан әңгімесін ылғи осылай бастайтын. Соған ауыл-аймақтағы әріптестері мейірлене қарап, марқайып қалатын.
Қателеспесем, оқу бітіріп келгеннен біршама уақыттан кейін құжаттама бөліміне қызметке орналасты. Былай айтқанда кадр бөлімінің қым-қиғаш жұмысы, көзге көріне бермейтін орын. Ауыс-түйістер, мемлекеттік қызметшілердің әдебі, тағы басқаларын бақылайды. Әлгі жетекші маман, бас маман, орынбасарлық секілді ішкі конкурстардың да өткізілуін аталмыш сала ұйымдастырады.
Айтайын дегенім, осы саланың жігіттерінің бір ерекшелігі өте мәдениетті, сыпайы болып келеді. Әйтеуір өзімізге солай. Көбіне көп редакция қызметкерлерін ішкі конкурстарға «сыпайы саланың» сергек жігіттері ұдайы телефонмен шақырып отырады.
Тіпті кейде конкурстардың жиі өткенінен телефонға жауап бере алмайтын тұстар да болып қалатын. Іштегі қызметкерлердің әр жерге бөлініп кетуінен адам жібере алмайтын уақыт та кездесетін.
Кейде сондай шым-шытырық кезеңде Бексұлтан звондап: «Ағажан, қалайсың? Үй-іші, көкемдер қалай?» деп емін-еркін еркелейтін. Ол звондағаннан “Аййй, ішің кепкір-ай, қайбір іздеп жатырсың. Конкурсқа байқаушы болуға адам іздеп жатырсың-ау!” – деп күшенсең, «Ағажан, өзің келіп кетші?» деп қиылатын.
Ал содан кейін өзі еркелей тұрып ағалап, өзі сыпайы ғана сары майдай ерітіп тұрған інінің өтінішін қалай қиып кетесің?!
Жалпы аспан әлемінде бүкіл жұлдыздан бұрын жанып, бүкіл жұлдыздан ерте сөнетін «Өмірзая» деген жұлдыз болады екен. Сол көптің ішінде өмірзаядай жарқ етіп сөнген жасындай осынау елгезек жігітті еміренбей еске алмау мүмкін емес.
Тас түскен жеріне ауыр. Тек артында ботасын іздеген бозінгендей боздап қалған ата-анасына, ата-әжесіне Алла сабыр берсін. Құлдырыңдап өсіп келе жатқан қос құлыншағы Санжар мен Сезімі ғұмырлы болғай.
Есет ТАБЫНБАЕВ