Бекнұр Қалжанов: Тәртіп – тыныштық кепілі
Теміржол вокзалы қашанда халыққа толы. Перрондағы қарбалас жұрттың бірі жүгін жинап, жолға шығып бара жатса, енді бірі пойыздан түсіп, жақындарымен қауышып мәре-сәре. Бұдан бөлек билет алуға, басқа да қызметтерді пайдалануға келушілердің қатары сиремейді. Осындай көпшілік орында темірдей тәртіп пен тазалықтың болуы аса маңызды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында желілік полиция бөлімшесі жұмыс істейді. Тұрғындардың тыныштығын күзетуге атсалысып жүрген жандардың жұмысы жайында Қазалы желілік полиция бөлімшесінің криминалдық полиция тобының жедел уәкілі, полиция капитаны Бекнұр Қалжановпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Бекнұр Әуесханұлы, бұл аймақта қандай қылмыс жиі орын алады?
– Вокзал маңында ұрлық жасайтындар көп ұсталады. Сонымен қатар қалтасынан аз мөлшерде анаша табылатындарды да жиі қолға түсіреміз. Тексере келе ұсталғандардың басым көпшілігі марихуананы өздері тұтынатын болып шығады.
– Заң бұзушылыққа жол бергендерге қандай шара қолданасыздар?
– Алдымен орын алған қылмыстар бойынша тергеу әрекеті жүреді. Шешім шығарылып, сотқа жолданады немесе екеуара ымыраға келген жағдайда іс қысқарады. Қазіргі таңда біздің ауданда қамауға алатын орын жоқ. Соттың қаулысы шыққаннан кейін кінәлі Жалағаш аудандық полиция бөліміне апарып қамалады. Мас адам вокзал маңында тәртіпсіздік танытып, басқалардың берекетін алса, вокзал ішіндегі кезекші полицияға жеткізіліп, әкімшілік-құқық бұзушылық хаттама толтырылады. Соған сәйкес бес айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мөлшері шамамен он бес мың теңге болады.
– Өткен жылы қанша дерек тіркелді?
– Жалпы 9 қылмыс орын алды. Оның ішіндегі екеуі анашамен ұсталу, біреуі ашық тонау фактісі. Бұдан бөлек ұрлық жасаған алты адамға тиісті шара көрілді.
– Қылмысты болдырмау үшін қандай іс-әркеттер жүргізілуде?
– Қазалы станциясы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен ҚР ІІМ-нің Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының басты міндеттерін орындау және жүзеге асыру мақсатында, Қазалы станциясының темір жол қызметкерлерімен кездесу жұмыстары өткізілуде. Бүгінде бағдарлама аясында бөтеннің мүліктерін ұрлауға жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, орын алған қылмыстар бойынша қылмысты дер кезінде ашу мақсатында, әрбір теміржолшының және өзге де адамдардың болған оқиғаға сай уақытылы хабарлауы басты міндет екенін үнемі назарға салып отырамыз.
– Нәтиже қандай?
– Қылмыстың алдын алу және жолын кесуге бағытталған жедел іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында 2021 жылдың 14 желтоқсан күні Қазалы локомотив жөндеу зауытының жұмысшылары А және Е есімді азаматтар мекеменің автокөлігі арқылы мекемеге тиесілі 7-дана автосцепка, 1-дана тяговой хамут, 1-дана поглощающий аппарат темірлерін ұрлап кетіп бара жатқан жерінен ұсталды. ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігіне сай тергеу әрекеті жүргізіліп, мекемеге келген шығын қайтарылды.
Басты міндет – теміржол бойындағы тәртіп пен тыныштықты қатаң сақтау. Осы орайда жүйелі жұмыс жоспары құрылып, үздіксіз іс жүргізілуде.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА