Халықаралық жүйе арқылы жасалған ақша аударымы 21% өскен
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында 8 халықаралық ақша аударымдары жүйесі (Золотая корона, Вестерн Юнион, Юнистрим, Contact, Faster, MoneyGram және басқалар) жұмыс істейді. Бұл туралы Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жүйелер арқылы жіберілген ақша аударымдарының жиынтық көлемі 2021 жылы 1,364 трлн теңгені құраған. Транзакциялар саны – 4,3 млн. 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 21%-ға өскен. Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша аударымдарының көлемі 28,3%-ға артса, шетелден Қазақстанға – 1,2%-ға қысқарды. Ел ішіндегі ақша аударымдарының көлемі 35,4%-ға ұлғайып, 70,4 млрд тенгені құрады.
2021 жылы Қазақстаннан шетелге ХААЖ арқылы жіберілген ақша аударымдарының көлемі 1,010 трлн теңге болды. Шетелге жөнелтілген ақша аударымдарының негізгі үлесі Өзбекстанға (29,5%), Түркияға (20,9%), Ресей Федерациясына (17,5%), Қырғызстанға (14,3%) тиесілі. Шетелден Қазақстанға өткен жылы 283,5 млрд теңге келіп түскен.
Қазақстанға ақша аударымдары негізінен Ресей Федерациясынан (18,7%), Өзбекстаннан (17,6%), Оңтүстік Кореядан (14,0%), Қырғызстаннан (12,0%) және АҚШ-тан (11,8%) болды.
#Ұлттық банк #Ақша аударымдары #ХААЖ #Золотая корона #Вестерн Юнион #Юнистрим #Contact, Faster #MoneyGram