Темір табақ
Қонақ күтуге аса қатты мән беремін. Жасалған салаттардың дұрыстығы мен салынуына, ақ жайма дастарханға, бауырсақтың дұрыс ашып, қомпайып, жұмсақ пісірілгенін де қарап отырамын. Қонағы үзілмейтін анамның бала күнімізден бойымызға сіңірген тәлімі – осы.
Анам ешқашан темір табақпен ет тартпайтын. Үлкен, аппақ фарфор табақтары бар. Қазір астаулар сәнге енді.
Сыйлы қонақ келгенде әдемі күткенге не жетсін?!
Анам ешқашан темір табақпен ет тартпайтын. Үлкен, аппақ фарфор табақтары бар. Қазір астаулар сәнге енді.
Сыйлы қонақ келгенде әдемі күткенге не жетсін?!
Ағам, мал сойып, құда-жекжат шақырды. Жеңгем де шебер ғой. Дастарханы жайнап тұр. Бұл кісілердің де қонағы көп. Әбден машықтанып алған. Жегің келетін салаттың түр-түрі үстел үстінде тұр. Жеңгемнің бауырсағына сөз жетпейді. Ерекше жұмсақ. Алақаныңа салып, сығып қалсаң бүрісіп, қояберсең, қайта керіліп, қомпиып алады. Көп ұзамай ел жиналып, ет те келді.
Алды-астаумен, жастар жағына-фарфор табақтармен тартылды.
Дастарханға сыймай қалған балаларға басқа жерге бөлек жайып, оларға да темір табақпен ет қойды.
Көзіме оттай басылды. Екі-үш жерінің шынысы ұшып, ескірген темір табақ. Апамның ұстаған, қонақ күткен табағы. Жәдігер.
Орнымнан тұрып, балалардың жанына бардым. Бала күнімде, қонақтар отырған дастарханға сыймай қалған бізге дәл осы табақпен ет әкелетін.
Жүрегім дірілдеп, көңілім босады...
Құдды, атам алақанына салып алып, ет асатып жатқандай.
Қазіргі балалар ет жеуші ме еді?!
Етті ысырып тастап, жаймасын асап жатыр. Қасықтары темір табаққа тиген сайын, сүйегімді соққылап жатқандай күй кешем.
Бала-шағаға тарта салатын күң жілік, кіші қабырға, жауырын қамырсыз, жалаңаш табақта қалды. Әлгілер тойып алып, шауып кетті.
Жауырынды алып, мүжи бастадым. Атам үйреткендей, етегін сындырып тастадым.
"Жауырынды таза мүжіп, етегін сындырып тастасаң, жолың ашық болады" – дейтін, марқұм атам.
Сәлден соң шалдардың қызы деп, үлкендерден соң, төрден орын беретін ағаларым, орнымда жоқ мені іздеді.
"Мұның не? Неге мұнда отырсың?" – деді, жетіп келіп. "Ренжітіп алдық па?" – деген қорқыныш бар сияқты жанарында.
Мен бұл кезде, апамның темір табағын сипап, көзім мөлтілдеп отырғанмын.
Ағам да дереу түсіне қойып, маңдайымнан сүйіп, үлкен дастарханға қарай шақырды.
Апамның темір табағын ала кеткім келіп, "Құдалардан ұят па?.." – деп, әрең қиып кеттім...
Бүгінгі ас ерекше дәмді көрінді.
Апамның темір табағынан жеген соң шығар... Самал ШАЙМЕРДЕНОВА