Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аядай жолдың айқайы

Аядай жолдың айқайы

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығына қатынайтын 1 нөмірлі маршрут жүйткіп келеді. Іші толы адам. Бірі жұмысқа, бірі вокзалға, енді бірі мектепке, әйтеуір бәрінің мақсаты бар. Көше бойын жағалай тұрған жолаушылар діттеген жерге жетсем болды деп онсызда «аузы-мұрнынан» шығып тұрған көлікке ентелейді. Енді қайтсін кешікпеу керек. «Неге мінгізе бересіңдер, қайда сияды?» деп іштегілер наразылық білдірсе де, жүргізуші жігіт сырттағылардың көңілін қимай тоқтайды. Тоқтамасаң тағы болмайды. «Маршрут алмай, өтіп кетті» деген өкпе-реніш естиді. Тығылысқан халық күбір-күбірді қойып, тыныштала бастағанда артқы жақтан: «больницадан бар» деген дауыс естілді. Бұл жүргізушіге аса ұнай қоймайды. Бірақ амал жоқ, больницаға қарай бұрылуға тура келеді. Тар жол, кедір-бұдыр көше титықтатып бітеді. Алдыңнан көлік кездесіп қалса, тіптен ақырет. Не әрі, не бері кете алмай, қипақтайды да қалады. Әупірімдеп жетіп, жолаушыны түсіріп, үлкен жолға қайта шығып кетудің өзі қиямет-қайыммен пара-пар. Жүргізуші жолдың жайымен әлек болып келе жатқанда, көліктегі көпшілік әрі-бері тербеліп, бірінің аяғы мыжылып, иін тірескен жандар тепе-теңдікті сақтай алмай жаншылып жатады. Бір шақырымға жетпейтін жолдың жайсыздығын айтып тұрғындар талай шағымданса да, бір шешімін таппай қойды. Бізде бұл аядай жерге кім жауапты екенін іздедік.
Алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басшысы Мұрат Әбсұлтановқа хабарласып, «жол жөнделсе» деген көптің тілегін жеткіздік. Алайда бұл мәселе аталған мекеменің құзырында болмай шықты. «Ол аудандық аурухананың шаруашылық балансындағы кірме жол. Маршруттардың жүру кестесінде жоқ. Халыққа қажеттілік туындаған соң өтініш айтып кіргізіп отырмыз. Алдағы уақытта ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз мүмкін», – деді мекеме басшысы. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері бұл сұрағымызға «Жоқ, мен жол жөндемеймін ғой» деп қысқа қайырды. Жұмбақ болған жолдың жайын анықтау мақсатында кент әкімдігіне қоңырау шалғанымызда олар: «Ол Қазалы қаласына қарайды», ал қала әкімшілігіндегілер «Біздің баланста емес, тіпті территорияға кірмейді», – деді. Сонымен бұл кімге қарасты мәселе? Басшылық тарап менікі емес, сенікі деп айтысып отыра бере ме? Қара халық пен жүргізушілердің назына кім құлақ түреді? Осындай олқылықтар бұқара мен билік арасына сызат түсірмей қоймасы анық.
– Техника болған соң бұзылады, жөнделеді. Дегенмен жолдың жайсыздығы екі есе күш салып тұр. Кейде табысымыз көлікте пайда болған ақауды қалпына келтіруге кетеді. Бізде нәпақа тауып, отбасы асырап отырған жандармыз. Жолдың нашарлығынан кешігіп те қаламыз. Оны халық дұрыс түсінбей, реніш білдіріп жатады, – дейді бір емес, бірнеше көлік жүргізуші.
Бұл мәселеде зардап шегуші ауруханаға қатынайтын тұрғындар мен маршрут жүргізушілері. Адамдардың ақысын төлеген соң қоғамдық көлікпен аурухана алдына дейін баруды талап етуі заңдылық. Жүру кестесінде жоқ деп бұрылмай кетсе, қоғамдық көлік иелерінде кінәлау орынсыз. Жүргізушілерді қынжылтатыны кестеде жоқтығы емес, жолдың жайсыздығы. Не болса да өгіз өлмейтін, арба сынбайтын әрекет жасау биліктегілердің қолында. Аядай жолдың айқайы аяқталатынына сенеміз.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
15 қаңтар 2022 ж. 755 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 67

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930