Салықтан босату сақтала ма?
Әлемді дүр сілкіндірген пандемия қай салаға болмасын зиянын тигізді. Соның ішінде кәсібін дөңгелетіп нәпақа тауып отырғандарды табысынан айырды. Ал бұған дер кезінде шешім табылып, Мемлекет басшысы оларды тексеруге мораторий жариялап, 3 жыл салықтан босатты. Яғни кәсіпкерлерге қайтадан аяққа тұруға мүмкіндік туды. Бірақ жуырда Қаржы министрлігі микро және шағын бизнесті тексеруге мораторийді алып тастауды сұрап отыр. Олардың айтуынша, 2020 жылдан бері осыны пайдаланып салықтан жалтарушылар көбейген. Одан бөлек тексеруді күшейтіп, бюджетті толтыруға болады екен. Бизнесті тексеруге мораторий алып тастала ма? Пандемия әлсіретіп кеткен кәсіпкерлерге бұл жығылғанға жұдырық болып тимей ме? Қаржы министрлігінің талпынысын қолдамай отырғандар көп. Осы туралы тараптар мен сарапшылардың өз айтары бар.
Кіріс тірнектеп келеді
Заң күшіне енген күннен бастап, кәсіпкерлердің есігін ешкім бейберекетсіз қағып, тексере алмайды. Тапқан табысына артық айып тақпайды. Дей тұрғанмен, мұны пайдаланып шеттен шыққандар да жоқ емес.
Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында Ұлттық қордың ресурсы шексіз емес екенін еске салып, бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау туралы тапсырма бергені есте. Ал бұған пайда әкелетін мүмкіндіктер елімізде шектеулі. Қаржылық жағдай онсыз да қиындап келе жатқан мұндай уақытта кез келген кіріс көзін қарастырған абзал. Сондықтан да болар оның бір жолы ретінде Қаржы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді алып тастауды өтінді. Олай деуге негіз жоқ емес. Өйткені елдегі кей кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдаған.
– 2020 жылдан бастап енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий бизнес қауымдастығының кассалық тәртібін нашарлатып жіберді. «Егер, мораторийді алып тастауға рұқсат берілсе, бұл Мемлекеттік кірістер комитетіне салықтан қасақана жалтарушыларды анықтауға мүмкіндік берер еді. Әзірге мұндай шешімнің қабылдану-қабылданбауы белгісіз. Егер қабылданса, осы бағыттағы шаралар кешенінің жемісті болуына үлкен ықпал етер етпекші. Кәсіпкерлер салықты аз төлеу үшін шынайы табысын жасырады. Көп ретте кассалық чек бермейді. Әуелгіде осындай жеңілдіктер жасалған кезде кәсіпкерлер көлеңкеден шығып, өздерінің шынайы табыстарын көрсететін болады деп күтілген болатын. Бірақ олай болмай шықты. Жыл басынан бері бізге қазақстандықтардан зат сатып алған кезде чек бермегені туралы 19 мың шағым түсті, – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Инкербаев.
Расында олардың ойы мораторий алынып тасталған күннің өзінде де жаппай тексеру жасап, бизнеске кедергі келтіру емес. Мүмкіндігінше цифрлық мәліметтерді пайдаланып, салықтан жалтарғандарды анықтап, хабарлама жіберіп отырмақ екен. Басты мақсат – салық төлеушілердің міндеттерін өз беттерінше орындауға үйрету. Сондықтан да көп жағдайда қашықтан мониторинг жасаумен шектелмек. Оған олардың техникалық мүмкіндіктері жеткілікті көрінеді.
«Атамекен» айыпты болғысы келмейді
Еске салсақ, өткен қыркүйек айының 3-і күні Үкімет отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Жолдау аясында бюджеттің кіріс бөлігін арттыру туралы берген тапсырмасы қаралған болатын. Сол кезде Қаржы министрі осындай ұсыныспен шықты. Содан бері бұл түйткіл бизнес қауымдастық аясында үлкен қоғамдық пікір тудырды. Негізінен мұндай бастаманы Қаржы министрлігі бірнеше рет айтқан еді. Дегенмен ол уақытта олардың негіздемесі әлсіз болды да, қолдау таппады. Атамекендіктер бұл жолы да олардың ұсынысы дұрыс емес деп санайды.
– Бүгінде микро және шағын бизнес өте қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Тексерулер жанданатын болса, бұл олардың жағдайын одан сайын ушықтырып жібермек. Біз Президент Жолдауы бизнеске кедергі келтіруге емес, керісінше оны қолдауға бағытталған деп санаймыз. Онда Үкімет пен әкімдерге бизнесті дамытуға тапсырма берілген. Инвесторлар тарту, салықтық базаны кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру туралы айтылған. Ал бюджеттің кірісін арттырудың екі әдісі бар. Біріншісі – салықтарды механикалық жолмен көтеру, әкімшілік етуді нығайту. Екіншісі – ең қиыны, бизнесті дамытуға стимул беру, сол арқылы салық базасын көбейту. Бұл соншалықты тез жүзеге асып кете қоятын әдіс емес, бірақ ең дұрыс әдіс – осы. Сондықтан да әкімшілік етуді нығайтуға бағытталған мынадай ұсыныстар дұрыс емес деп ойлаймыз. Біз оны айдың басындағы Үкімет отырысында айтқанбыз. Ұлттық кәсіпкерлік палатасы бұл бастаманы қолдамайды, – дейді «Атамекен» ҰКП-ның атқарушы хатшысы Асқар Қасықов.
Маманның айтуынша, бұл ұсыныстың өзі қисынға келмейді. Өйткені микро және шағын бизнестің өзі үш жылға салықтан босатылған. Яғни, есепті 0% ставкамен тапсырады. Сондықтан мораторийді алып тастаған жағдайда олар соншалықты көп салық жинай алмайды.
Шешім шарасыздыққа итермелей ме?
Мамандар Қаржы министрлігі бұл қадамға шарасыздықтан барып отыр деп санайды. Олай дейтініміз, пандемияға байланысты салықты жинау көлемі қатты азайып кеткен. Ал бюджетті ұдайы толтырып отыру қажет екен. Оған қоса мемлекеттік органдардың араны әбден ашылған. Ақшаны алудың бұрын екі жолы болатын. Бірі – Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттерді алу болса, екіншісі – сырттан қарыз тарту. Қазір оның біріншісі алға баспай тұр. Содан да болар Қаржы министрлігі бюджетке ақшаны тірнектеп жинауға кіріскен.
– Мұндай шешім қабылданатыны туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ мәселе мораторийде емес, салықшылардың өздерінде деп санаймын. Өйткені біздің кәсіпкерлер салық төлеуден емес, тексерістен қорқады. Бізге бірінші кезекте салық инспекторларының бизнесмендермен жұмыс істеу мәдениетін көтеру керек. Олар жазалау риторикасымен емес, салық төлеушілердің сауатын арттыру, яғни ағартушылық мақсатпен жұмыс істер болса, кәсіпкерлер олардан қорқуды қояды да, мораторий керек болмай қалады. Тіпті, адамдар салық төлеуге асығып тұрар еді. Сондықтан да бізде айыппұл салу жүйесін жұмсарту қажет. Салық инспекторлары кәсіпкерге ел қазынасын бірге толтырысып жатқан әріптес ретінде қарауы тиіс, – дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Байбына барсақ, еліміздегі мемлекеттік тексеруші органдардың ішінде тексеруге ең көп шығатындар – салық инспекторлары. Анықтаулардың жалпы санының ішіндегі үлесі 25 процент көрінеді. Демек олардың мораторийді алып тастау туралы бастамасы Президенттің ел экономикасы мен бизнесті қолдау саясатын жоққа шығарғанмен бірдей. Пандемия басталғалы еліміздегі кәсіпкерлік нысандарының бірқатары жұмысын тоқтатқан болса, кейбірі мүлдем жабылып қалған. Олар әлі аяққа тұра қойған жоқ.
– Бастапқыда орын жалға алып, дәмхана ашып, бизнес бастадым. Бірақ тексеруші органдардың көптігінен бизнесімнің мақсатын өзгертіп, дәмхананың орнына компьютерлік клуб аштым. Жөндеу жұмыстарын жасап, компьютерлер сатып алу үшін несие алдым. Енді-енді жұмыс бастаған кезімде пандемияға тап болып, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдым. Бірақ несиемді жабуды тоқтатқан жоқпын. Ұзақ уақыт тұрып қалатын болған соң тағы да кәсіпкерлік мақсатын өзгертіп, фаст-фуд сатуға көштім. Әзірге, тек шығындарымды жабуға мүмкіндігім жетіп тұр. Егер қосымша тексеріс шығып, мойныма айыппұл мінетін болса, онда қиналып қалатын ретім бар. Сондықтан мораторийдің алынғанын қолдамаймын, – дейді кәсіпкер Абылай Ахмет.
Қалай болғанда, бизнес қауымдастық Президенттің олардың мүддесін көздеп, мораторийді өзгеріссіз қалдыратынына сенеді. Өйткені қаржы ведомствосының бюджет толтырудағы ұсынысы бір бұл ғана емес. Мәселен, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев квазимемлекеттік сектор компанияларының даму жоспарындағы стратегиялық көрсеткіштеріне қол жеткізбегені үшін, соның ішінде шығындарына жол бергені үшін бірінші басшыларының жауапкершілігін заңнамалық түрде бекітуді ұсынады. Одан басқа заңнамаға тағы да бірқатар түзету енгізуді жоспарлап отыр. Қалай болғанда да, жалпы мораторий қолданыла бастаған 2020 жылдың басынан бері елімізде шағын бизнесті тексеру жеті есеге қысқарғанын ескерсек, бұл шектеу әуелде көзделгендей 2023 жылға дейін сақталуы тиіс секілді. Ал әрі қарай уақыт көрсетер.
А.БАҚЫТҰЛЫ