Қызылордалық көлік жүргізушілер ақылы жолға қарсылық білдіріп, бас көтерді
Қызылорда облысында ақылы жолдың дауы әлі басылмай тұр. Бұған дейін жауапты «Қазавтожол» компаниясы 2013 жылы министрлік бекіткен тариф бағасы көтерілмейді деп уәде берген еді. Алайда сол тарифтен екі есе көп ақы төлеп жүрміз деген қызылордалық жүк көлігінің жүргізушілері бас көтерді. Айтуларынша, қарашаның 23-інен бері жүргізушілер тіпті өздері жүрмеген бағыт үшін де төлем жасауға мәжбүр болған.
Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан Қызылорда қаласына жүк тасымалдап жүрген көлік иелерінің сөзінше, ақылы жол жүргізушілердің әбден қалтасын қаққан. Олар жүрмеген жолымызға ақы төлеп жүрміз деп ашынады. Мәселен, Қызылордадан шығып, Жаңақорған ауданына жетпей орналасқан мынадай камерадан ассақ болды, Түркістанның шекарасына дейінгі жүрмеген 99 шақырым жолдың ақшасын төлетеді екен.
“Каръерден тас тиейміз де, Қызылордаға келеміз. Каръерден бастап есептегенде, 151 шақырым. Соған 20 теңгеден есептесек, 3000 теңге шығады. Ал қазір бізге Қызылордаға келу үшін 5 мың мен 8 мың арасында ақша шығып жатыр”, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Мұхамеджан Ахметов.“Табысымыз 25 мың болса, оның 10-14 мыңын жолға төлеп тұрмыз ғой. Сонда жартысын жолға жіберіп тұрмыз. Қажетті құралдар бар одан бөлек. Бұл тірідей тонау ғой”, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Жамбыл Жәнібекұлы.