Қазығы Ресейде, жазығы Қазақстанда
Соңғы күндері Ресей Федерациясында тіркелген көліктердің мәселесі біраз отандасымызға бас ауру болып жатыр. Бұл мемлекеттік шекарада жатқан Батыс Қазақстан облысы үшін де ерекше өзекті, деп хабарлайды egemen.kz
Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектесетін Батыс Қазақстан облысы аумағында ресейлік нөмірлі автокөліктер өріп жүр. Қазақстандық тіркеудегі көліктермен салыстырғанда арзан әрі жаңалау болғандықтан, халық жиі таңдайды. Батыс Қазақстан облыстық Полиция басқармасының дерегіне қарағанда, соңғы 5 жыл ішінде өңірде автокөлік саны екі есе көбейген. Облыс жолдарына түсетін салмақ та артқан: 2016 жылы 1 млн 391 мың автокөлік жүрсе, биыл тек 10 ай ішінде 3 млн 200 мың автокөлік жолға шыққан.
«Батыс Қазақстан облысы аумағымен өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр салмақты жүк көліктерінің де соңғы бір жыл ішінде үш есе көбейгені байқалды. Ал бұл жолдар техникалық жағынан ені 7 метрден аспайтын 3 дәрежелі жолдар саналады. Жоғарыда айтылған ауыр жүк көліктерінің жылдамдығы қазақстандық жол ережесі бойынша сағатына 70 км-ден аспауы тиіс. Жеңіл көліктер оларды басып озуы үшін жолдың қарсы бетіне шығуына тура келеді. Ал бірнеше жүк көлігі тіркесіп, автоколонна болып келе жатқан тұста мұндай маневр жасау оңай емес. Жол бойындағы апатты жағдай көбіне осындай сәттерде туындайды» дейді жол сақшылары.
8-17 қараша аралығында Батыс Қазақстан облысы аумағында «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Мәліметтерге қарағанда, өңірде соңғы аптаның ішінде 5 жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам жарақат алған екен. Ал соңғы 10 ай ішінде болған 243 жол апатынан 84 адам қаза тапқан! 357 адам түрлі дене жарақатын алған.
Жоғарыда айтқанымыздай, шет мемлекетте тіркелген, бірақ Батыс Қазақстан облысы аумағында жүрген автокөліктерге қатысты мәселе күн өткен сайын ушығып барады. Мәселен, БҚО-да жыл басынан бері шетелдік тіркеудегі автокөліктердің қатысуымен 89 апат болса, осы оқиғалар кезінде 32 адам өмірден өтіп, 122 адам жарақат алған.
«Қазақстан Ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігімен бірге сараптама жүргізіп, Қазақстан аумағында ресейлік тіркеумен жүрген автокөліктердің сақтандыру құжатын тексерген болатын. Нәтижесінде 88 мың автокөліктің Ресей Федерациясы ІІМ есебінде жоқ екендігі анықталған! Яғни бұл көліктер тәртіпке сай тіркелмеген немесе оны сатқан ресейлік азаматтар жеркілікті тіркеуден алып тастаған. Ал біздің Қазақстан Республикасының заңдары бойынша, тәртіпке сай тіркелмеген автокөліктердің жол қозғалысына қатысуына тиым салынады» деген болатын БҚО Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Сәкен Шайхиев.
Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – ресейлік нөмірлі автокөліктерді сатып аларда жергілікті полиция бөлімдеріне хабарласып, көліктің тарихын тексеру қажет.
Ресей құқық қорғаушыларының мәліметіне қарағанда, ол елден Қазақстан аумағына өткен 606 автокөлікке іздеу салынған екен. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында 48 автокөлікке қатысты қылмыстық іздеу жарияланған. Қазіргі таңда соның 11-і табылып, айып тұрағына қойылыпты.