Дәрігер COVID-19-дан кейін иіс сезуді қалай қалпына келтіруге болатынын айтты
COVID-19-дан кейін иіс сезуді қалай қалпына келтіруге болатынын ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Дәрігер иіс пен дәмнің жоғалуы коронавирус инфекциясының алғашқы белгілерінің бірі екенін айтты. Ләззат Ералиева кейбір адамда иіс сезу мен дәм сезу ауру жазылғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қалпына келсе, ал біреулерде бір аптадан кейін, тіпті ұзақ уақыт қалпына келмейтін адамдар да бар екенін айтты.
"Бәрі қалпына келе ме, жоқ па, бұл зақымдану деңгейіне байланысты. Яғни, вирус мұрынның шырышты қабаттарына ғана әсер етсе, онда ісіну жойылғаннан кейін иіс сезу қабілеті оралады. Бірақ вирус бас сүйегінің торлы сүйегі арқылы иістерді танитын ми қыртысының аймағына тікелей енсе немесе жүйке импульсін беруге жауап беретін жүйке жасушалары зақымданса, онда, өкінішке қарай, иістерді немесе дәмді сезбеу ұзақ уақыт, кейде бірнеше айға дейін қалпына келмеуі мүмкін", - деді Ләззат Ералиева.
Ол аурудың өткір кезеңінде мұрынды тұзды ерітіндімен жуып, мұрынға тамызатын Називин, Нафазолин, Тизин сияқты ерітінділерді 5-7 күн қолдануға кеңес берді.
"Ұзақ уақыт бойы иіс сезуі жоғалған адамдарға дәм мен иіс сезу функциялары бойынша жаттығулар қажет. Дәріханадан, хош иісті дүкендерден насыбайгүл, лимон, эвкалипт, жалбыз, сарымсақ, қалампыр секілді хош иісті май тамшыларын сатып алуға болады. Күніне 5-6 рет, 15-20 секундтан иіскесеңіз иіс сезу қалпына келеді. Бұл иіс сезу жаттығуы деп аталады. Осылайша біз есте сақтауды қалпына келтіріп, миымыз жаңа нейрондық байланыстар жасай бастайды", - деді ол.
Ләззат Ералиева, сонымен қатар, неврологиялық патологияны жоққа шығару үшін невропатолог пен ЛОР дәрігерінің кеңесі қажет екенін айтты.