Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Киелі ене мектебі, талай келін көктеді

Киелі ене мектебі, талай келін көктеді

Туыстық қатынастағы ене мен келін, олардың арақатынасы туралы тақырып мәңгілік. Осы «мектептен» түлеп, талай ұрпақтың сабақтастығын түзуге атсалысқан аналарымыз тәрбиенің тәлімді жолымен ұлтты туралықтан тайдырмады. Ал бүгінде бұл екі түрлі мінездің бір арнаға тоғысуы оңай күшті қажет етпейтінін көрсетті. Отбасы институтын құрайтын осы қостағандықтың қазіргі көрінісі қандай? Ой жүгіртпекке бекіндік. Пікір алаңына салынған бұл тақырып талқылауы қызу болды. Ұғынғанымыз, қатысушылардың дені өз пікірлерін ашық айтқанымен, әулеттік жүйеге құрылған дәстүрлі танымға сай, өз есімдерін толық көрсетпеуімізді өтінді.


Уақыт өз орнына қояды
Ақерке Айбекқызы:
– Екінші яки өз жұртыма келгеніме жиырма жылға жуық болды. Біз шаңырақ құрған кезде елдің жағдайы да қиын еді. Аулада шағын той жасап, бірнеше адам киіп, әбден сарғайған, өзіме мүлде ұнамайтын көйлекті кидім. Сол жағдайдан бастап, маған қайын жұртымның көзқарасы дұрыс емес деген ойда болдым. Оған себеп те жоқ емес болатын. Тұрмыс құрған соң айлық жалақыны бір теңгесін алып қалмай, енеге ұстату, қайынсіңлі, қайынапа, абысындардың бітпес, ақылға сыймайтын әрекеті әбден титықтатты. Талай рет өмірден баз кешкенім бар. Күйеуіме айтсам «Енді өзі солай болады ғой» дейтін де бейтарап қалатын. Бір жағынан, сол мінезі де дұрыс болды ма деп ойлаймын. Егер менің сөзімді сөйлеп, айтқаныммен жүрсе, жағдай не боларын білмеймін.
Қазір қарашаңырақтағы құрметті келіннің бірімін. Кейіннен енем жасы ұлғайған соң үйдегі қаржының барлығын менің қолыма табыстады. Алғашында қобалжығаныммен, көргенімді жасап, ары қарай қалыпты тіршілікті жалғап кеттім. Мамам (енем) де алғысын айтып, ақ батасын беріп отырады. Жаман болған жоқпын, өсіп-өнудеміз. Түсінгенім, барлығына төзімділік таныта білу керек. Уақыт өз орнына қояды екен.

Ақымақтығымды кеш түсіндім
Айкерім Үсенова:
– Енем өте қатал кісі болды. Тіпті қайынжұртымдағы кейбір адаммен араласқанымызды да қаламайтын. Мен қарсы шыққан адамдарға керісінше барымды беріп, одан сайын жақын болуға тырыстым. Үш перзентімді енем бағып-өсірді. Бір жасқа жетер-жетпестен арғысын әжелерінің шаруасы санап, жұмысқа шығып кететінмін. Кейде «балалар ауырып жатыр, еретерек қайт» десе, өзі жұмыс істемеген соң, қызметтік жауапкершілікті білмейтін болар, оның үстіне балалар соның ұрпағы ғой деп іштей қынжылыс білдіретінмін. Тағы бір есімде қалғаны, «балаға киім алып берме» дегенді жиі айтатын. «Өзім ақша тауып отырмын, кішкентайлар не балабақшаға барып жатқан жоқ, киім алып берме дегені қалай?» деп ызаланатынмын.
Енем екі жыл бұрын өмірден өтті. Сол күннен бастап оның қандай кемеңгер адам болғанын ұғынып, сондай жанға неге лайықты қызмет көрсете алмағаныма өкіндім. «Қарты бар үйде қазына бар» деген рас екен. Атамнан ерте айырылған ол үш перзентін қандай тәрбиелі қылып өсіріп, қатарға қосып, жоғары білім алып, дұрыс жолға салған. Қазір есіктен ешкім аттамайды. Менің енем барда көрсеткен мінезім көбінің есінде қалып қойса керек. Төртінші перзентім екі жасқа жақындады. Менде жұмысқа шығатын мүмкіндік жоқ. Шықпасқа тағы болмайды. Бір кезде өзім барды тасынған абысындарым бір мезгіл қарап беруге өтініш жасасам, жақтырмай қарайды. Бұрынғыдай жаңа киімді ретсіз балаларыма алып берген қаржыны қазір үнемдеп, үйдің басқа кем-кетігіне жұмсауды үйрендім. Бала тез өсіп кетеді екен. Бір-бірінің таза киімдерін кисе, ештеңеден қалмайтынын білдім. Енемді осынша сағынамын деп ойламаппын. Ақымақтығымды кеш түсіндім. Қыздар, қолда бар алтынның қадірін біліңдер. Енелеріңді тыңдаңдар, балаларыңа қараңдар. Олар үшін берілген несібені бейберекет шашпаңдар.

Шамадан тыс жауапкершілік жүктеудің қажеті жоқ
Сайраш Тағыбергенқызы:
– Көтеріп отырғандарың ең маңызды тақырып. Келін болдым, өзім қазір жеті келінді қолға түсірген енемін. Жастай тұрмыс құрып, үлкен өмірге ерте араластық. Үйде екі енем болды. Өз енем енесінен таяқ жегенін жиі айтып отыратын. Менің енем мені таяқтаған жоқ. Бірақ ширатып, шиыршық аттыруға жететін шеберлігі бар адуынды әйел болатын. Ұзақ уақыт түні бойы жылап жүретінмін. Бұл сынақты еңсеруіме абысындарым мен көршілерім көп көмегін тиігізді. Бұл екі анамыздан көп нәрсе үйрендім. Үлкен енем ырым-тыйым дегенді қатты ұстанатын. Кейде күлетінбіз. Қазір қарап отырсам, үлкендікі ұлағат екен. Өз келіндеріме де сол тәрбиені барынша көрсетуге тырысамын.
Айтарым, бүгін түскен келінді енесі жамандайтын, енені келіні жамандайтын, сосын үйдегі болғанды қызы шешесіне айтып, құдағайлар ренжісетін жағдайды жиі көріп жүрміз. Жаңа түскен келін жас ағаш сияқты. Оған шамадан тыс жауапкершілік жүктеп, талап қоюдың қажеті жоқ. «Сепкен ақыл не болсын, біткен ақыл болмаса» дейтін әжеміз. Сол сияқты ақылы бар бала жан-жағын бажайлап, тіршілікке өзі ұмтылады. Келіндерімнің істеген ісіне араласпаймын. Азық-түлік сататын дүкеніміз бар. Келіндерім басында шашып-төгіп, ақысынан желініп, біраз әуреге салды. Көріп отырып, көрмеген кейіп танытып, мүмкіндік беремін. Содан кейін аналар да қыздарына «өз мәселеңді өзің шеш, бізді ­араластырма» деген түсінікті қалыптастырғаны жөн. Келін мен баланың арасындағы болмашы ұрыс-керістің кесірінен екі тарап бір-бірімен жауласып жатады.

Келінге күлкіміз
Айбибі Мақатаева:
– Анам жастайымнан «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді дегенді үйреткен. Енемнің не атамның алдын кесіп өткен жоқпын. Қайын жұртыма, айналадағы ағайынға да барынша қызмет етуге ұмтылдым. Ел сыйлайтын, түскен ауылымның туған қызындай болып кеттім. Барлық бейнетке соңында зейнеті болады деген үмітпен көндіктім. Алайда ондай құрметті келіндерімнен көре алмай отырмын. Бірде-бір сыйластығы жоқ. Екі келінім де бірінен-бірі өткен. Ақыл айтсам, ауырып қалады. Үлкені қандай жағдай болсын, соңын маған байланыстырып қояды. Оны көрген кіші келінім де қалысар емес. Солардың ығына жығылып, тіпті ойымды айта алмайтын жағдайға жеттім. Кіші келінім қолымда. Жаңа дүние, үйге бір нәрсе алып келсем, түк қызығушылық танытпайды. Балаларға ойыншыққа бере салады. Аулада бау-бақша, үй құстары бар. Бақшадағы жеміс-жидектен тосап, шырын, жұмыртқадан тәттілер пісіріп, үйренсін деймін. Бірақ ешқандай ықылас жоқ. Тіпті істеген ісімді мазақ етіп, кейде ашуланып, төгіп тастайды. Немерелеріме дүкеннің дайын өнімдерін береді. Олардың денсаулықтарына алаңдаймын. Келінге келін болып отырған жайымыз бар. Алайда олардың қабағы ашылатын күн болады деп ойламаймын. Тек барынша налымай, Алладан сабыр сұраумен күн өткізіп жатырмын.

Кейде «кенесің» дегім келеді
Маржан Есболатова:
– Тұрмысқа шыққанша енесін жамандаған құрбыларымның айтқандарын естігенде «Олар да ана. Ана баласына жамандық ойламайды» деген ойды айтатынмын. Өзім де сол пікірде болдым. Жоғары білім алып, жұмысқа орналасып, біраз ес жинаған соң тұрмысқа шықтым. Бұл әрекетім отбасындағы тұтастыққа себепші болады деп топшылайтынмын. Бірақ мен армандаған өмір басқа, шынайы өмір басқа екенін ұғындым.
Шағын той болды. Енем төсек-орнымды алудан бас тартқанымен, «артыңнан дым келген жоқ» дегенді айтып, мазаны алған соң, әке-шешем ештеңесін алмай, жасауымды әкеліп тастады. Жаным тыныштық табар деп едім. Жатын жиһазым арзан, кілемім көріксіз, ыдыс-аяғым сапасыз, киімдерім де талғамсыз болды. Күйеуімді жақсы көрген соң бәріне шыдап бақтым. Өмірге екі бала әкелдім. Барлық жауапкершілігін өзім көтердім. Соған қарамай енем: «Өз айлығың өзіңде. Мен жұмсап отырған жоқпын» дегенді айтудан жалықпайтын. Екі айлық, омыраудағы баламен жұмысыма қосылдым. Үйдегі барлық азық-түлік, киім-кешек, той-жиынға апаратын ақысына дейін менің мойнымда болды. Төркіндерім ештеңе білмейтін. Оларға мақтап отыратынмын. Күйеуім қызғаншақ болды. Үнемі болмайтын себеп үшін таяқтап тастайтын. Ата-енем ондайда ләм-мим демейді. Енем жолдасым мен інісін оңаша бөлмеге шақырып алып, сөйлесетін, мен жақындап қалсам, әңгімесінің арнасын ауыстырып жібереді не болмаса үнсіз қалатын. Талай бөлмемді ақтарып, іш киімдеріме дейін киіп алатын. Тіпті, қалтамнан ақша ұрлап, төркіндерімнің тойына апарып бергені де бар. Бәріне көндім. Жеті жылда шашымның, тістерімнің біразы түсіп қалып, тоз-тозым шықты. Күйеуім де өзгермеді, енем де мені ұнатпады. Ақыры ажырасып тындық. Күйеуім қосылайық деп қайта-қайта келіп жүр. Менде қайта қосылуға ниет жоқ. Кейде енеме «ене емес, кенесің» дегім келеді.

Жамандық көрген жерім жоқ
Бақытгүл Ниетәліқызы:
– Енем мектептегі талапшыл мұғалімнің бірі болатын. Күйеуімді ұнатқаныммен, енеммен тұру оңайға соқпайды деп ойладым. Бірақ жағдай мен ойлағандай болмай шықты. Енемен тұрған қиын, алайда жақсы жақтары көп. Мәселен, балаларды одан артық ешкім баға, тәрбиелей алмайды. Отбасылық ортақ шешімді қабылдарда мол тәжірибесін қосады. Ерте тұру, қонақ күтуді дағдыға айналдырасың. Үйде үлкен кісілер болғандықтан, бейбастақ дос-жарандар келе бермейді. Аралассаң да, отбасылы адамдармен араласасың. Қиналғанда қаржылай көмек қолын созады. Баспанаға бас қатырмайсың. Қарашаңырақтағы келін ретінде артықшылықтарға, алғысқа ие боласың. Мұндай бақыттан неге бас тартамын?! Санаңды жақсы бағытқа бұрсаң, өмірің де жақсы болады. Жоғарыдағы ауыртпашылықтардың бәрін жалқы көтерсем, жүйкеме, жаныма қанша ауырлық салмақ түсер еді. Өз анама да, екінші анама да «аман болыңыздар!» дегенді күнде айтамын.

Келін қыз емес, ене шеше емес
Мара Бекетайқызы, психолог:
– Келін мен ене бір үйде өмір кешетін үрдіс халықтық түсінігімізде берік қалыптасқан. Қазір олардың тату-тәтті тұруы үлкен қоғамдық мәселеге айналып отыр. «Отан отбасынан басталады» дейміз. Осы орайда мүлде екі бөлек адамның ортақ түсіністікке ие болу үшін үшінші тарап әке мен атаның да ықпалы болуы керек. Сессіз еркек ессіз отбасына негіз болады. Шаңырақтағы шаттық не шиеленіс өз кедергісін айналаға тигізбей қоймайды. Сондықтан оны реттеу маңызды. Тойларда «келінім емес, қызым деймін» деп жатады қалыңдыққа. Ал той өткен соң жай басқаша өрбитінін көз көріп жүр. Келін қыз емес. Ол өз жауапкершілігін сезінуі керек. Оны ене алғашқы күннен бастап ұғындыруы тиіс. Ене де шеше емес, ол келінге неге шамадан тыс мейірім танытуы тиіс? Мұны келін де білуі керек.
Тағы бір жағдай, танып-білмейтін қызға баланың тағдырын телу де дұрыс емес. Таңдауды бала еркіне қалдырған жөн. Бірақ оларды бақылаған дұрыс. Қазір бірге тұрып көрудің де зияны жоқтығын заман ұғындырып отыр. Алайда арын күзеткен халық ондайды қаламайды. Сондықтан бірге қалуға, ұзағырақ бірге болуға мүмкіндік тудыру керек. Мәселен, бір шаруаны атқару үшін екеуін жіберуге болады. Немесе азық-түлік алу, киім, үйге жиһаз таңдау деген сияқты. Сол кезде балалар ортақ мәмілеге келе алмайтын болса, оларға дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беру керек. Ұят үшін үйленіп, ұясын бұзғандар қаншама. Одан гөрі алдын-алу әлдеқайда тиімді.
Өмірлік тәжірибемде ененің де, келіннің де шындығын көп тыңдаған маман ретінде түсінгенім, қазір әрбіріміз өз жауапкерішілігімізді атқаруға немқұрайлылық танытып, салдарын өзгеге жаба салуға бейімбіз. Бәрін пешенеге тапсыра бермей, ертеңгі ұрпақ болашағын бүгіннен байыптауда салғырттық танытпау керек.

Дайындаған Балжан АҚЫЛБЕКОВА
24 тамыз 2021 ж. 616 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031