Қаруың қауіпсіздігіңе сай болса...
Әлемдік тәжірибе бойынша әскери арсеналдың адам өміріне қауіпсіздігі мен орналасу тиімділігі алғашқы орында тұруы тиіс. Алайда елеулі фактордың ескерілмей жататыны жалған емес. Осыдан екі жыл бұрын 24 маусым күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада қару-жарақ пен оқ-дәрі жарылып, салдарынан өңір халқы өлшеусіз зардап шеккен-тін. Ең маңызды капитал адам өміріне қауіп төндіретін қару-жарақ жарылысы неге жиілеп кетті? Бұл салаға кімдер жауапты? Сарапшылар Арыс қоймасында кеңестік кезеңнен қалған қару сақталып келгенін айтқан. Ал жағдайдың салдары мен себебін пайымдау бүгінгі мақаланың мақсаты болмақ.
Апат айтып келмейді
Арыстағы тосыннан келген қару қоймасының жарылысынан алапат өрт жалғасын тауып, сол маңдағы 4 елді мекен тұрғындарының қайда ұшып, қайда қонарын білмей жанталасқаны баршамызға мәлім. Мемлекеттік органдар мәліметінше, өрттен зардап шеккендердің саны 70 адамға жеткен. Оның ішінде 52 адам ауруханаға жатқызылып, 3 адам жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Ал ондаған мың адам Арыс қаласынан кетуге мәжбүр болды. Ресми деректер 45 мың тұрғын бар екенін айтса, жарылыс кезінде 35 мыңнан астам адам өз күшімен қаладан шығып үлгерген. 9 мыңнан астам нысан өртеніп, 406 үй жарамсыз боп қалды.
– Жарылыс болып жатыр. Таңертең сағат тоғыз жарымда басталған. Басында шөп өртеніп жатыр ма деп ойлағам. Біраздан кейін ысқырып келіп түсіп, снарядтар жарыла бастады. Оны көрген соң жеңіл көлікке мініп қаштық, үйден тек жеке құжатымызды алып қана үлгердік, – деп мәлімдеген ауыл тұрғыны Жанат Әбілқасымова.
Оқыс оқиға болған күні түстен кейін 500 адам Шымкенттегі орталық мешіттен пана тапқаны жарияланған. Құжатты да, үй мен мүлікті де тастап, қаладан шығып үлгерген жұрт абыр-сабырдың кезінде балаларын жоғалты. Жүрегінде мейірімі барлар қаладан шығар жолда көргенін көлігіне салып өзімен бірге өрттен алшақтатты. Мешітке жиналғандардың 200-і ата-анасын жоғалтқан бала екені анықталған.
Әлеуметтік желі¬лерде Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат таралып, еріктілер арнайы ұйымдасу арқылы кімнің қайда екенін нақтылап жариялаған. Соның нәтижесінде мемлекеттік бұйрықсыз-ақ балалар өз отбасына қайтарылды.
Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев: «Арыстағы әскери қалашықтар мен арсенал әскерилердің жіті бақылауында. Олардың бір бөлігі арнайы қорғалған бункерде сақтаулы, бір бөлігі тиісті қорғаныспен қамтылған. Сондықтан, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Бұл арсенал барлық күзет құралдарымен, дабыл қаққышпен жабдықталған. Қоймалардың айналасы топырақпен көмілген. Сондықтан, аталған оқиға себептерін арнайы құрылған тергеу тобы анықтайтын болады. Мұнда ешқандай радиактивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталған жоқ. Ешқандай радиация қаупі жоқ» , – деген болатын.
Ал сот отырысында прокурор 16 айыпталушыға 4 жылдан 10 жылға дейін жаза кесуді сұраған. Кінәлі тек қоймадағы қызметкерлер емес. Таразының бір жағында халық тағдыры мен қауіпсіздігі тұрғанда, мына басындағы салмақты салаға жауапсыздардың әрекетін ақтау мүмкін емес шығар.
Ескірген қарудың ескертпесі
Айта кету керек, аталған Арыс қаласында осыған дейін бірнеше рет оқ-дәрі жарылысы болған. Алғаш рет он екі жыл бұрын 2009 жылы сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Сол кезде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. 2014 жылы мұнда "Қазақ жарылыс өнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыстан екі адам қаза тапқан. Ал 2015 жылы полигон аумағында әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезіндегі жарылыс оқиғасынан бір адам мерт болған.
Апат айтып келмейтіні анық. Алайда алдын алуға болатын апаттар да бар. Генерал-майор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Ержан Исақұлов жарылыс жайын он шақты жыл бұрын болжағандай, үкіметке ұсынысын айтқан.
– Әскери қоймадағы оқ-дәрі, қару-жарақтар, барлығы 1986 жылдан бастап сол жерде сақталып жатыр. Ол Ауған соғысы біткеннен кейін сол оқ-дәрі, қару-жарақты алып келген еді. Ал енді содан бері 35 жыл уақыт өтті. Міне, екі рет онда жарылыс болды. Қазақстан Парламентінің мінбесінен 2009 жылы осы мәселені ортаға салған едік.
Бір қалада, бір әскери қоймада әлденеше рет апат болып жатқанда ешкім пысқырмағандай... Әр жолы жылы жауып қойғанымен, бәрін қолға алатын кез келді. Міне, бүкіл қала толық дерлік қирап қалды. Оқиғаға басқаша қарауға жоғарғы эшелондағы өзгерістер де себеп болуы мүмкін. Соңғы саяси науқандар да түрткі шығар. Қайткен күнде де, ендігәрі елдегі жағдайларға көзқарас бөлек болмақ», – дейді ардагер. Оның ойынша Арыс¬тағыдай қоймалар еліміздің төрт бұ¬рышындағы ірі-ірі әскери құры-лым¬дардың барлығында дерлік кездеседі.
Бұл ойдың дұрыстығына тағы бір дәлел – ресейлік "Новая газета" басылымының әскери шолушысы Павел Фельгенгауэрдің Қазақстан әскери қоймаларындағы ескірген қаруларды толық жою керектігі туралы пікірі.
– Бұл совет үкіметі заманынан бері жиналып қалған өте көп оқ-дәрі. Ресей қаруларды Кавказдағы, Сириядағы соғыстарда қолданды. Ал Қазақстан ешкіммен соғысқан жоқ. Сондықтан миллиондаған тонна қару-жарақ қалды. Ескі қаруды утилизация жасап жатыр. Бірақ әлі бар. Себебі Совет одағы миллион әскері бар Қытаймен соғыс бола қалса деп, көп қару жинаған. Совет одағы Қытай Қазақстан жақтан кіреді деп ойласа керек. Сондықтан Қазақстанда да қару сақтаған. Ал қазір Қазақстанда бұл қаруларды утилизация жасауы керек. Себебі Қазақстанға (бұл қарулардың) мүлде керегі жоқ. Жойылмаса, жарылыстар бола береді. Бұл көп қаруды тез жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан сұрыптап, дұрыстап сақтау керек. Дұрыс сақталмаса, жарылады. Себебі, қару ескірген сайын қауіпті, – дейді ресейлік сарапшы.
Демек, оқиғаның оқыстығын немесе техникалық себепті ысыра тұрсақ, Жаратушының «Сақтансаң – сақтаймын» қағидасын естен шығармаған жөн. Бөлінген қаржының есебі қолжетімсіз екенін де ескерген абзал. Бастысы маңызды мәселеге мемлекеттік көзқарас керек.
Жарылыстан кейін не өзгерді?
2019 жылы үкімет отырысында Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты арсеналдағы қару-жарақты көшіріп үлгеру мүмкін болмағандығын айтты.
– Қоймалар елді мекеннен 200 метр қашықтықта орналасқан. Бірақ біздің талабымыз бойынша бұл арақашықтық кемі үш шақырым болуы тиіс. Біз ол аралықты 10 шақырымға дейін ұзартуды сұрап талай әрекеттендік, құжаттар жинақтадық. Алайда, ол үшін алдымен халықты, одан кейін 800 метр жерден өтетін теміржолды көшіру керек болды, – деп мәлімдеді ол.
Арыстағы қоймада сақталған қару-жарақты көшіру 2005 жылы басталған. Дегенмен, Кеңес Одағының қауіпті қойманы бастапқыда елді мекеннен ережеге сай қашықтықта орналастырғанына сенім аз. Содан бері халық саны көбейгенін ескерсек, тиісінше елді мекеннің аумағын кеңейткен тұрғындардың қауіптің ошағына жақындай түскені анық.
Арыс оқиғасы аяқталғаннан кейін қарудан тазарту жұмыстары жоспармен іске асырыла бастады. ҚК бас штабы бастығының бірінші орынбасары Руслан Шпекбаев:
«Арыс аумағын қару-жарақ бөлшектерінен толық тазартуға бес жыл кетуі мүмкін. Тезірек аяқтау туралы айтуға әлі ерте, бірақ, үш-бес жылда аяқтайтын болармыз», – деді. Яғни, жауапты маманның айтқанындай қару-жарақ басқа бөлімдерге көшіріледі де, тек қойма орнында қалған бөлшектерінен аймақ тазартылмақ.
Қару-жарақтың стандартқа сәйкес тұрғындардан қашық, белгіленген аймақта орналасуына мемлекет тарапынан бақылау қойылуы қажет. Қанша жылдан бері қайталанып жүрген Арыс әскери қоймасының жарылысы басқа арсеналдарда орын алмауына кім кепіл?! Ұлттың тыныштығы мен әскери қауіпсіздігін сақтау – жаһан алдындағы жауапкершілік.
Дина БӨКЕБАЙ