КВИ-ға қарсы вакцинациялауды не себепті қысқа мерзімде жүргізу керек
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны күн санап артып келедіЕлордада тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның өсуі тағы да байқалды. Мамандар мұны ең агрессивті және тез таралатын «дельта» штамының таралуымен байланыстырып отыр.
Пандемиямен күреске келер болсақ, ғалымдар бірауыздан тек вакцинация ғана адамды қауіпті вирустан қорғайды деп отыр. Сарапшылар мен иммунологтар вакцинаны жылдамырақ алудың маңызын түсіндіріп берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сарапшылар қазіргі уақытта коронавирус әлемде вакцинацияның өсуі жағдайында белсенді түрде мутацияға ұшырап жатқанын айтады. Мысалы, «дельта» штамы бұған дейінгілерге қарағанда 60%-ға жұқпалы болып келеді.
Профилактикалық медицина академиясының президенті, америкалық Денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, профессор-иммунолог Алмаз Шарманның айтуынша,«дельта» штамын жұқтыру ауруханаға жатқызу мен өлім қаупін едәуір арттырады.
«Балалар арасында «дельта» штамын жұқтыру бес есе жиілей бастады. Яғни, COVID-19 вирусы үлкендерге ғана емес балалар арасында да жылдам таралуда, бірақ балаларда инфекцияның қаншалықты агрессивті жүретіні әзірге белгісіз. Ересектерге келетін болсақ, «дельта» инфекциясын әлі егілмеген адамдар жұқтыруға бейім болып келеді. Вакцина кез-келген КВИ нұсқаларына қарсы жалғыз тиімді құрал болып қала бермек. Вакцина алғандар өздерінің иммундық жүйесі «дельта» түрінен қорғай алады деп сенімділікпен айта алады. Ал вакцинацияланбағандар пандемияның инфекция мен өлім қаупі өте жоғары болып тұрған ең қауіпті кезеңінде екенін түсінуі керек», — деді Алмаз Шарман.
Ол сонымен бірге, пандемиямен күресудің жалғыз тиімді жолы вакцинация екенін айырқша атап өтті. Бүгінгі таңда әлемде КВИ вакцинасының 3 млрд-тан астам дозасы енгізілген, бұл 100 адамға шамамен 39 дозаны құрайды. Алайда, вакцинациямен негізінен АҚШ, Израиль және Еуропа елдерінің халқы қамтылған. Қазақстанда тұрғындардың тек 17%-ы ғана вакцинаның бірінші компонентін алды.
«Қазіргі жағдайда елордадағы эпидемияға қарсы кез-келген шаралардың әлсіреуі, сондай-ақ вакцинацияның жеткіліксіз болуы инфекцияның таралуына және осал санаттағы адамдардың өліміне әкеп соғады. Бірақ, ең бастысы, азаматтардың басым бөлігін тезірек вакцинациялау қажет. Біз екпе салдыру процесін созған сайын коронавирус соғұрлым тез өзгеріп, жұқпалы агрессивті нұсқаларға айналады», — деп атап өтті иммунолог.
Медицина ғылымдарының кандидаты, ҚДСЖМ Қазақстан медицина университетінің эпидемиология және медицина кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев ғалымдардың неліктен әлі күнге дейін вакцинациялаудың пайдасы мен қажеттілігін дәлелдеуі тиіс екеніне таңқалатынын жасырмады. Оның пікірінше, халықты вакцинациялау баяу жүрсе, бұл вирустың жаңа формаларының пайда болуына қолайлы жағдай туғызады.
«Вирустың мутациясы өте жиі болады. Вирус — бұл ақуыз қабығымен жабылған жасушадан тыс тіршілік формасы, сондықтан өмір сүру үшін оған бейімделу керек. Өкінішке орай, ол тезірек бейімделеді және мутацияланған сайын күшейе түседі. Осы фактіні ескерсек, вакцинацияланған адамдарда үлкен артықшылық бар. Олардың иммундық жүйесі вируспен күресуге дайын. Егер адам коронавируспен ауырып, антиденелердің болуына үміт артуын лотерея секілді деуге болады: ауру симптомсыз, жеңіл өтуі де мүмкін немесе ауыр түрде өтіп, өліммен аяқталуы да ғажап емес», — дейді Рафаиль Қыпшақбаев.
Сондай-ақ, мамандар КВИ-мен ауыратын адамдар емделгеннен кейін 3 айдан кейін вакцинациялау туралы шешімнің не үшін қабылданғанын түсіндірді.
«Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, коронавируспен ауырған азаматтар үш ай өткеннен кейін вакцина алуы тиіс. Мұндай шешім инфекциядан жазылғаннан кейін 3 ай мен 6 ай аралығында вирусты қайтадан жұқтыру жағдайларының жиі тіркелуіне байланысты қабылданды. Біз бірінші кезекте әлсіреген ағзаның вирусты қайтадан жұқтырмауының алдын алуымыз керек. Қайта жұқтыру әдетте, ауыр зардаптарға әкеледі», - деп түсіндірді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.