Қазақстандықтардың шетелде қанша үйі бар
Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті шетелде алуға әуес, деп хабарлайды «Хабар 24».
Отандастарымыздың атына тіркелген үй-жай әсіресе, Ресейде көп. Бұл — мемлекеттік кірістер комитеті таратқан ақпарат.
Қайта биыл біздің азаматтар шет мемлекеттерден үйді аз алған. Былтырға қарағанда, өзге елдерде жылжымайтын мүлікті сатып алу көрсеткіші 12 процентке төмендепті. Бұған пандемия әсер еткен көрінеді.
Қазақстандықтардың кейбірі өз елінде басы бүтін баспанаға зар болып жүргенде, енді бірі шетелде үйлі болып жатыр. Әрине, кім қайда тұрамын десе де өз еркі. Дегенмен бүйірді қысқан пандемия өзге елге өзек байлағысы келетіндердің де қалтасына салмақ салғандай. Сөзіміз сөлді болу үшін айталық, былтыр шетелде жылжымайтын мүлік алу көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда 12,5 процентке кеміген. Бұл ақпаратты мемлекеттік кірістер комитеті жариялады.
Сонымен жерлестеріміз көбіне үйді Ресейде алуға бейіл. 2020 жылы көрші елде 3,5 мың азамат баспана алған. Екінші орында Болгария мемлекеті тұр. Өткен жылы мұнда қазақстандықтардың атына 272 жылжымайтын мүлік тіркелген. Отандастарымыздың иелігінде Түркияда 216, Испанияда 187, Біріккен Араб Әмірлігінде 69 үй-жай бар көрінеді. Сатып алынған тұрғын-жайдың саны қысқарғанымен елді таңдауға келгенде қазақстандықтардың «тәбеті» өзгермеген сыңайлы.
Күріш пен мақта алқабы азаяды
Елімізде суармалы жерлерді пайдалану көлемі жыл санап артып келеді. Мәселен, биыл 1 жарым млн гектар алқапты игеру көзделген. Бұл былтырмен салыстырғанда 66 мың гектарға артық. Басым бөлігі — Түркістан облысына тиесілі. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай суармалы алқап көлемін 3 млн гектарға жеткізуді тапсырған еді. Енді осы межені орындау үшін тиісті ведомства сусыз өсіп-өнуі қиын дақылдардан бас тартып, орнына құрғақшылыққа төзімді, мол өнім беретін түрлерін егуді жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде біз айтқан Түркістан облысында сусүйгіш күріш, мақта алқабы 10 мың гектарға, Қызылордада мақта 90 мың, күріш алқабы 75 мың гектарға азайды. Егісті суару тәсіліне де баса мән берілмек. Себебі қазір дүние жүзі судың тапшылығын айтарлықтай сезініп жатыр. Осы орайда Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының шаруалары жедел іске кірісіпті. Аталған өңірлерде соңғы жылдары ылғалды үнемдеу жолында соңғы технологиялар қолданылып келеді.
Қазақ баласы Ресейдің Forbеs рейтингінде көш бастады
Бір ғана әуенімен әлемді мойындатқан Иманбек Зейнеков 30 жасқа дейінгілер арасында ең табысты өнерпаз атанды. Ресейдің Forbеs журналы осындай ақпарат жариялады. Жалпы, таудай талабы мен табандылығы талантына қанат болған Иманбек кейінгі ұрпаққа үлгі. Әрі оның өмірі «Күлше қыз» ертегісінің желісіне ұқсас. Естеріңізде болса, Ресейдің танымал шоумендері де Иманбекті дәл осылай қалжыңмен қағытқаны бар. Теміржолшы болып жүріп, бір түнде әлемге әйгіленген қарапайым қазақ баласының өмірі, отбасы мен жетістіктерін Forbеs журналының ресми сайты жазған. Алайда жиған табысы туралы ақпарат жоқ.
Қарыз күліп келіп, жылап қайтады
Әрбір бесінші қазақстандық жалақысы түскенше күнін онлайн несие есебінен көреді. Мың адамның арасында сауалнама жүргізген «гдезайм кз» порталы осындай тұжырым жасады.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, сұрақ-жауапқа қатысқандардың 29 проценті қарыз алудың басты себебін жоспарланбаған, яғни аяқ астынан келген шығын деп көрсеткен. 21 проценті жалақыға дейін күнкөру үшін керек десе, 16 проценті банктегі қарызды жабу үшін алатынын айтқан. Дәл осындай үлесте коммуналдық қызмет, мектеп пен балабақша ақысын төлеу себептері бар. Қалғандары ем-домға және сыйлық алу үшін ақшаға мұқтаж болғанын мойындаған.
Қарыз алу жиілігі айына 2 реттен келеді. Бір алаңдатарлығы, оңай ақшаның қызығына түсетіндер — жастар. Олардың жасы 25-34 шамасында. 35-тен 44 жасқа дейінгілер де онлайн несиеге жиі жүгінетін көрінеді. Олардың үлесі 24 процент. Ал 55 жастан асқандар арасында борышкерлер аз болып шықты.
Әсіресе, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан қаласы және Қарағанды өңірінің тұрғындары қарыз алуда алдына жан салмайды. Десе де «қарыз күліп келіп, жылап қайтады…» деген тәмсілді ұмытпаған жөн, дейді мамандар. Себебі кредиттік мекеменің шырмауына түсіп, опық жеп қалғандар да арамызда аз емес.
Енді валюта бағамына тоқталайын. Доллар 428 теңге 51 тиын, Еуро 522 теңге 32 тиын, Ресей рублі 5 теңге 8 тиын.