Вакцина салған қазақстандықтар үшін қай елдер ашық?
Әлемде біртіндеп коронавирусқа қарсы екпе салдыру науқаны жаппай жүріп жатыр. Осыған орай көптеген елдер екпе салдырған туристер үшін өз шекараларын ашты, ал туристер - саяхатты жоспарлап жатыр. Қазақстаннан шыққан екпе салдырған саяхатшыға қай елдерге баруына болатыны туралы Kaz.tengritravel.kz материалында толығырақ айтылады.
Еуропаның бірнеше елінде Спутник V ресейлік вакцинасын мойындау туралы сұрақтар туындады. Сонымен қатар қазақстандық вакцина қаншалықты мойындалатыны да белгісіз. Төменде біз көрсеткен елдер шекарадан өту үшін мынадай вакцина салдыру керек деп нақтыламайды, алайда өзіңіз сенімді болу үшін сол елдің елшілігімен не туроператормен кеңескеніңіз жөн.
Мальдив аралдары туристерді бүкіл әлемнен тартып жатыр. Бұл ел шетелдік туристер үшін шекараларын ашқан алғашқы елдердің бірі. Ол үшін вакцинаның екінші дозасын сол елге бармай тұрып екі апта бұрын салдырған болу керек. Сонымен қатар, екпе салдырған туристер ПТР-тест тапсырып әуре болмайды. Мұндай ереже 20 сәуірден бастап күшіне енді.
Грузия вакцинацияның екі кезеңінен өткен кез келген елдің азаматтары үшін өз шекарасын ашады. Екпе салдырған туристі бұл елде карантинге жатқызбайды, антидене бары туралы анықтама сұрамайды. Ал 15 мамырдан бастап Алматыдан Батумиге тікелей рейс ашылады және аптасына үш рет (дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі) қатынайтын болады. Тбилисиден Алматыға рейстер наурыз айының ортасында ашылған еді. Аптасына үш рет қатынайды - сейсенбі, жұма және жексенбі.
Сонымен қатар, Қазақстанның үш қаласынан (Атырау, Ақтау және Нұр-Сұлтан) Кутаисиге аптасына екі рет рейс бар.