Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржыға алынған қасірет

Қаржыға алынған қасірет

Бала күнімізде теледидардан кино көруден асқан қызық жоқ еді. Әрине алдымен сілікпең шығып, күн батқанға дейінгі ойыннан кейін. Содан көз ілініп кеткенше әкемізбен бірге назарымыз көк жәшікке түседі.
2000 жылдары көбіне криминалды, ішімдік ішіп, темекі шеккен жандар туралы киноны көп беретін. Әсіресе есірткіге елітіп, есін жоғалтқандардың тағдыры, наша сатып, нан тапқандардың өмірі көп суреттеледі. Бала көңіл оның жаман әдет екенін біліп тұрса да соңында кейіпкердің есірткіден емделіп, отбасымен қуана қауышқанын тілеп тұратын. Көңілімді қалдырмайын дегендей, кино дәл солай тәмамдалып жүрді. Бірақ шетел фильмдерін нашақорлық пен «ешкім білмейтін» есірткі саудасы біз өмір сүрген әлемде болмайды деп ойлайтынмын. Солай деп жүргенде есірткі туралы әңгіме бұрыннан желдей еседі екен ғой. Ал мен кеше білдім.

Қазалыға қайдан келеді?
Ресми деректер елде 24 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді дегенді айтады. Олардың барлығы профилактикалық есепте тұр. Ал әңгіме бейресми ақпарға келгенде күрт өсетіні анық. Өйткені күн өткен сайын оның дәмін татып көргендер, кейін тәуелділікке ұшырағандар көбейіп барады. Түрлі қоғамдық ұйымдардың жеке санағына сенсек, Қазақстандағы есірткі қақпанындағылар жүз жиырма мыңға жетеді. Бірақ статистикалық мәліметтер соңғы бес жылда тәуелділер 35 процентке азайғанын жазыпты.
Негізінде Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында ахуал өршіп тұр. Өткен жылы осы аймақтарда өсірілген қарасораның 62 плантациясы жойылды. Олардың жалпы ауданы 260 гектардан асады. Ойланып көріңіз, осындай аумаққа егілген мыңдаған адамды улауға қауқарлы салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың қарасора бұталары тәркіленген. Көп ұзамай құзырлы органдарымен жойылған. Қарасора өсіру әсіресе Қызылорда облысында өршіп тұрғаны айтылады. Бұл өңірде былтыр 48 плантация жойылып, 14 тоннадан астам есірткі өсімдіктері тәркіленген. Осыдан-ақ қазалылық тұтынушылар тауарды қайдан алатынын түсінуге болады. Бірақ мұнда өзін-өзі қамтып, артылғанын айналасындағыларға сататындар да жоқ емес. Бұған сәлден соң тоқталамыз.
Бір қызығы, телекоммуникацияның дамуы есірткі саудасының екінші тынысын ашып отыр. Әсіресе Telegram қосымшасында арнайы тауар сататын каналдар ашылған. Оның қызметін пайдаланып көргендер тауарды жасырып кету керек жерді көрсетіп, ақшасын аударып жіберсең болғанын айтады. Санаулы минуттардан кейін белгіленген орыннан тауарды тауып алуға болады.
Бұдан бөлек ғаламтордан есірткі саудасы туралы сұрағанда оны қалай алуға болатынын үйрететін жолсерік боттар қаптай кетті. Сөзіне сенсек, боттар нашаның ең жақсы түрін таңдауға көмектеседі. Бұл есірткімен күрес органдарының ғаламтордағы саудаға тоқтау бола алмай отырғанын көрсетсе керек.

«Бәленің» бағасы қанша?
Марихуана шегудің де көптеген түрі бар. Мәселен, пипетка, парашют, бамбас, сигарет сияқты пайдалану әртүрлі әсер ететін көрінеді. Қазалы ауданында бамбас көбірек танымал. Ең арзаны «шала» деп аталатынын білдік. Бір сіріңке қорабы 1500 теңгеге бағаланады. Ал қымбатына «кызылординка» деген атау тағылған. Бұл өңірдегі есірткі өндірісі елге танымал екендігінің тағы бір айғағы болса керек. Тұтынушылар қалтадағы қаржысына қарай сапасы жақсысын таңдай алатынын қайтерсіз?! Ауғанстаннан ауып келген «авганканы» наша шегушілер жақсы бағалайды-мыс. Оның бір пайдалануы 5000 теңге тұратынын білмейтіндер кемде-кем.
Отандық киноматографияның соңғы кездері осы мәселеге қарай ойысып бара жатқанын байқаймыз. Мәселен, «Шекер» деп аталатын қысқаметражды фильм елдегі жасөспірімдер мен студенттер арасындағы есірткіге тәуелділік жайын ашық, цензурасыз көрсеткен. Бірақ наша сатып, сол арқылы баюға болады деген түсінік туындыда менмұндалап тұр. Бұл бүгінгі балалардың ақыл-ойына әсер етпей қоймайтыны анық. Есірткі пайдаланатындардың барлығы тәуелділік бір рет дәмін көргеннен кейін қалыптасқанын айтады.

Саудагерлер саны көп
Бірер ай бұрын өзін Қазалы қаласының тұрғынымын деп таныстырған азамат есірткі саудасынан байып отырған бірнеше жерлесін білетінін айтып хабарласты. Олардың айналасындағы көршілерін, ауданның ауылдық жерлерінен келетін ағайындарды улап отырғанына шағымданды. Тіпті есірткінің дозасын көп пайдаланып, өмірімен қош айтысқандардың да атын атап, түрін түстеген. Бірақ болған жайтты нақтылауын сұрап қайта хабарласып едік, батылы бармаса керек, қолы тимей жатқанын жеткізіп, кейін телефонын көтермейді. Қалалық көпшілік сауда жасалатын жерді білсе де, құзырлылар неге барлығын бірдей құрықтамайтынына таңданатынын айтып қалған. Мұны біз де білгіміз келді.

Полицейлер не дейді?
Есірткі саудасын тоқтата алатын біреу болса, ойға алдымен полицейлер түсері анық. Өйткені есірткі санасын елірткен адам қандай да қылмысқа барудан тартынбайды. Оларды бақылау жүйелі жүргізілмеген күні бәрі бітті дей беріңіз. Өйткені есірткіге тәуелділер бүгінгі короновирус инфекциясы секілді сау адамдарды жанына тартып, «бизнестерін» кеңейтуге күш салады. Бірақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мұндайға жол бермейтіндерін айтып отыр.
Десек те ғаламторда Қызылордада жаз шықса, жаппай есірткі егіледі деген ақпар өріп жүргенін кімнен жасырамыз? Өйткені өткен жазда бұлақ жанында есірткі еккен өңірдің екі тұрғыны ұсталған. Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылынан 40 шақырым жерде орналасқан «Бота соққан» деп аталатын жерде бұлақ жанында егілген 240 түп сора өсімдігі және 100 түп көкнар анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жаңақорған ауданының екі тұрғыны ұсталды. Сонымен қатар күдікті азаматтарды тексеру барысында полиэтилен пакетке оралған кептірілген шөп ұнтақтары айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған ерекше иісі бар зат «кептірілген марихуана» екен. Аудандық полиция бөлімі, криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Алмат Бердібеков Қазалыда да есірткіні егіп, сататындар бар екенін мәлімдеді.
– Аудандық полиция бөлімінің тарапынан психотроптық заттардың сауда-саттығына, қолданылуы мен сақталуына қарсы ұдайы тексеріс жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұның жергілікті жердегі тыныштыққа, қылмыс санының өсіміне және адамдардың амандығына айтарлықтай әсер ететінін жақсы білеміз. Сондықтан бұл мәселеге келгенде полицейлер бар күш-жігерін салып жүргенін сеніммен айта аламын.
Бүгінде ауданда есірткі қабылдайтын 8 адам тіркеуге алынған. Учаскелік полицейлер профилактикалық шара жүргізіп, күнделікті кафе мен үй-жайларды тексеріп шығады. Соның нәтижесінде былтыр есірткі заттарын заңсыз сақтаған, сатқан 30 дерек анықталды. Оның бәріне тиісті жаза қолданылды.
Айта кету керек, отыз деректің алтауы марихуана өсімдігін егумен айналысқан. Ал жыл басынан бері бұл мәселеге байланысты жағдай тіркелмеді, – деді мойор.
Есірткі тәуелділігінен сақтану, оның сатылымына тосқауыл қою мақсатында бүгінде Үкімет бірқатар кешенді шараларды қолға алғанын білеміз. Түрлі флешмоб елді шарлап жүр. Дегенмен үгіт-насихаттан бұрын залалды тауар айналымы, өндірісін тоқтатпай, дені сау ұрпақ қалыптастырамыз деу қиын. Қолданыста жоқ затқа кім құмартсын? Құзырлылар соған күш салса екен деген ел тілегін есту қиын емес.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

23 ақпан 2021 ж. 2 342 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 81

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 54

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 88

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 94

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031