Екпені ерікті түрде аласыз ба?
Коронавируспен ауырғаннан кейін иммунитеттің төмендеп кетуі, қант диабеті, қалқанша безінің зақымдануы, тыныс жолдары аурулары және бауыр мен бүйрек ауруларының пайда болуы жиі кездеседі. Негізі коронавирустың ауыр не жеңіл түрде өтуі штамдарға байланысты емес екен. Осыған орай «COVID-19» инфекциясына қарсы «Спутник V» ресейлік вакцинасын салдыру науқаны басталды. Ел бойынша 1 ақпаннан бастап ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары атқарылуда. Халық дайын болуы қажеттігінен жаппай вакцинациялау сәуір айына жоспарланып отыр.
Қазіргі күні көпшілік пікірі екіұдай қалыптасқан. Бірі ерікті түрде қабылдауға бел буса, екіншілері екпені салдырмайтынын жеткізді.
Қазіргі күні көпшілік пікірі екіұдай қалыптасқан. Бірі ерікті түрде қабылдауға бел буса, екіншілері екпені салдырмайтынын жеткізді.
Бақыткүл ӘЛІШЕВА, Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:
– Коронавирусқа қатысты соңғы жаңалықтарды күнделікті естіп жүрсіздер. Қазақта “Сақтансаң, сақтаймын” деген жақсы сөз бар. Сондықтан барлықтарыңызды сақтық шараларын ұстануға шақырамын.
Біріншіден, жеке бас гигиенасын сақтап, қолымызды үнемі сабынмен жуу керек. Мүмкіндік болса, қолды спиртпен сүртуге кеңес беремін.
Екіншіден, адам көп жиналатын той-жиындарға баруды уақытша тоқтата тұру қажет. Жағдай қалыпқа келгенше, медициналық маска тағып жүрген дұрыс. Бұл аурудың алдын алудағы маңызды шара деп ойлаймын.
Індеттен сақтану үшін вакцинациялаудың нәтижесінде адам өзін іш аурулары, көкжөтел, қызылша және тағы басқа қосымша аурулардан қорғайды. Халықтың түрлі топтарының эпидемиологиялық маңыздылығы ескеріліп, екпе егу кезең-кезеңмен өткізіледі. Вакцинациялау бойынша басым топқа инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету, реанимация бөлімшелері, медициналық-санитариялық алғашқы көмек және тағы басқа ұйымдардың медицина қызметкерлері кіреді.
Адамға вакцина салар алдында, оның салдары, әсері туралы ақпарат беріледі және вакцинациялауға ерікті ақпараттандырылған келісім немесе егуден бас тарту ресімделеді.
Тәуіржан ҚҰЛМҰРАТОВ, Əйтеке би кенті əкімдігінің бөлім басшысы:
– Жалпы ковид ауруына қарсы екпені алғанды дұрыс деп есептеймін. Ол инфекциялық аурулардан қорғайтын мықты құрал. Себебі, ең әуелі өзіңнің денсаулығың мен қауіпсіздігің үшін жəне отбасыңның амандығы қажет.
Ашық ақпарат көздерінде бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, ұстаздарға, созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға салынады деуде. 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарияларға екпе салынбайды екен. Сондықтан халық күдіктенбей екпе алуға ой саламын.
Вакцина жасау инфекциялық аурулардан қорғайтын жалғыз ғана құрал емес. Қолды сабынмен немесе құрамында спирті бар заттармен жиі жуу, адамдардың көп жиналған жерінде бетперде кию, сөйлескен кезде кемінде 1 метр арақашықтықты сақтау сынды коронавирус инфекциясының алдын алудың тәсілдерін естен шығармау керек.
Арайлым ЖҮСІПОВА, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
– Бірінші иммунитет тапшылығының болуы коронавирусқа қарсы вакцинацияға кері көрсеткіш болып табылады екен. Осыған түсінбедім, не үшін олай? Қайта керісінше, мұндай жанға өзін індеттен қорғау үшін екпе қажет емес пе? Ал өз басыма келсек, вакцинациялаудан бас тартамын. Екпені алу не алмау әркімнің өз еркі.
Қазір ковидке қарсы вакцинаны да, оны өз еркімен салушыларды да қоштамайтындар бар. Теріс пікірін білдіріп жатқандардың көпшілігі жаны қиналғанда бірнеше себеппен сапалы дәрігерлік қызметке қол жеткізе алмағандар. Сондай-ақ бұрын екпе салдырғаннан кейін балаларының денсаулығына сызат түсіп, сенімі жоғалғандар қатары десек артық айтқандық емес. Әсіресе әлдебір екпеден кейін ауру болып қалған балалар қаншама? Шыны керек, бір кездері осындай оқиғалар орын алды. Оны арзан екпенің кесірі деп жылы жауып қойдық. Дәрігер мен медбикенің жауапсыздығын да қозғамадық.
Жалпы медицина саласындағы келеңсіздік уақыт өте алдымыздан шықты. Халық бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін түсінгенімен, одан сақтану жолын байыптамайды. Бұрынғы вакциналардың кері әсерінен санада қалған қорқынышы мен үрейін жеңе алмауда.
Оның үстіне өңірдегі аурухана мен емханаларда санитарлық талаптың сақталмауы, тұрғындарға салынатын әдеттегі екпенің арнайы екпе егу бөлмелерінде емес, дәліздерде салынған жағдайларын көрген соң, санада күдік пен сенімсіздік туындайды. Сонымен қатар медицина вакцинаның ауруға 100 процент қарсы тұратынына кепілдік бермейді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА