Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз бен пайыз

Қарыз бен пайыз

Адамзат пайда болып, ақыл-есі дами бастаған кезде ең алдымен тауар алмасу арқылы қажетіне қол жеткізу мүмкін болғанын тарихтан білеміз. Бұдан кейін затты пұлдау, бағалау сияқты дүниелерді жұмыр басты пенделер түсіне бастады. Бертін келе ғана айырбасқа тең болатын бұйымы, қалтасында қаражаты, қорасында малы болмағандар болашақтан үміттеніп, жүрегінде иманы барлардан «қарыз алу» дегенді дүниеге алып келді. Бірақ «қазақ ел болғалы» деп басталатын аңыз-әңгімелерден өсімге қарыз берді деген тіркесті қандай тарихи, әдеби кітапты ақтарсақ та кездестіре алмасымыз анық.

Бүгінде замандастарымыз ішерге ас таппай жүрсе де, кредиті көп. Бұл көпшіліктің қаржылық сауаттылығы төмен екендігі болса керек. Ал белгілі бір қажеттіліктен біреуден жүрдім-бардым процентке ақша алып, бастары бәлеге қалғандар көп. Әсіресе ондаған процентпен заңсыз несие берушілер қатары қалыңдап кеткені жасырын емес. Бүгін осы мәселе жайын қаузап көрмекпіз.

Мәселе – мұқтаждықта
Қазіргі таңда Қазалы ауданында Halyk bank пен жаңадан ашылып жатқан Centercredit-тен басқа екінші деңгейлі банк жоқ. Жеке адамдардан ақша алатындардың басым бөлігі аталған ұйымдардың қара тізіміне іліккен. Жылдам несие немесе айлыққа дейін қарыз беретін қаржылық ұйым несие тарихы бір-ақ рет бұзылған тұтынушыларын сенімді адамдардың қатарынан сызып тастайды. Толық аты-жөнін көрсетпеу туралы шарт қойып, пікір білдірген Мадияр есімді азамат та қарыздың қақпанына түскен.
– Өткен жылы әкемнің денсаулығы сыр беріп, тез арада ем алу керек болды. Есептесек, емге кететін қаржы миллион теңгеге жуықтайды. Отбасымда жұмыс істейтін мен ғана болғандықтан несие алғаным бар. Бұл соққы онсыз да қаржылық қиындық көріп отырған бізге ауыр тиді.
«Тірі адам тіршілігін істейді» демекші, көмек сұрап бармаған жақын-жуығым қалмады, қарыз беретін таныс таппадым. Осылай жүргенде жақын досым процентке қарыз алып жүрген әйелге алып барды. Ол кісі талап-шарттарын түсіндірді. Бірақ менің ойым тезірек ақшаны алуда еді. Мән бермедім, – деп бастады кейіпкер әңгімесін.
Мадияр 25 проценттік өсіммен берешек болып шыға келеді. Тура миллион теңгені алып, Алматыға жүріп кетеді. Сабақты ине сәтімен түсіп, әкесінің денсаулығына қажетті ем-дом уақытылы жасалған. Алайда бұдан кейінгі қиындық елге оралғасын басталған. Бастапқыда жігіт ағасының жағдайын түсінгендей болып, өсімпұлды он проценттен асырмауға мақұлдасқан қарыз беруші түрлі сылтау айтып, 25 проценттік айлық өсіммен төлеуді талап етеді. Әйтпесе сотқа беретінін айтып, қорқытады. Бір қызығы, Мадияр қарыз берушіге жақсы жұмыс тапқанда үстіндегі өсімін, яғни 250 мың теңгені төлеп тұруға келіседі. Мұны кейіпкер өзінің құқықтық сауаттылығының төмендігінен көреді.
– Бір миллион теңге қарыздан өсімпұлын есептегенде 6 айда төлеп бітіремін деген ойым болған. Бірақ бес ай бойы тек өсімпұлын төлегеннің өзінде екі миллионнан астам қаражатым ауаға кетті. Өзімнен де кінә бар. Бас аман болсын деп, үйдегі құнды жиһаздарды сатып, тезірек құтылғым келді. Шын мәнінде мені санаға сыймайтын өсімпұл үшін сотқа тарта алмайтынын кейін білдім ғой, – дейді ол.
Қарыз төлейтін мүмкіншілігінің бәрінен айрылған Мадияр соңғы үмітін үкілеп, заңгерлерге жүгінуді құп санайды. Бірер аптадан кейін заңды түрде қарыз беруші негізгі борышынан артық алған ақшасын қайтарып беруге мәжбүр болған. Мадияр осыдан кейін процентпен берілетін қарыз алып көрмегенін айтады.
Мұндай жағдай тек пікір білдірген Мадиярда ғана емес, ондаған қазалылықты алаңдатып отырғанын білеміз. Оның көпшілігі бастан өткен қиындықтарын жариялауға құлықты емес. Процентке қарыз беріп отырғандардың кәсібі туралы сұрау үшін телефон шалып көріп едік, көпшілігі тұтқаны тастап жіберді. Енді бірі отбасын осымен асырап отырғанын айтып, мазаламауымызды өтінді.

Дін не дейді?
Негізі ислам адамзаттың түсіністікте, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруіне жол ашатын дін екені белгілі. Бірақ процентпен қарыз беру мәселесіне келгенде: «Ақ-адалынан тапқан ақшамды қиналған жанға аздаған өсімпұлмен берсем сауап емес пе?» – деп топшылайтындар жоқ деуге болмайды. Осы тұста Жанқожа батыр атындағы орталық мешіттің бас имамы Берік Сүлейменовтың ойын білгенді жөн көрдік. Бас имам бұған діннің көзқарасы қандай екенін қадап айтты.
– Өсімқорлықтың харам екендігі туралы және оның апатқа ұшыратушы үлкен күнә жайында айқын дәлелдер Құран мен хадистерде молынан кездеседі. Әрі бүкіл мұсылман ғұламаларының бұл мәселе туралы ғылыми пікірі де адал емес. Ислам ғұламалары: «Өсімқорлық ешқашан да, ешбір шариғатта да халал болмаған», – деп кесімді түрде айтады, – деді қажы.
Шынында да ата дәстүрмен ұштасатын ислам дінін ұстанған жерлестер бұндай пікірді хош қабылдайды. Бірақ мұқтаждыққа келгенде, басқа іс түскенде тыйымға көз жұма қарайтын кездер өмірде аз кездеспейді.

Заң зәбір көргенге жақ
Қазіргі таңда мәселенің төрегілін заң, сот айтады. Бұл тұрғыда білімнің жоқтығы, заңнамамен таныспау адамды көптеген қиындыққа душар ететіні түсінікті. Сол себепті жас та болса, сот процесінде тәжірибесі бар заңгер Әбубәкір Бекболаевқа да хабарласып, процентке қарыз берудің, оның қайтарудың ережесі жайында сұрадық. Ол қарыз беруші де, алушы да сөздеріне берік болмаса пайда көрем деу бекершілік екенін айтады.
– Қазақстан Республикасының Заңнамасына сүйенсек, жеке адам біреуге өсімпұлмен қарыз бере алмайды. Өйткені Конституцияның банк және банк жүйесі туралы заңының 6 бабы, 1 тармағында Ұлттық банктің лицензиясы берілмеген жеке және заңды тұлғаларға банктік операцияларды жүзеге асыруға қатаң тыйым салынған. Көп жағдайда жеке тұлғаларға лицензия ұсынылмайды.
Дегенмен ауданда 25, 31 процентпен қарыз береді деген әңгімені жиі естіп жүрміз. Осы тұста қарыз берушілер өсімпұлдың шегі бар екенін ескере бермейді. Мәселен, ҚР-да бірінші, екінші, үшінші дәрежелі банктерге қызметіне сай өсімпұл белгіленген. Жеке адамдардан қарыз алғандар берешегін уақытылы қайтара алмай, қарыз беруші сотқа арызданса, одан ештеңе ұта алмайды. Өйткені сот берешектің негізгі бөлігін ғана қайтаруға міндеттей алады. Сондықтан жұрт қарызға ақша алып, оны төлемеуіме болады деген ойдан да арылуы керек, – дейді заңгер.

Салыққа салғырт қарамау керек
Несие берушінің кәсіп жасап отырғаны туралы сөз болғанда мемлекеттік кірістер басқармасының да айтары табылады. Бір қызығы, бүгінге дейін «процентке қарыз беріп отырмын, салық төлейін» деп келген бір адам болмаған. Салық басқармасының басшысы ондай тұлғалар анықталған жағдайда қандай шара көрілетінін айтып берді.
– ҚР-ның Кәсіпкерлік кодексінің 35 бабы 2 тармағына сәйкес жеке тұлға ең төменгі жалақының он екі айлық мөлшерінен артық пайда тапқан кезде кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Мейлі ол мал, жем, сүт сатса да елдің экономикалық тұрғыда дамуына үлес қосу тиіс.
2020 жылдан бастап кез келген қызметке кассалық аппарат қолдану керек. Ол растайды. Қарыз алушы мен берушінің арасында келіспеушілік болмас үшін заңды түрде тіркеліп жұмыс істеуі керек. Ақша алғандығы немесе бермегендігі жөнінде бухгалтерлік есеп жүргізу керек. Осы тұста сауда-саттықты дәптерге жазу әдетінен жирену керектігін айта кетейін.
Процентке ақша беретіндерді анықтау қиындық тудыратыны рас. Бірақ олардың үстерінен арыз түскен жағдайда әкімшілік кодекстің талабына сәйкес актілейміз де, сотқа жібереміз. Сот барысында әркімге әртүрлі айыппұл салынады. Бұл тағы қайталанса, жаза қоюлана түсетінін көпшілік біледі, – деді Темірлан Қожаназаров.
Қалай десек те материалдық қарыздың, оның ішінде өрескел өсімпұлмен берілетін несиенің жақсысы жоқ. Асылы қазаққа қаржылық сауаттылықты арттырып, қор жинауды әдетке айналдырса, мәселенің құйрығы қысқарар еді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

06 ақпан 2021 ж. 2 862 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031