Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Бір қатынның еркелігі”

“Бір қатынның еркелігі”

Əлқисса, ертеде бір батыр болыпты. Жекпе-жектің перісі атанған оның атын естігеннен-ақ жаудың құты қашады екен. Ел батырдың арқасында барақат ғұмыр кешіпті.
Әйтсе де батырдың да «үні шықпайтын жері» бар екен. Қатыны көрікті, бірақ шайпау болыпты. Кəдімгі аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығатынның» нағыз өзі дейді. Бұның да «атағы» күйеуінен кем түспесе керек. Бір қызығы, батыр үндемейді екен.
Бір күні алыс-жақындағы інілері жиналып ақылдасады. «Қой бұлай болмайды анау шайпау қатынды қуып жіберсін, немесе басқа ауыл боп отыра берсін. Батырға жібі түзу қатын алып берейік.
Құдайға шүкір, жерге қарап отырған жоқ. Елуге жаңа келген еркекке төсек жаңғырту деген не тəйірі? Тек ел ішінен таңдап, қалағанын айтсын» деп бəтуаласыпты.
Жұрт жиылып келгенде, батыр қуана қарсы алыпты. Қонағасы желінгеннен соң, келгендер шаруасына кіріседі. Солай да солай. Қонақтарды тыңдап алған соң батыр «Үш уəжім бар, соны айтайын, қалғанын өздерің шешіңдер» депті.
– Ал айт! – дейді қонақтар.
– Айтсам, бұл жеңгелерің бір байдың ерке-шолжаң қызы еді, тұңғыш рет той үстінде көрдім. Өзінің ұзатылу тойында. Баратын жері де жуан тұқым екен.
Болашақ күйеуі де келісті жігіт. Қыз өте көрікті еді. Көрген сəтте-ақ жүрегім дір етті. Адам кейде жете алмасын сезсе де, айға қолын созады ғой, мен де сондай күй кештім. Қайта-қайта қарай бердім.
Бір сəтте көзіміз түйісті. Содан соң маған қайта қадалды. Сəлден соң тағы қарады. Сынап отырғандай. Аяқ астынан бір шешімге келдім, жеңгесі арқылы: Егер мен десе, пəлен сайдың ішінде күтем. Шықсын, – деп сəлем айттым. Сайдың ішінде қос аттың жалын құшақтап тұрып, Алладан не тілемедім десеңші?!
Егер қолым жетсе өмір бойы аялап өтуге, үстінен қатын алмауға серт еттім. Бір кезде шолпының сыбдыры естіліп, күткен аруымның маңдайы жарқ ете қалды. Тілеулес жеңгені сол жерде қалдырып, екеуміз атқа қондық.
Мені толық білмесе де азаматтығыма сеніп, əке-шешесін, келін боп түсер жұртын жерге қаратып, етегімнен ұстаған сол ерлігін ұмыта алмаймын. Бірінші уəжім осы.
– Екіншісін айт!
– Бұның шайпаулығын қойғызу үшін мен не істемедім. Жəй ескертіп көрдім. Болмады. Талай рет қамшының астына алып, бөріктіріп сабадым. Қоймады.
Сосын бір күні шаңыраққа асып қойып, астынан от жаққыздым. Шырылдап кешірім сұрар дегем. Қайдағы... Үйді айналып жүгіріп жүрген інілерімнен күліп тұрып, кекесінмен сəлем айтып жіберіпті. Содан кейін сүтпен біткен мінездің сүйекпен кететінін ұқтым. Менің үндемейтін себебім осы.
– Үшіншісін айт!
– Жеңгелеріңнің шайпау екені рас, бірақ жатыры – алтын. Алты ұл туып берді. Қазір олар, Құдайға шүкір, алты бөріге айналды.
Ертерек қимылдасам ештеңе етпес еді, енді қартайған шағымда шешелерінің үстінен қатын алып жатсам, алты ауыл болып отырған олар не ойлайды? Ал мен айтарымды айттым. Қалғанын өздерің шешіңдер!
Қонақтар самсоз болып отырып қалыпты. Сонда босағада қымыз сапырып, əңгімені үнсіз тыңдап отырған қатыны айтты дейді:
– Ай, батыр-ай, бір қатынның еркелігін көтере алмай, əжептəуір əңгіме қылған осыларға сөз шығындап отырған сенде де ми жоқ екен, – деп ернін сылп еткізіпті.
Келгендер соңында жеңгелеріне ат-шапан айып төлеп, əрең құтылыпты.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

26 қаңтар 2021 ж. 2 700 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031