Құрбандық шалу – жаратушыға бойсұнудың айқын көрінісі
Құрбан айт – мұсылмандардың ұлы екі мерекесінің бірі. Исламдағы айттар (мерекелер) үлкен ерекше мән-мағынаға ие. Мәселен, Ораза айт Рамазан айында бір ай бойы ұсталған оразадан кейін келсе, Құрбан айт Зұл-хижжа айының қасиетті алғашқы он күндігінде жетеді. Бес парыздың бірі болған қажылық та осы күндері басталады.
Бұл күндер жылдың ең қасиетті күндері болғандықтан, онда жасалған ізгі амалдардың жеке тұлға және қоғам үшін көптеген ерекшеліктері мен игі әсерлері бар. Мәселен, құрбандық шалушылар құрбандық етін және одан басқа азық-түлік тарату арқылы жақындары, көршілері, соның ішінде мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, пайдасын тигізеді. Құрбан айттың құрметіне жайылған дастархан қоғам мүшелері арасында туыстық, көршілік, достық және әріптестік қарым-қатынастардың нығаюына әсер етеді. Сондықтан, елімізде кең тараған, бірақ соңғы уақытта ұмытылып бара жатқан «айттау» дәстүрі осы сәтті пайдаланып жақындардан хабар алу, олардың арасында көмекке мұқтаж болғандары болса, олар қол ұшын созу, қажеттіліктерін өтеу, туындаған мәселелерін шешу сияқты туыстық қатынасты күшейтуде ерекше маңызға ие болған. Одан бөлек Меккеге қажылық рәсімін өтеу үшін дүниенің шартарабынан келген мұсылмандар, ұлтына, түр-сыйпатына қарамастан бірге құлшылықтарын атқарып, әлем елдерінің өзара ауызбіршілігін, сыйластық және ынтымақтастығын арттыруға оң ықпал етеді.
Кәусар сүресінде келген: «Раббыңа арнап намаз оқы, құрбандық шал» деген аят басшылыққа алынып, құрбан шалудан бұрын айт намазы оқылу керек еді. Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімі бойынша, пандемия жағдайына байланысты, биыл айт намазы оқылмайды және құрбан шалу рәсімі мешіттерде жүзеге асырылмайды. Бірақ, үйінде құрбандық шалуға мүмкіндігі болмағандар бұл рәсімді www.qurban2020.kz сайты арқылы өтей алады. Сонымен бірге, мұқтаж жандар ет алуға өтініштерін қалдырса болады.
Әлбетте, көпшілік болып айт намазын оқу немесе құрбан шалуға адамдарды шоғырландыру секілді шараларды уақытша тоқтату адамдардың өмірін сақтауды, індеттің таралуына жол бермеуді көздейді. Осыны ескере отырып, азаматтарымызды төзімділік танытып, түсіністікпен қарауға, тәртіпті сақтап, тазалық ережелерін басшылыққа алуға шақырамыз. Құрбан айт елімізге құтты болғай!
Сержан АНДАРБАЕВ,
Облыстық ішкі саясат басқармасының
Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы