Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Таксиге де тәртіп керек

Таксиге де тәртіп керек

– Қызылорда, Қызылорда, бір адам болса жүремін...
Осы сөз қалааралық такси жүргізушілеріне жақсы таныс. Күнделікті күйбең тіршілікте темір тұлпар көмегімен нәпақасын тауып, отбасын асырап жүргендер де солар. Бұлардың арасында тізгінге тежеу беріп, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтайтындар жиі кездеседі. Алайда бес саусақ бірдей емес. Сонымен бірге арасында мойнына жүктелген міндетке бейжай қарайтындар да бар. Шындығында оларға тағылатын айып қандай? Қалааралық таксишілер ісіне немқұрайлы қарай ма?

Негізінен ауданда облыс орталығы – Қызылорда қаласымен байланыстыратын таксилердің екі тұрағы бар. Бірі, вокзал маңындағы Жалаңтөс баһадүр саябағы алдында аялдаса, екіншісі «Нұршуақ» автобекеті жанына шоғырланады. Өздеріне «Вокзалдықтар», «Нұршуақтықтар» деген атау қойған. Қалаға қатынайтын көліктер саны 120-ға жуықтайды. Бұлардың тұрғындарды жинайтын жерлері екі бөлек болғанымен, облыстағы бас қосатын орны бір. Сол маңнан өздері келіскен күйі кезек қойып, жолға шығатын көрінеді.Басты міндет – көлік ішіндегі жолаушыны аман-есен діттеген жерге жеткізу. Алайда ара-тұра жолдағы оқыс оқиғалар оларға тағылатын айып санын арттырып тұр. Жол ережесін сақтамаушылық соңы қайғылы жағдайға әкеледі. Айтпақшы бұл мәселені не үшін көтеріп отырмыз. Өйткені соңғы уақыттары олардың тым шектен шығып кеткені аңғарылды.
Елде індет жайылғалы төтенше жағдай режимі енгізіліп, тұтас халыққа үйден шықпау тапсырылған. Жұмыс орындарының онлайн режимге көшкенін де білеміз. Аудан кіреберісіне блок-бекеттер қойылып, рұқсатсыз сыртқа шығу шектелген. Заң барлығымызға ортақ. Бірақ такси тізгіндегендердің заңды елей қойғаны шамалы. Ауданымызды жағалай қойылған блок-бекеттерге қарамастан трассаға шығатын төте жол тауып, жұмыстарын тоқтатпады. Бағаны да тым шарықтатып, адам басына он мың теңгеге дейін апарған. Одан соң бес мың теңгеге келісе кететіндер де сол қатардан табылды. Артынша мұны әдетке айналдырып, ақшаға құныққанның кебін киді. Оларға аталған деректерді алға тартып, орындалған олқылықтардың барлығын бетке басқанымызда қойылған сұрақтарға жауап беруден жалтарып, «Менің бала-шағамды асырайтын, несиемді өтеп беретін сен емес» деп өзімізге шаптықты. Бұл дегеніміз карантин режимі кезінде мемлекет тарапынан қарастырылған көмектерді көппен бірге көруді қаламағанын көрсетіп тұр емес пе?!
Жалпы төтенше жағдай режимі кезінде кәсібін тоқтатпаған көлік жүргізушілердің бұл қылығы МАИ қызметкерлерінің жұмысын жоққа шығарып отыр. Егер олардың тарапынан тәртіп қатаң болып, талап күшейген болса, мұндай жағдайлар орын алмас еді.
Шыны керек такси иесінің барлығына бірдей күйе жағудан аулақпыз. Олардың арасында заңға бағынып, мемлекеттен бөлінген 42500 теңгені қанағат тұтқандар да болды. Мәселенің мән-жайын өз ауыздарынан естіп білу үшін арнайы қалааралық жүргізушілердің бірімен тілдесіп көрдік.
– Осы кәсіппен айналысып жүргеніме екінші жыл. Тұрғындарды Қызылордаға жеткізу, екі арадағы жолды тоздыру оңай емес. Күн демей, түн демей еңбек етіп жүргеніміз отбасының қамы. Шаңырақта барлығы маған қарап отырғандықтан, жағдайын жасау менің мойныма жүктелген. Көпшілік жолай болған жайсыз жайттарға бізді кінәлап, айыптағысы тағысы келеді. Бірақ қанша жол ережелерін сақтап жүргенімізбен алдымызда не күтіп тұрғаны бізге де беймәлім.
Мұнда барлығымыз бір отбасындай болып, әр жолға шыққан сайын, бір-бірімізге ақ жол тілеп, амандықта қалаға, қаладан ауданға жеткенді тілеп отырамыз. Кенет жолда бірнәрсеге ұрынды десе, жанымызды қоярға жер таппай алаңдаймыз. Төтенше жағдай режимі кезінде табысты күреп тапқандарды өз ­басым білмеймін. Жұртшылық та бізді түсініп, барлығын қолдан жасап отырмағанымызды біліп жүрсін, – деген жанайқайын жеткізді жүргізуші Бекзат Бақберген.
Кейіпкердің бұл сөздерінен кейін такси тізгіншілердің бәрі тәртіпті тыңғылықты орындап жүр дей алмаймыз. Өйткені жылдамдықты шектен тыс асыратындар да осы қатарда екені жасырын емес. Естеріңізде болса 27 мамыр күні сағат 15:30 шамасында «Самара-Ташкент» тасжолының Жалағаш ауданы Аққұм ауылының тұсында шетелдік нөмірлі жеңіл көлік пен «КамАЗ» жүк көлігі соқтығысқан болатын. Жол оқиғасы салдарынан бір адам қайтыс болып, сегіз адам жарақаттанды. Мұның өзі жүргізушінің қырағы болмағандығынан туындаған жағдай. Бұл жөнінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен «көлікті басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» сотқа дейінгі мәселемен тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған ауыр жағдайға жұртшылық тізгіншіні айыптайды. Осы ретте аудан тұрғыны Мейірім Құрманқызы:
– Қызылорда қаласына бару үшін таксидің көмегіне жүгінеміз. Сондағымыз ертерек облысқа жетіп, шаруаларымызды бір жақты ету. Дегенмен кейде жылдамдықты асырып, әуеннің дауысын жаңғыртып қоятын жүргізушілерге кездесіп қаламыз. Жол үстінде ескерту айтсақ, оған мән бермей, үндеместік танытып, әрі қарай сол күйі жалғастыра береді. Әлсін-әлсін телефонға қарап, зәре-құтымызды қалдырмайды. Олар басты борыш жол ережесін сақтап, адамдардың амандығы екенін қаперлерінде мықтап сақтауы қажет. Аталған келеңсіздік жол-ережелерін қатаң түрде сақтамағындықтан туындап отыр, – деді.
Жоғарыдағы төтенше оқиға бір отбасыға қан жұтқызып, орны толмас қайғы-қасірет алып келді. Мұның өзі көлік жүргізушінің жол қозғалысы ережелеріне жіті назар аудармағандығынан туындаған мәселе. Оның үстіне аудандағы қалааралық таксилердің ісіне бақылау жасап отырған тиісті орындардың жоқтығы анықталды. Сондықтан жауапты маман дайындап, әрбір жолға шығатын көліктің жарамдығын тексеріп болған соң рұқсат еткен жөн секілді. Сонымен қатар екі араға қатынайын көліктің жылына қараған дұрыс. Ескі көліктің кенет қай жерде сыр беретінін білмейміз. Бастысы, адам саулығы екенін ескеріп, жол үстінде қайғылы оқиғаға бой алдырмас үшін, оған дейінгі қауіпсіздік шараларын қолға алып, такси тізгіншілер жол ережелерін қатаң түрде сақтасақ, көптеген жол апатының алдын алған болар едік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
13 маусым 2020 ж. 601 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 72

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930