Қазақстанда дипломның шынайылығын тексеретін онлайн қызмет іске қосылады
Қазақстанда дипломның шынайылығын тексеретін қызмет іске қосылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық даму министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы жазбаларыма бірқатар қызықты пікірлер мен ұсыныстар жазылған екен. Соның бірнешеуіне жеке-жеке тоқталсам деймін. Жұмыс берушінің дипломның шынайылығын олайн тексеруі үшін дипломдарды цифрландыру ұсынылды. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Білім министрлігі қазір дипломдардың деректер базасын толықтырып жатыр. Жыл соңына дейін дипломның шынайылығын тексеретін сервисті іске қосу жоспарланған», - деп жазды министр Facebook желісінде. Министрдің айтуынша, тұрғындар аурухана қағазын электронды форматқа ауыстырып, декреттік төлемдердің проактивті көрсетілуін ұсынған. «Бұл мәселе де ведомствоаралық комиссия отырыстарында көтерілген. Жүкті әйелдер ХҚО-ға келіп әуре болмауы үшін босануға дейінгі және декреттік төлемдерді проактивті форматқа ауыстыру ұсынылған. Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктеріндегі әріптестермен кездесіп, проактивті форматқа ауыстыруды жеделдету туралы уағдаластық. Жақын арада оның нәтижесін хабарлаймын», - деді А. Жұмағалиев.
Сонымен бірге, тұрғындар құжаттарға апостиль қою мәселесін де көтерген. «Шетелде жүрген адамдарға кейде апостилі бар құжат қағаз жүзінде керек боп, оны Қазақстаннан алдыру қажет болады. Әділет министрлігі е-апостиль әзірлеумен айналысып жатқанын білемін, бұл құжаттарды онлайн алуға мүмкіндік береді. Шамамен тамыз айында бұл қызмет қолжетімді болуы мүмкін. Халыққа қызмет көрсету орталығында банк қосымшалары арқылы төлем жасауға болады. Қазір де мемлекеттік баж салығы QR-код арқылы төленеді. Үшінші тоқсанның соңына дейін басқа да қызмет түрлерін, жылжымайтын мүлікті тіркеу ақысын да QR-кодпен төлеу мүмкндігін жасауды тапсырдым», - деді Асқар Жұмағалиев.