Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұғысты болсын

Жұғысты болсын

Көршінің марқұм болған ата-анасына Құран оқытамын деп жайған садақа дастарқанында біраз тақырыпқа сөз қозғалды. Жақсы жері қағытпа қысыр сөз, әзіл-қалжың емес, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақтың қанына жат емес біршама әңгіменің басы қайырылды.
– Сынықтан басқаның бәрі жұғады, – деді көршінің Ақай қыстағынан келген құдасы сөздің ретіне қарай.
– Бұны қай мағынада айттыңыз? – деді жасы жетпісті алқымдаған қария оған сынай қарап.
– Қай мағынада дегеніңіз қалай, әрине медициналық тұрғыда немесе жұқпалы дерттің бәріне қатысты ғой, – деді қонақ.
– Оныңыз да дұрыс шығар, бірақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген мақалды өзіңіз айтқандай медициналық мағынада ғана қабылдау жеткіліксіз. Бұл сөзді қазақ тұрмыстан алған. Мысалы зер салып қараңызшы, «Байдан жұғады, балдан тамады» болмаса «Ыдыс ауысса ырыс жұғысады» деген қанатты қағидалар жетерлік. Осыдан кейін «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөздің түп төркіні тарқатылатын сияқты.
Тойдан мүше таратылғанда, келін түсіп не жаңа қонысқа көшіп шашу шашылғанда, тағы осы тектес жақсылықтың жаршысына айналған жарқын шараларда көпшілік «бізге де жұғысты болсын» деп ерінбей еңкейіп жерден тәттілерді теріп жатпай ма?! Олай болса, сіз айтқан жұғу мен қазақтың шаңырағында қалыптасып, қанына сіңіп қалған киелі жұғыстықтың арасында әжептәуір айырма бар десе де болады.
Қарияның айтқаны қарапайым болса да көңілге қонымды шықты. Шындыққа бергісіз бір әдемі аңызды осы тұсқа ортақтастыра кетсек артық болмас еді.
Елден жырақтау отырған қазақтың қатардағы қара шаңырағына аттылы жолаушы келеді. Қой қораның іргесіне атын байлап, киіз үйге кіреді. Үй егесі тосыннан келген жолаушыны «құдайы қонақ» деп қуана қарсы алып төрге шығарып, шөлін бассын деп шайын беріп, қазанға салынған бұйырған ас піскенше әңгіме өрбітті. Тамақ дайын болып, қолға су құйылып, біраздан соң буы бұрқырап бірер күн бұрын сойылған қой етінен қалған кәделі жіліктер салынып, ортаға үлкен ас келді. Үй иесі ет турай бастады. Майлы жіліктің сом етін сылып, ауыз тие берсін деп қонақтың алдына қойды. Жолаушы қонақ та «бісмілләсын» айтып еті-майы аралас жіліктің басын қолына ала бергенде, ­алыстан қасқырдың ұлыған дауысы естілді. Жолаушы тегін адам емес-ті, аң-құстың тілін білетін. Туырлығы түрулі тұрған киіз үйдің қонақ отырған іргесінде жатқан дүрегей төбетке қасқырдың жолдаған хабарламасына құлақ салды.
«Ит бауырым, бір-бірімізге бөтен емес едік қой, аш жүргеніме бірнеше күн болды. Қой қораның өзіме мәлім осал тұсынан бір тұсағыңды олжалайын, кедергі жасамашы». Ит әупілдеп жауап қайтарды. «Жоқ қасеке, адал асын ішіп отырып иеме опасыздық жасай алмаймын». Қасқыр қайта ұлыды. «Онда жолаушының атын қуып кетейін, белгі бермей жата тұршы». Иттің жауабы да кешікпеді. «Қазір қонақ қолына майлы жілік ұстап отыр, өзінен қалғанын маған ­тастаса үмітіңді үз, тастамайтын болса қуып кете бер».
Осының бәріне құлақ салып отырған жолаушы жіліктен ауыз тиіп, қалғанын іргедегі итке тастай салды. «Қасеке үмітіңді үз» деп ит бір рет әуп етті. Үй иесінің қонақтың қылығына көңілі қалды.
Ет желініп орталана бергенде аулақтау тұрған қора жақтан шу шықты, қойға қасқыр шауып, бір қора қойды қуып кетті. Ізінен ит те қоса кетті. Адал малына алаңдап атына міне сала соңына түскен үй иесіне жолаушы да қосылды. Бір қыр асып иіріліп тұрған қоралы қойды, оған жақын арбасып тұрған ит пен қасқырды көрген жолаушы үй иесіне «иттің емес, қасқырдың артынан жақындап айқай сал, қайсысы қайырылса сол құриды» деп ақыл берді. Дәл солай болды да.
Артынан шыққан дауысқа алаңдаған қасқырды төбет жарып тастады. Қойлар да дін аман,тіпті бірі жаңа туған егіз қозысын ертіп алыпты. Қасқырды олжалап, қоралы қойын иіріп үйіне қайтып келген үй иесі қонаққа шын көңілден шыққан ризашылығын жеткізді.
– Әдепкіде майлы жілікті итке тастаған қылығыңызға қарап сізге аздап көңілім қалып еді, енді риза болып отырмын. Малым да аман, қойым егіз тапты, құтты қонақ екенсіз, қалауыңызды айтыңыз, қолыңызды қақпаймын.
– Қалауымды сұрасаңыз маған итіңізді қиыңыз, – деп қонақ та бұйымтайын жасырмады.
– О не дегеніңіз, төлеуі бір күшік итті қайтесіз, тіпті сізге ат мінгізейін.
– Жо-жоқ, осы итті қаладым, – деп қонақ та айтқанынан қайта қоймады.
– Мақұл, ала қойыңыз, – деген үй иесі мәрттік танытты. Осы сәтте ит киіз үйдің іргесінде ораулы жатқан шиге сарып кетті. Мұны байқап қалған қонақ: – Мен ойымнан айныдым, көптен бері әйелім ши тапсырып жүр еді, қалауым осы шиге түсіп тұр, – деді.
– Күнге қаңсып жатқан шиге қызыққаныңызды түсінбедім, ала қойыңыз, – деді үй иесі таң қалып.
Осыны күтіп тұрғандай егіз қозының бірі жүгіріп келіп, шидің ит сарыған тұсын жалап алды.
– Қожайын бұл соңғы қалауым болсын. Маған мына қозының етін астырып алып келсең, түгел өзім жеп кетер едім, тек бір шымшым етіне де ешкім тиіспесін, – деген тілегіне айран-асыр таң қалған үй иесі айтқанын бұлжытпай орындады.
Қозының еті пісіп, қазаннан түсіп қонақтың алдына келгенде бір құлағы жоқ болып шықты. Бұған көңілі қалған қонақ себебін сұрағанда, үй иесінің әйелі: – Ойбүй, жүгермектер-ай, суысын деп қазанның қасына қойсам, балдардың кенжесі бір құлағын кесіп жеп кетіпті-ау, – деді өзін кінәлі сезініп. Сонда болған жайттың бәрін бағамдап ой елегінен өткізіп отырған қонақ:
– Еш қапа болмаңыздар, бұл жерде жанымды салғанда маған жұғыспайтын, бұйырмаған баққа ортақтасқым келген менен өзге айыпты жоқ. Бағың итіңде екенін сезіп итіңді сұрап едім, итің шиге сарып дарытты, шиге көзім түсіп еді, қозыңа жұғысты, қозыңа аңсарым ауып еді, балаңа барып орнықты. Босағаңа бақ байланып қалған екен, әулетіңе құт болсын! – деп батасын беріп аттанып кетіпті.
Құран Кәрімде аты аталатын, әлемді шарлап бақ-береке, ырзық-несібе тарата жүретін, пайғамбарларға теңестірілген Қызыр әулиенің шарапаты тіршілік атаулының тамырына қан жүгіртетін әз-Наурызда баршамызға жұғысты болсын!

Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,
Әйтеке би кенті
27 наурыз 2020 ж. 4 759 0

«Тоқаев Әлиев емес»

03 қаңтар 2025 ж. 36

Жапония туралы 33 дерек

03 қаңтар 2025 ж. 38

«Жыл адамы» анықталды

02 қаңтар 2025 ж. 74

Тағы да жер сілкінісі

02 қаңтар 2025 ж. 53

Кел Жаңа жыл, Жаңа жыл!

01 қаңтар 2025 ж. 107

Жылан жылынан не күтеміз?

31 желтоқсан 2024 ж. 118

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031