Ұлы телефонды қалай тіркетеміз?
2019 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелмеген телефондарға ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді. Бұны естіген көпшіліктің көкейін «Телефонды тіркеу не үшін қажет, оны қалай тіркеуге болады, тіркелмеген телефондар жаппай бұғатталып, жарамсыз болып қала ма?» деген сұрақ мазалары анық.
2017 жылдың аяғында ҚР «Байланыс туралы» заңына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Аталған заңның 36-2-бабының 2-тармағына сәйкес телефонның иесі оны ұялы байланыс операторына тіркеуі тиіс. Жаңа өзгеріске байланысты елдегі және өзге елден әкелінген барлық телефонды тіркеу міндетті делінген. Осы ретте оқырманды ойландырған сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Тіркеу не үшін қажет?
Жауапты сала мамандарының сөзіне сүйенсек, бұл шара лаңкестікпен және діни экстремизммен күресті күшейту, сонымен қатар телефон ұрлығының алдын алу үшін қолға алынған. Қазір смартфонның IMEI-коды болғанымен оның кімге тиесілі екенін анықтау қиын.
Мамандардың айтуынша, егер базаға тіркелсе, иесін табуға және телефон ұрлаған адамды да тез қолға түсіруге мүмкіндік бар. Ал тіркелмеген телефондар бұғатталмайды, оларға тек абоненттік қызмет көрсетілмейді, яғни сіз ешкіммен хабарласып, хат алмаса алмайсыз.
Телефонды тіркеу қалай жүзеге асады?
Телефонды атыңызға тіркеу қиын емес. Ол үшін ұялы байланыс операторларының кеңсесінде сағаттап кезекте тұрып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Ұялы байланыс абонент құралын тіркеу үшін оның иесі өзіне қызмет көрсететін байланыс операторына жеке сәйкестендіру (ЖСН), ал заңды тұлғалар бизнесті сәйкестендіру нөмірін (БСН), және ұялы телефонның IMEI-кодын қоса жібересіз. IMEI-кодты мына жерден таба аласыз. Бірінші, телефоныңыздан *#06# теру арқылы көресіз, екінші, батареяның астында, қаптамада және кепілдік картасында болады. Абоненттің ұялы байланыс телефонын тіркеу тегін жүргізіледі. Кәмелет жасына толмаған балалардың ұялы телефондарын тіркеу ата-аналары немесе заңды өкілінің келісімімен ғана іске асады. Бала кәмелет жасына толғанша құрылғы ата-анасының атына тіркеліп тұрады.
Компаниялардағы тіркеу қалай жүргізіледі?
Сіздің байланыс брендіңіз Kcell және Activ абоненттерінен болса, “6006” қысқа нөміріне хабарласып, тіркеу туралы ақпараты бар SMS аласыз. Оған жауап ретінде жоғарыда аталған деректерді жіберуіңіз керек. Содан кейін сізге тіркеуге қабылданғаны туралы хат түседі. Екінші тәсіл – телефонда *660# USSD командасын теріп, қоңырау шалу түймесін басу. Сізге мәліметті енгізу үшін арнайы жолақ ашылады, сонда тиісті деректерді енгізіп, «Жөнелту» түймесін бассаңыз жеткілікті. Бірақ телефонды тіркемей тұрып абоненттік нөміріңіздің өз атыңызға тіркелгеніне көз жеткізіңіз.
Beeline қолданушылары «6914» нөміріне ЖСН-ін (12 сан) жіберу керек. Компания өкілдері IMEI-кодты тіркеудің тағы бес тәсілін атады. «6914» қысқа нөміріне қоңырау шалу және «Мой Beeline» қосымшасын телефоныңызға жүктеп, осы қосымшаны пайдалану арқылы да тіркеуге қоюға болады. Сонымен қатар Beeline.kz сайтында және Beeline-ның кеңселерінде тіркеле аласыз. Өзіңізге жақын кеңселердің тізімін ресми сайттан табуыңызға немесе «0611» нөміріне хабарласып, call-орталықтан білесіз.
Ал «Теле 2» операторының баспасөз қызметі өз тіркеулерінің екі кезеңде жүретінін мәлім еткен. Бірінші кезекте компания өкілдерінің өздері телефондарды тіркеп жатыр. Бұл қадамға баруының себебі, нөмірлердің көпшілігі тұтынушылар атында тіркелгендіктен олардың IMEI кодын көруге мүмкіндік бар.
«Теле2» нөміріңіздің атыңызға тіркелгендігі жөнінде хабардар болғыңыз келсе, *835# USSD командасын теріп, қоңырау шалу түймесін бассаңыз, толық ақпарат SMS хабарлама арқылы келеді.
Еске салайық, 22 қазан күні ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік құрылғыларды IMEI-код+SIM-карта+ЖСН схемасы бойынша міндетті тіркеу ережесі күшіне енетінін еске салды. Тіркелмеген абоненттерге байланыс қызметі көрсетілмейді. Телефонды тіркеуде немқұрайлық танытып, тілдесуден қағылып қалмаңыз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА