Қазақстанда несие беру шарттары өзгереді
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев несие беру шарттарын өзгерту туралы айтты. Бас банкирдің айтуынша, жыл соңына дейін азаматтардың берешегін өсірмеу мақсатында онлайн кредиторлар, кредиттік серіктестер мен ломбардтарды реттеуге арналған нормативті актілер қабылданады.
«Банктер мен банктік қызмет туралы заңға, сондай-ақ микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдерді есептеуге тыйым орнату бойынша түзетулер енгізілетін болады. Ұлттық банк аталаған түзетулерді парламенттің қарауына қыркүйекте енгізеді», — деді Досаев үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, несие алған адамның отбасына қалыпты өмір сүруге қажетті қаржыны қалдыру үшін азаматтардың борыштық жүктемесін есептеу кезінде барлық мәселе ескеріледі.
«Қарыз алушының барлық міндеттемесі, оның төлемқабілеттігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Борыштық жүктеме коэффицентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады», — деп атап өтті Досаев.
Бұдан бөлек, тұтынушылық несиелерді беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейетін болады. Осының арқасында шектен тыс несие беру саясатының алдын алуға болады.