Эфиопияда құлаған ұшақтың ішінде БҰҰ 19 қызметкері болған
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Эфиопияда ұшақтың апатқа ұшырауынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.
БАҚ-тың ақпаратына сәйкес, жексенбі таңертең Аддис-Абебтан Найробиге бет алған «Эфиопия әуе желілері» әуе компаниясының Боинг 737 ұшағы Дэбрэ-Зэйт қаласына жақын жерде апатқа ұшырады. Әуе лайнерінің бортында 157 адам болған, соның ішінде сегізі - экипаж мүшесі. Алдын ала ақпарат бойынша, аман қалғандар жоқ.
Сондай-ақ, мерт болғандар арасында БҰҰ жүйесі мекемелерінің 19 қызметкері, соның ішінде Халықаралық көші-қон ұйымдары, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі басқармасы, БҰҰ қоршаған орта бағдарламасы және Дүниежүзілік Банк қызметкері болған. Өз кезегінде бас хатшы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына, БҰҰ қызметкерлері отбасыларына, Эфиопия үкіметі мен халқына көңіл айтты. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі ұшақ бортында қазақстандықтардың жоқ екендігін растады.