Фото: Иордания королінің Х әлеуметтік жлісіндегі парақшасынан
Иорданияның әскери-әуе күштері Газа секторына Палестина анклавында жұмыс істейтін Иордания далалық госпиталіне арналған медициналық көмек жеткізді. Бұл туралы Иордания Королі ІІ Абдалла Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады, деп жазады Каzinform агенттігі.
Иорданиялық патшаның айтуынша, десант түсіру түн ортасы шамасында жүргізілген, бұл ретте жедел медициналық көмек Газа секторындағы иорданиялық далалық ауруханаға түсірілген.
«Біздің әскери-әуе күштеріміз түн ортасында Газа секторындағы Иордания далалық ауруханасына жедел медициналық көмекті тікұшақпен жеткізді. Газадағы соғыста зардап шеккен палестиналық бауырларымызға көмектесу - біздің міндетіміз. Біз әрқашан палестиналық бауырларымыздың жанында боламыз», - деді Иордания Королі ІІ Абдалла.
Израиль әскері Газа секторына медициналық көмек жеткізуді Иорданиямен «үйлестіргенін» мәлімдеді.
Иорданияның Газаға дәрі-дәрмек жеткізу мәселесі АҚШ және Израильмен келісілді, деп хабарлайды The Times of Israel америкалық шенеунікке сілтеме жасап.
Десант түсіруді Иорданияның Корольдік Әскери-әуе күштері жүзеге асырды. Бұған Газа секторына Рафах бақылау-өткізу пункті арқылы көмек жеткізудің кешігуіне байланысты Газадағы иорданиялық далалық госпитальда қажетті заттар таусылуы себеп болған, деп хабарлады Иордания армиясынан.
Иордания Қарулы Күштерінің хабарлауынша, госпиталь дәрі-дәрмектің тапшылығына қарамастан өз жұмысын жалғастырып, Газа секторындағы адамдардың қайғы-қасіретін жеңілдетудегі өзінің гуманитарлық рөлін атқарып келеді.
Газа секторындағы Иордания далалық ауруханасы 2009 жылы құрылған және Иордания армиясының құзырында. Медициналық мекеме тәулігіне 1000-1200 адамға тегін қызмет көрсетеді. Бірнеше апта бұрын Израильдің төңіректегі аудандарды бомбалауы, сондай-ақ оған апаратын жолдарды жауып тастауы салдарынан госпитальдің жұмыс істемей қалғаны туралы хабарланған.
Басқа араб елдері сияқты Иордания да Израильдің Газа секторын бомбалауын айыптап отыр. ХАМАС басқаратын анклавтағы шенеуніктердің айтуынша, бомбалау салдарынан кем дегенде 9 922 палестиналық қаза тапқан.
Өткен аптада Амман Израильді «бұрын-соңды болмаған гуманитарлық апат жасады» деп айыптап, Израильдегі елшісін кері шақырды.