Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Озбақтан туған озбыр ой

Озбақтан туған озбыр ой

Әңгімені Адам атаның жер бетіне жіберілген сәтінен бастасақ та тіршіліктің бұлжымас формуласы бары анық. Оны ғалымдар әлі толық зерттеп бітпеген су астындағы және жер бетіндегі жәндіктер мен озық сана иелерінсіз елестету мүмкін емес. Тіршілік иесінің кез келген бір түрінің жойылып кетуі жер бетіндегі тепе-теңдікті бұзатыны тағы бар. Мәселен, бір қарағанда жұрттың малын қырып, қорасын қанға бөктіріп кетіп жүрген түз тағысын қолдан құртып жіберер болсақ, жер бетінде бүгінгідей індеттің қаншама түрі пайда болар еді. Ғалымдардың қасқырды «дала санитары» атауының себебі де осында жатыр. Сондықтан саны едәуір аз жан-жануарлар мен жәндіктердің тіршілігін тоқтатпау, қорғау қазір «Қызыл кітаптың» дәргейіне берілді. Бүгін адамзат тарихындағы тіршілік иелерінің ең үлкен геноциді мен оның салдары туралы сөз қозғаймыз.
ХХ ғасырда адамзат небір сұмдық әрекеттерге барғанымен есте қалды. Әсіресе, қытайлық коммунистер табиғатты басқаруды көздейтін түрлі жобаларды жүзеге асыруға тырысты. Бұл әрекет қайғылы жағдаймен аяқталмағанда жануарларға бағытталған геноцидтің басы болар ма еді?! Бірақ 1958 жылы қытайлықтар аспан асты еліндегі барлық торғай мен басқа да ұсақ құстарды жойып жіберді. Одан кейінгі ашаршылық ондаған миллион адамның өмірін қиды. Ақыры аспан империясының билігі Канада мен КСРО-дан вагон-вагон құс сатып алуға мәжбүр болды.
Мәселе Чжунго үкіметінің бірнеше жыл ішінде өнеркәсіп және ауылшаруашылық өндірісі бойынша әлемнің озық экономикалы елдерін басып озуға шешім қабылдаған күннен басталды. Бұл мақсатқа жету үшін коммунистік идеология көмекке келе қойды. Орыс тарихшыларының деректеріне сенсек, «Үлкен серпіліс» шамамен 38 миллион адамның өмірін қиған. Оның көпшілігі аштықтан және құрылыс алаңындағы ауыр жұмыстан қайтыс болды. Жоба аясында жүзеге асырылған ұлттық бағдарламалардың бірі – елдегі «төрт зиянкестің» жаппай көзін құрту. Егеуқұйрық, шыбын, маса мен торғайларды Қытай территориясынан жою науқаны 1958 жылы 12 ақпанда Мао Цзэдун «жауларды» толығымен жою туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін басталды. Бұл істі жүзеге асыруға қарулы күш пен арнайы жасақтың шамасы жетпегендіктен Орта Патшалықтың тұрғындарын жұмылдырды. 1958 жылы 18 наурызда Қытай Коммунистік партиясының VIII съезінде ҚКП Орталық Комитетінің басшысының жұртты астықтың жартысын жеп бітірген торғайларды аяусыз қыру туралы үндеуі сөзімізді растайды.

Табиғат тұрақтылығымен тайталас
Әйгілі американдық эколог Джудит Шапиро өзінің «Маоның табиғатқа қарсы соғысы» кітабында саясаткерді қатаң сынады. Бұл зерттеу жұмысы 2001 жылы Кембридж Университетінің баспасында жарық көрді. Джудит Шапиро: «Төрт зиянкесті түбімен жою» ұраны бүкіл ел бойынша экологиялық апатқа, табиғат үйлесімділігін құртуға бағытталған бастама еді. Құстардың көзін құртуға бала сарбаздарды тартты. Бұл «зиянкестерге» қарсы қозғалыста мектеп оқушылары негізгі күштің бірі болды, – деді. Шынында да, елдегі қанаттылардың көзін құртуға балалар, ересектер мен қарттар білек сыбана кірісті. Мектеп оқушылары, студенттер, сарбаздар, жұмысшы мен қызметшілер оқудан және жұмыстан босатылып, өздері бастаған соғыс даласына аттанды. Бір қызығы, бұған ешкім қарсы болған жоқ. Іштей келіспегендердің өзі үнсіз қалды. Ата-аналар мен мұғалімдер балаларға құс ұясын бұзып, «айыр ағашпен» атуды бұйырды.
Торғайды ең көп өлтірген балаларға мектепте құрмет грамоталары табысталды. Бұқаралық ақпарат құралдарында өлген құстардың суреттері есепсіз басып шығарылды. Құс денелерін жүк көлігіне тиеп, полигонға төкті. Өлген қанаттыларда сан жоқ еді. Өйткені ол ауада 15 минуттан артық тұра алмайтындықтан, қытайлықтар құстарды үркітіп, таяқ және темірмен ыдыс-аяқтарды тарсылдатып, үркітті. Амалы таусылған құстар жерге құлап түсті. Адамзаттың сондағы жауыздығын айтып жеткізу қиындау болар. Сарапшылардың пікірінше, бұйрық шыққаннан кейінгі екі айдың ішінде торғай елде 2 миллиардқа кеміген. Пекин мен Шанхайдағы жаппай акцияның алғашқы үш күнінде миллионға жуық құс қырылды. Қалаларда тіршілік ететін құстар ауылшаруашылық дақылдарына зиян келтірмесе де таяқтың астында қалды. Қытайлықтар мұның да сұрауы болатынын сезсе де, қатігездік көрсетті.

Жауыздыққа жауап
Жазушы Станислав Францевич Старикович «Ең көп таралған жануарлар» атты кітабында: «1960 жылы торғайлардың жойылуы жәндіктердің күрт көбеюіне алып келді», – деп жазды. Расында жасыл құрттар ауылшаруашылық дақылдарын толығымен жеп қойды. Басқа алқаптар шегіртке мен майда зиянкестердің кедергісіз олжасына айналды.
Айта кету керек, Мао Цзэдунның жоспары бойынша келесі маусым өте жемісті болды. Қытай газеттері өздерінің саяси басшысының даналығын, жан-жақты білімін мадақтады. Артынша шаруалар өрісте жәндіктердің көбейгенін байқап, дабыл қақты. 1960 жылы еккен егінге орақ түскенше астықтан түк қалмады. Қытай империясының тұтас халқы егінді жинауға, шегірткені өлтіруге жұмылдырылғанымен олар жұдырықтай торғайдың қолынан келген тірлікті атқара алмады.Нәтижесінде бүкіл еңбек зая кетті. Көп ұзамай елде аштық басталды. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қытайда 1960-1961 жылдары азық-түлік тапшылығынан 20 миллионға жуық адам қайтыс болды. Батыстық ғалымдардың пікірінше, мәйіт саны 30 миллионнан асқан. Осылайша Қытай құстардың бүкіл түрін жоюға тырысқаны үшін табиғат алдында жауапқа тартылды.

Өткенге өкініш
Торғайлар жер емген шаруаларды шығынға батыратыны рас. Бірақ соның есесіне егінді орақ түспей жатып жайпайтын жәндіктердің көзін жояды. Қытайлықтар бастан өткерген қиындықтан кейін мұны тез түсіне қойды. Бұған дейін көзін құрту үшін насихатталған «зиянкестер квартеті» басқа кейіпте айтылып, кенелер мен тарақандар айыптаушы плакаттарда жиі байқалды. Торғайларды жою жөніндегі жаппай науқан тоқтатылды. Төраға Маоның өзі қателік жасағанын жанама түрде мойындады. Сонда да Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің «Гигиеналық шаралар туралы» 1960 жылғы 18 наурыздағы жарлығында егеуқұйрық, шыбын, маса мен кенелерді түбімен жою туралы бұйрық күшін жойған жоқ.
Ақыры Аспан асты империясы КСРО мен Канададан көмек сұрауға мәжбүр болды. Экологиялық мәселеге бейжай қарамайтын елдер бұған қуана келісті. Бұдан түсетін пайда қызықтырмады деуге болмас. Экологиялық апатқа ұшыраған елге Кеңес Одағы Орта Азия мен кәрі құрлық аспанында қалықтаған құстарды аулап, бірнеше вагонды жөнелтіп жіберді. Қытайға келген «қоныс аударушылар» үлкен азық-түлік қоры болғандықтан тез бейімделіп, аз уақыт ішінде бірнеше есеге көбейді. Қаржылық шығындармен қоса халқының бір бөлігінен айырылған чжунголықтар бірнеше жыл ішінде Орта Патшалықтағы ұсақ құстар санын қалыпқа келтіріп, бұдан былай торғайларға сезімтал бола бастады.
1988 жылы Қытайдағы бастауыш сынып оқулығында Ченг Цо-Хсинг есімді азаматтың төраға Маоның нұсқауына қарамастан құстарды қорғау керектігін дауыстап айтуға батылы барған жалғыз ғалым болғандығы көрсетілген. Атақты орнитологтың ғылыми шындыққа деген сенімі оны жарты әлемге танытты. Соның арқасында жануарлардың немесе өсімдіктердің жекелеген түрлерін ауқымды түрде жою әлемнің әртүрлі елдерінде «әйгілі болды». Мұндай оқиға 1744 жылы Пруссия королі Ұлы Фредерик II-нің бұйрығымен де жойылғанын тарих ұмытқан жоқ. Бірақ Мао Цзэдунның басшылығымен басталған науқанның ауқымы мен ұйымдастырылуы, сондай-ақ оның экожүйеге тигізетін апаттық әсері шексіз болып қала береді.

Дайындаған Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
17 сәуір 2021 ж. 1 816 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930