Аниме – бәрі түсіне бермейтін жанр
Ежелден ата-бабамыз салт-дәстүр мен рухани қазынамызды бүгінгі күнге ауызба-ауыз жеткізіп келген. ХХІ ғасыр – ақпараттық технология дәуірі болғандықтан, көп ел көгілдір экран арқылы өзінің мәдениеті мен тарихын фильм мен мультфильмдер арқылы таныту мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, Корея мемлекеті тарихи бейнебаян, үнділер телехикаясымен, күншығыста жатқан жапондықтар «аниме» атты мультфильмдер желісімен танылуда.
Анименің түпкі мағынасы ағылшынның «animation» сөзінен алынған. Оның аудиториясы жасөспірімдер мен ересектерді қамтиды. Ол өзіндік сурет салу стилімен, кейіпкердің көзінің үлкендігімен ерекшеленеді. Жанарының бейнеленуі арқылы кейіпкерге өзіндік сипаттама беруге болады. Жағымды кейіпкерлер – үлкен әрі, жылтыраған көздерге ие. Жағымсыздың жанары жартылай немесе кекілмен жабылған болады. Кейде тіпті жыртқыш жануардың көздеріне ұқсап кетеді. Шаш та кейіпкерді кескіндеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде «аниме» тек Жапонияда емес, әлемнің түкпір-түкпірінде танымалдылыққа ие.
Анименің пайда болуына «манга» атты суретті сюжет себеп болған. Алғашқы түсіріліп, сақталған аниме – «Katsudo Shashin». Оның ұзақтығы 3 секунд. Онан соң 1917 жылы ұзақтығы одан 2 минутқа көбірек “Namakura-gatana” жарық көрді.
1933 жылы тұңғыш анименің дыбыстық жүйесі іске қосылды. Уақыт өте келе ол тек көңіл көтеруге арналған кейіпкерлердің желісі емес, мемлекеттік деңгейдегі құралға айналды. Себебі сол арқылы жапондықтар елінің тарихын, жеңісті күндерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Танымал анименің бірі – режиссер Масаши Кисимотоның туындысы. Онда тынышсыз жасөспірім ниндзя Наруто Узумакидің өмірі туралы бейнеленеді. Ол жалпыға бірдей танымал және өз ауылының ең мықты ниндзясы, яғни «Хокаге» болуды армандайды. «Наруто» мангасы 1999 жылы жарық көріп, жалпы сатылымы 205 миллион данадан асты. Тек Жапон елінде ғана емес, жер-жиһанға танымал болды. Ал 2006 жылы елдегі барлық манга сатылымдарының шамамен 10 процентін құрап, рекорд жасады.
2002 жылы көгілдір экранға 700-ден астам серия және 11 фильмі шықты. Аниме негізінде бейнеойын, романд және коллекциялық карта сатылымға шықты. Қазіргі таңда көрерменнің сұрауы бойынша «Нарутоның» жалғасы, яғни ұлы «Боруто» жайлы .
Манга мен аниме Жапонияда да, одан тыс жерде де танымал болды. Сатылымы 1 204 000 дананы құраған 72-томның шығуы кезінде томдардың жалпы сатылымы 205 миллион данадан асқан.
Анимені салу үшін кескінді анимация қолданылған. Қазіргі жапондық анимацияның негізін салушы – Осаму Тезука. Оны тұрғындар «манга мен анименің Құдайы» деп атайды. Ол жанр бастау алған кезеңнен бері классикалық жанрдың үлгісін үзбей көрсетіп келеді. Кейін ғана заманауи сипаттағы сюжеттік көріністері пайда бола бастады.
Жапондықтар жылдың үздік анимесінің костюмизациялық шеруін ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. Әрі анимацияның философиялық және идеологиялық мазмұнына көп көңіл бөледі. Аниме шағын, арнайы аудиторияға жасалады. «Кодомо» – балаларға арналған аниме және манга. Сол сияқты «Сёнен» – жасөспірімдерге, «Сёдзе» – жас қыздарға, «Сейнен» – ер адамдарға және «Джосей» – әйел адамдарға арналған болып, жасқа, жынысқа, психологиялық тұрғыда 5 типке бөледі.
Аниме – тәрбиелік мәні жағынан, ұрпақ санасына адамгершілік пен достықты, мейірімділікті үйретуге негіз болатын анимациялық жанрдың бірі.
Серік АҚМЫРЗА