Күншығыстағы көшбасшы
Жапония – бұл мыңдаған жылдық тарихы бар аралдарда құралған азиялық мемлекет. Ерекшелігі сол, байырғы салт-дәстүрін қаз-қалпында сақтай отырып, жұрт қызығарлық елге айналған. Бұл эволюция ұзақ жылдар бойы сырт әлемнен оқшауланған тұста жүзеге асты десек қателеспейміз. Тек XVI ғасырдың басында ғана еуропалықтар Күншығыс елінің қақпасын аша алды. Бірақ бұл олардың дүниетанымының біртұтастығын бұза алған жоқ. Негізгі өзгерістер жапондар екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған соң, мұнымен қоймай ядролық бомбаның астында қалғаннан кейін әлемге өзінің «экономикалық кереметін» көрсеткен кезде басталды. Батыс технологиясы мен ғылымын зерттеп, өркениетін бойына сіңіре білген тұста жапондықтар дәстүрлі, бөлек халыққа айналып шыға келді.
Күншығыс елінің иелері өзге жұрттан өзгеше ойлайтындықтан әрбір туристі қадам сайын таңғалдыратын ғажайыптар жасаған. Бұл кеңістік Орта Азия, Еуропа тұрғындары сияқты емес. Олардың отанын не себепті “Күншығыс” деп атайтынын білу үшін қызығушылар ол жақта бірнеше жыл өмір сүру керек деп санайды. Бірақ санаулы жылдар оны толықтай тануға жеткіліксіз болуы мүмкін.
Қысқаша қызықтар
Ең алдымен Жапония әлемді таңдандыратын жаңа техникалар мен алғашқы жаңалықтарды басқа елдерге қарағанда көбірек ашатын мемлекет екенін айта кетейік. Жұртты қызықтыратыны – шағын ғана аралда 127 миллион адам өмір сүретіні. Ал ел астанасы Токио – әлемдегі қауіпсіз қалалардың бірі. Бұл елде қылмыстың ең төменгі деңгейі тіркелген. Түнгі серуенде де жатжұрттықтар өздерін қауіпсіз сезіне алады. Тіпті кішкентай балалардың ата-анасыз көше мен метрода жалғыз жүргенін көрсеңіз таңғалмаңыз.
Бұл елдің көшелерінде ешқашан мұз қатпайды. Себебі қала ішіндегі жол мен тротуарлар жылу жүйесіне қосылған. Бұл күн тайғақ кездегі апаттардан сақтайды. Сондай-ақ республикада полигондар қарастырылмаған. Өйткені елдегі барлық қалдықтарды қайта өңделіп, кәдеге жаратылады.
Мұнда даяшыға артық ақша тастау оны кемсіту болып табылады. Бірақ көшеде әйелдердің өте қысқа белдемше киюі қалыпты жағдай. Ал жыртық джинси кигендерге ақымақтай қарайтынын айта кеткен дұрыс. Сол себепті арнайы әйелдерге арналған метро қарастырылған.
Күншығыстықтардың көпшілігі темекі тартады. Тек теміржол платформалары мен әуежайлардан басқа кез келген жерде шылым шегуге болады. Бірақ елде қоқыс тастауға қатаң тыйым салынғандықтан әрбір жапондық темекі қалдығын тастайтын кішкене күлсалғышты өзімен бірге алып жүреді. Сол сияқты пойыз бен метро вагондарында телефонмен сөйлесе алмайсыз. Бұл ереже қоғамдық көліктегі басқа адамдарға ыңғайсыздық туғызбас үшін жасалған.
Жапондықтар ерсі қылықтарға өте кірпияз қарайды. Мәселен бейтаныс адамдарға қол тигізу адамдардың жеке кеңістігін бұзу болып саналады. Кез келген жапондық бұл тәртіпке құрметпен қарайды.
Түр келбеті сүйкімді, ерекше ақылдылығымен бізге таныс дельфин Жапонияда дәстүрлі тағамдардың бірі ғана. Су жануары жапондар үшін деликатес және одан әр түрлі тағамдар дайындалады.
Жапондықтар өте адал. Олар сізге ешқашан өтірік айтпайды. Егер біреудің затын тауып алса, оны тез арада жоғалған мүлік кеңсесіне тапсырады. Сондай-ақ мұнда полицияға пара бере алмайсыз. Олар өте адал және ешқашан жеке басы үшін жалған сөйлемейді. Бұған олардың еңбекқорлығын қосып қойыңыз. Жапондар аптасына алты күн, күніне 12 сағат жұмыс істейді. Жұмысқа деген жігерінің мықтылығы соншалық, кейбір компанияларда қызметкерлерді үйіне қуып жіберетін мамандар бекітіледі.
Дегенмен жапондықтарды өмірсүйгіш халық деп айту қиын. Өйткені Күншығыста жыл сайын жүзден астам мәйіт табылатын орман бар. Аокигахара орманы суицидке жиі баратын жер саналады. Сонысымен әлемде суицид бойынша екінші орында тұр. Көп адам орманға кіріп, адасып кететіндіктен ағаш бұтақтарында лента, арқандар және басқа заттарды көп байқауға болады. Адамдар оларды белгі ретінде қолданданып, сыртқа шығуға тырысады. Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек ол жерден шығуға жол жоқ. Нағыз барсакелместің өзі.
Қоғамдық қозғалыс
Жапонияда жылдам және тиімді қоғамдық көліктер бар, ал қалаларды пойыздар, теңіз және әуе қатынасы байланыстырады. Жұмысқа көпшілік қоғамдық көлікпен немесе велосипедпен барғанды жөн көреді. Автокөлікпен жұмысқа келу кейде ерсі саналады. Сондықтан қалаларда көп кептелістер бола бермейді.
Кеңес үкіметінен қалған теміржол тұлпарлары мұнда мүлде кездеспейді. Өйткені тепловоз жасап шығару жағы жақсы дамыған. Қазіргі Жапонияның символы – пойыздар. Олардың ішіндегі ең жылдамы – “Синкансен” жүйрігі, максималды жылдамдығы сағатына 320 шақырымға дейін жетеді. Сонымен қатар, Жапония жүрдек магниттік левитациялық пойыз жүйесін дамытып жатыр.
Транспорттың тиімді, ыңғайлылығына аса мән беретін жапондардың көлікке арналған жолдары өте сапалы, айқын белгілері жетілдірілген. Автомагистральдарда максималды рұқсат етілген жылдамдық сағатына 100 шақырымды құрайды. Бұл жылдамдық пен адреналинді жақсы көретін жүргізушілер үшін өкінішті жайт. Сонымен бірге жерасты тунельдерінің ұзындығы бойынша әлемде Қытайдан кейін екінші орында. Ол 4 мың шақырымға дейін созылып жатыр.
Қазір көліктен хабары бар кез келгеннен адамнан төзімді, мықты көлік моторы жайында сұрасаңыз кідірместен “Toyota” маркасын атайды. Өйткені Жапония моторизация бойынша әлемдегі жетекші ел. Мұнымен қоса Күншығыс елі әлемде Қытай мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ірі автокөлік өндіруші держава. Бұдан бөлек Honda, Nissan, Mazda сияқты көптеген үздік машиналар шығарады. Алайда бензин мен автотұрақ қызметі олардың қалтасына қымбат түседі.
Жақсы жағдай жапондықтар үшін...
Жапония энергетикалық ресурстарға кедей мемлекет ретінде белгілі. Солай бола тұра жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші бойынша АҚШ пен Қытайдан кейін үшінші орында тұр. Негізгі қажеттіліктердің барлығын шетелден импорттайды. Жапонияда жоғары технологиялар, робототехника және электроника, автомобиль және кеме жасау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы айтарлықтай дамыған. Біз қолданып жүрген Canon, Panasonic, Sony, Nikon сияқты электроника брендтері осы жерде құрастырылатынынан-ақ технологияның қалай дамығанын шамалай берсек болады.
Жоғарыда айтып кеткендей, Күншығыс тұрғындары күнмен бірге оянады. Олардың жұмысқа сүйіспеншілігі соншалық, жылына 10 күн ғана демалыс алады. Қиын күннен кейін де жұмыс орнында қалу, демалыс күндері жұмысқа шығу немесе демалыс алмау, елдің және компанияның өркендеуіне көмектесу көпшілік үшін өмірдің басты мақсаты. Содан да болар елде әлемдегі ең төменгі жұмыссыздық деңгейі тіркелген. Жалпы халықтың жұмыссыз 3 процентінен басқасы айына орташа есеппен 2600 доллар табады.
Жапондардың барлығының баспанасы бар деп айта алмаймыз. Бірақ тұрғын үйдің жоғары бағасы мемлекеттік ипотека бойынша өтеледі. Ал оның шарттарына тек қызғанышпен қарауға болады. Өйткені жылдық үстемесі 1,5 проценттен аспайды. Алайда баспана бағасы қымбат. Мысалы Токиода бір шаршы метрдің орташа бағасы 4,5-8 мың доллар аралығында. Қалаларда 10 шаршы метрлік, ас үйі оның жартысына жуығын алатын бір бөлмелі шағын пәтерлер көптеп салынған. Бір әттеген-айы пәтерлерде қыста суық болуы мүмкін. Себебі орталық жылыту жүйесі жасалмаған. Үйдегі су қымбат, сондықтан адамдар кірлерін жуу үшін ваннада шомылған суды жиі пайдаланады.
Күншығыста ағылшын тілін білу айтарлықтай абырой емес. Мемлекет халқының 98 проценті жапонша сөйлейді. Сондықтан шетел азаматтарына мұнда өмір сүру қиынға соғады. Мұнда жартжұрттықтар әрқашан жұрт назарында болады. Тіпті елде 20 жыл өмір сүргеннен кейін де жапондықтар өзіңіздің қаншалықты керемет екеніңізді, таяқшаларды қалай жақсы қолдануды білетіндігіңізді айтып мақтай береді, мақтай береді.
Бірақ Жапонияда оқып, диплом алу – қиынның қиыны. Мұнда жылдық төлемнің қамбаттығы қалтаға қалай салмақ болса бәсекелестіктің биіктігінен жетістікке жету де соншалықты қиын. Олардың бәрі мықты, бірақ олар өздерін жоғарғы оқу орнын бітірумен ғана дәлелдеуге тоқмейілсімейді.
Өмірлері талас-тартысқа, өзін-өзі жетілдіруге арналғасын болар тыпыршып жүріп қалай жүзге жеткендерін білмей қалады. Жапондар жер бетіндегі ең ұзақ жасайтын халық. Олардың орташа өмір сүру деңгейі 88 жасқа жуықтайды. Сондай-ақ олар кез келген тәртіп пен ережені жақсы қабылдайды, ұстанады. Қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастаған немесе велосипедті арнайы орынға қоймаған көршілерінің үстінен полицияға жиі шағымданады.
Еуропалық стандарттар бойынша, сіз жапон еркектері қыздарға жеткілікті көңіл бөлемейді деп ойлауыңыз мүмкін. Мұнда нәзікжандылардың алдында есік ашып, қолын, жолын беріп жатқан еркекті көрмейсіз. Жапондықтар қыздарды мақтауға, жылы сөздерге өте сараң. Әсіресе қызбен жаңа танысқан жігіт мұндайға мүлде жол бермейді. Бұл жапон мәдениетінен туындайды. Дәстүр бойынша қарапайым болып қалуға, сезімге ерік бермеуге оларды бала кезінен үйретеді.
Неліктен Жапония өзінің біртұтастығын, дербестігін сақтап қалуға қауқарлы? Өйткені біріншіден, өзінің географиялық қашықтығына, екіншіден, елдегі көші-қон саясатының қаталдығына байланысты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ