Сотталған жануарлар
Қазір біреу сізге жануарларды соттау керек десе, ол адамды "ақымақ па?" дерсіз. Ал орта ғасырларда жануарларды соттау қалыпты жағдай болған екен. Иә, иә, сот үшін тіршілік иелерінің құқығы тең әрі жазаға келгенде өте қатал болыпты.
Мәселен, 1120 жылы Францияның соты астықты құтқаны үшін тышқандарды соттаған екен. Жазасы – өлім.
XIV ғасырда Швейцарияның Кура қаласының тұрғындары ақ құртты сотқа берген екен. Алайда құрт сотқа келмегендіктен, отырыс сырттай өткізілген. Сот құрт тіршілік иесі, тірі жәндік болғандықтан, оған да үкім шығару жөн деп шешкен көрінеді. Бірақ жаза бермей, жеңілдік жасау керек деген. Сондықтан құртқа бөлек өмір сүріп, тіршілік етсін дегендей, басқа жер телімі берілген.
Ал 1545 жылы Швейцарияда сот болып, қоңызға жеке жер телімін бөліп беру туралы шешім шығарылған. Жергілікті тұрғындарға бұл аумаққа кіруге, жүруге және жақындауға тыйым салынған.
1313 жылы Францияда бір жағдай болыпты. Өгіз адамды сүзіп кеткен. Бұл істің анық-қанығын тексерген сот мұны ауыр қылмыс деп тауып, ірі қараны өлім жазасына кескен. Сөйтіп мүйізді жануарды асуға тура келген.
Бартолми-Шансон – Францияда егеуқұйрық пен тышқанның құқығын қорғаймын деп атағы шыққан адвокат.
1480 жылы астықты құртқан кеміргіштерге француз елінде сот болып, оған олар келе алмаған екен. Ал адвокат болса, тышқандар мен егеуқұйрықтардың алыс мекенде, айдалада өмір сүретінін, содан сот залына келе алмайтынын әрі олар сотқа шақырылғаны жайлы білмейтінін алға тартып, ақтап алған. Ол тұрмақ, астықты құртқан тышқандар мен егеуқұйрықтардың әрбірінің кінәсін дәлелдеу арқылы ғана сотқа тарту керектігін айтып, қызыл кеңірдек боп сөз сөйлеген. Содан сот істі тоқтатуға мәжбүр болған көрінеді.
1540 жылы Испанияның Чемаране қаласында қымбат түс кілемді былғағаны үшін күйе көбелекке сот болған екен. Сот жәндікті кінәлі деп айыптап, басын шабуға үкім шығарған.
1545 жылы Францияның Сан-Жан-де-Мольен қаласының соты жүзімді жайратқан шегірткені соттамақ болған. Отырысқа екі қорғаушы келген. Оның бірі – шағым түсірген тұрғындардың қорғаушысы болса, екіншісі – шегірткенің қорғаушысы. Отырыстан ештеңе шықпады, өйткені шегіртке «қашып кеткен» екен. Содан сот кейінге қалдырылған.
Жануарларды сотқа тарту жағдайы ХХ ғасырда да болған. 1963 жылы Триполи қаласында 75 пошташы-көгершінге өлім жазасы берілген. Контрабандамен айналысқан қылмыскерлер көгершінмен шетелге ақша аударып отырған екен. Сот көгершіндерді «мұндай іске арнайы бапталған құстар, сондықтан оны пайдаланатындар әлі де көп болуы мүмкін» деген оймен үкім шығарған.
Тіпті, тарихта өсімдіктің де сотқа тартылған кезі болған екен. Мәселен, француз королі Генрих ішін ауыртқаны үшін қауынды сотқа беріпті.