Осал топтар қамқорлыққа алынады
Естеріңізде болса, Қазақстан бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланып, 1 шілдеден бастап, елеулі өзгерістер енгізілді. Мәселен, сол айда әлеуметтік төлемақылар артты. Ел аумағындағы халықты жұмыспен қамту орталықтары қайта құрылымдалды. Сала мамандары жаңа жүйеге қол жеткізді. Анығын айтқанда, мемлекетте «Әлеуметтік кодекстің» күшіне енуіне орай жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек мобильдігі» орталықтары болып қайта құрылды. Дегенмен олар немен айналысатындығы халықтың көкейінде жүр. Осыған орай Қазалы ауданының "Мансап орталығы" директоры Болатбек Баймахановпен тілдесу сәті түсті.
– Сіздер бастапқыда "Халықты жұмыспен қамту орталығы" болып құрылдыңыздар. Қазір атауларыңыз "Мансап орталығы" деп аталады. Неліктен бұндай өзгеріске ұшырадыңыздар? Қазалылықтар осы орталық туралы толыққанды білгісі келеді. Немен айналысады? Не істейді? Халыққа пайдасы қандай?
– Қазалы ауданына қарасты "Мансап орталығының" филиалы мемлекеттік қызметтің үш түрін көрсетеді. Жұмыс іздеуші ретінде және жұмыссыздарды тіркеу мен белсенді шараларға жолдама берумен айналысады. Біз 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, ел бойынша "Жұмыспен қамту орталықтары" таратылып, облыстан Еңбек мобильдігі орталығы құрылып, аудандарда "Мансап орталықтары" филиалы ашылды. Біз осы облыстағы орталығының аудандағы филиалы саналамыз. Бүгінгі таңда біздің филиалда 19 бірлік штаттық кестедегі қызметкер қалды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап, Қазалы ауданының "Мансап орталығы" филиалы және отбасын қолдау орталығы болып екіге бөліндік. Отбасын қолдау орталығы бұрынғысынша, аудандық "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар" бөлімі құрамында. Дегенмен оларға жеке дара ғимарат берілді. Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар қатары көп. Сондықтан осындай орталықтар арқылы өмірге бейімдеп, қайтадан өмір сүруге деген ынтасын арттыруды көздейді. Мұнда көпбалалы отбасы, асыраушысынан айырылғандар, жартылай жетім жанұялар, тағдыр тауқыметіне ұшырағандарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мысалға, кәсіпкерлікпен айналысу жолдары, түрлі үйірме бар. Спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Үйі жоқтарға жатын орны қаралған. Бұл үшін арнайы мамандар бөлінген.
"Мансап орталығы" 4 бөлімшеге бөлінеді. Біріншісі, тіркеу және тұрақты жұмысты қамтиды. Екіншісі, мониторинг және кәсіптік оқу, сонымен қатар мемлекеттік грант болса, үшіншісі, атаулы әлеуметтік көмекпен айналысады. Соңғысы – осал топтар санатына жататын азаматтарға субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру, яки мемлекеттік бағдарламалар – жастар практикасы, қоғамдық және алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісім шарты, "Күміс жас" жобасы және әлеуметтік жұмыс орындарына жолдауды атқарады. Жұмыссыздарды мемлекеттік бағдарламалармен қамтамасыз етуге ықпал жасайды.
– "Күміс жас" жобасы қандай бағдарлама түріне жатады?
– "Күміс жас" жобасы жұмыс берушілер өтінімі негізінде ұйымдастырылатын уақытша жұмыс орындары. Елу жастан асқан зейнеткерлік алдындағы жұмыссыз азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарлама санатында. Атап айтқанда, олармен 36 айға келісім шартқа отырып, мемлекет тарапынан жалақысынан жұмыс берушілерге субсидияланады. Субсидия дегеніміз – мемлекет тарапынан жалақыға қосымша қаражат бөлу. Алғашқы 12 айда 70 процент, 12-24 ай аралығында 65 процентін, 24-36 ай арасында 60 процентін жалақыларының субсидиялайды.
– Осыған орай ауданда қандай бос орындар бар?
– 2023 жылы 38 адамға қаржы қаралып, осы жоба бойынша тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз еттік. Көбіне жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге басымдық беріледі. Ол жерде мамандығы бар әрі жоқтары да жұмысқа орналаса алады.
– "Ұрпақтар келісім шарты" дегенді тарқатсаңыз...
– Бұл келісім шарт ұзақтылығы 6 айды құрайды. Жұмыс берушілер өтінімі негізінде ұйымдастырылатын уақытша жұмыс орны. Мәселен, бір жұмыс орнында зейнет жасқа шығуға 6 ай қалған адам болатын болса, бізге өтінім береді. Сосын біз бұған дейінгі уақытта осы "Ұрпақтар келісім шарты" жобасымен арнайы мекемеге жұмысқа жас маманды жібереміз. Бұдан соң біздің тараптан жолданған мекемеде жас маман 6 ай жұмыс атқарады. Осы аралықта зейнетке шығатын адам тәлімгерге бәрін үйретіп, соның босаған орнына жұмысқа алынуы тиіс.
– Жаңа сөз басында субсидияландыру жайлы айтып өттіңіз. Сонда жұмыспен қамтушыға мемлекет қанша қаржы бөледі?
– Әр бағдарламаның мемлекет белгілеген мөлшері бар. Әрқайсысын жеке айтатын болсақ, қоғамдық жұмысқа – 20 айлық есептік көрсеткіш, алғашқы жұмыс орны, жастар практикасы мен ұрпақтар келісім шарты – 30 айлық есептік көрсеткіш, әлеуметтік жұмыс орны деген бағдарламаға жұмыс берушінің белгілеген жалақысының 35 процентін субсидиялаймыз. Ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауы тиіс. Мәселен, ол 230 мың теңге беретін болса, оның тек 85 мың теңгеге дейін субсидияланады. Осыған орай бізге кез келген кәсіпкер келіп, ұсынысын қалдыра алады. Бағдарламаның талабы – кәсіптің құрылғанына 1 жылдан астам уақытты құрау қажет. Әлеуметтік жұмыс орындарына көбіне жеке секторларға басымдық беріледі. "Жеке кәсіпкер", шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қатыса алады. Оған техникалық жөндеу орталығы, наубайхана, монша және тағы басқалары енеді.
– Халықты жұмыспен қамту орталығы тұсында тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар бөлінген болатын. Бұл біраз адамның жағдайын түзеді. Бүгінгі күні осы мүмкіндіктер қарастырылған ба? Егер мұндай бағдарламалар бар болса, нақты түсіндіріп өтсеңіз...
– Мемлекеттік грант әртүрлі санат бойынша қаралған. Нақты келтірсек, көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алатындар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған шаңырақ, қандастарға, асыраушысынан айырылған жанұяға осы азаматтарға мемлекеттік гранттар беріледі. Кәсібін енді бастайтын кәсіпкерлерге, кәсіппен айналысқан, бірақ үш жылға толмаған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант бөлінеді. 400 айлық есептік көрсеткіш шеңберінде 1380000 теңгені құрады.
2023 жылдан бастап, жастар қайтарымсыз грант алу санатынан алынып, оларға 2,5 процентпен 5 жылға несие беру мүмкіндігі туды. Кәсіпкерлікпен айналысуы үшін өзіндік шарттары бар. Ол ауылшаруашылық қаржылай қолдау орталығынан қаржыландырылады. Кепіл болуы керек, 35 жасқа толмауы маңызды, кәсіппен айналыспаған болса, кәсіп ашып, өтініш беруге болады. Ескерерлік жайт, міндетті түрде кепілі болуы тиіс. Несие тарихы да дұрыс болғаны жөн. Несие алу мақсатында кез келген кәсіп түрін ұсынуына болады. Ешқандай шектеу қойылмаған. Сонымен бірге мал шаруашылығына негізгі мерзім – 7 жылға беріледі. Оның екі жылын айналымға шыққанша, несиесін өтемеуіне уақыт, яки демалыс беріледі. Бұған жұмыс істеп жүрген студенттер де қатыса алады. Тек мемлекеттік қызметтегілерге бұл мүмкіндік қарастырылмаған. Бірақ біздің міндетке – құжаттар тізімі мен жолдарын көрсету кіреді. Қалғанын облыстағы құрылған комиссия мүшелері алдында қорғап шығады. Бизнес жоспар жасау үшін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы сүйемелдейді. Сондай-ақ "Бастау бизнес" оқу курсынан өтіп, сертификатын алуы тиіс. Бұл онлайн электронды түрде жүргізіледі. Оған "Еңбек кз" порталы арқылы өтінім жасап, азамат өз бетінше оқи алады.
– Көптің көкейінде жүрген сауал – жастар практикасы арқылы бір жыл жұмыс істегендердің қаншасы тұрақты жұмысқа орналасты? Жалпы алғанда олар сол мекемеде нақты қалады деген кепіл бар ма?
– Жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы 12 ай мерзімін құрайды. Талап бойынша 35 жасқа толмауы міндеттеледі. Оқуын тамамдап, диплом алғанына 5 жыл толмаған болуы керек. Сол мамандығы бойынша бұрын соңды жұмыс өтілі жоқ жастар қатысады.
2023 жылы аудан бойынша 338 жас қамтылды. Оның ішінде, 49 жас мерзімінен бұрын шарттарын аяқтады. Дегенмен 27 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесіне тартылған кезде мекемеге оларды тұрақты жұмыспен алып қалу міндеттелмейді. Тек ғана "Алғашқы жұмыс орны" деген бағдарлама арқылы 18 айға жіберіледі. Осы мерзім өткеннен соң сол жасты тұрақты жұмыспен қамту міндеттеледі.
Бүгінде жыл басы басталғанына 3 күн болды. Жұмыссыз ретінде тіркелгендер үш жұмыс күні өткеннен соң қызметін бастайды.
– Мәселен, соңғы уақыттары жұрт " Екі жерде жұмыссыздық болып кетіпті. Қайда барып жұмыссыздыққа тіркелеміз?" деп жүр. Осыған не дер едіңіз?
– Жақсы сұрадыңыз. Бұл "Отбасы қолдау" орталығын меңзеп тұрған болуы керек. Айтарым, жұмыссыздар жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде де Қазалы ауданының "Мансап орталығы" филиалының қызметіне жүгінеді.
– Сіздердің осылай құрылым жағынан өзгеріп, жеке дара болудағы мақсат не? Қандай мән-мағынасы бар? Атқарар қызмет құзыры нендей?
– Былтыр өзгеріске енгеннен бастап, осы "Мансап орталықтарын" құру министрлік тарапынан көзделген. Еңбек мобильдігі орталығының функцияларын аудандарда және облыстық, республикалық маңызды қалаларда орындауды жүзеге асыратын филиалы саналады.
Қазалы ауданының "Мансап орталығы" филиалы – "Азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын уақытша жұмысқа орналастыру жөніндегі", "Еңбек ресурстарын мониторингілеу, болжау, оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау", "Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыс берушілермен жұмыс істеу" және "Атаулы әлеуметтік көмек көрсету" бөлімшелері болып жүктелген функционалдық қызметтерін атқаруда.
– Сұхбатыңызға рахмет. Істеріңізге береке берсін.
Сұхбаттасқан Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА