Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңбек ерін елі құрметтеді

Еңбек ерін елі құрметтеді

Аудандағы іргелі қоныс – Ақсуат ауылының құрылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Осы мерейлі мереке аясында мал шаруашылығын өркендетуге лайықты үлесін қосқан Социалистік Еңбек Ері Дүйсенбай Махановтың 110 жылдығына арналған «Ауылым – алтын бесігім» атты шара болып өтті.

Дүбірлі тойға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнәжадин Өтеев, мерейтой иесінің ұлы Төлеген Маханов пен қызы Клара Маханова, ауыл тұрғындары мен еліміздің басқа аймақтарынан келген қонақтар қатысты.


Дүйсенбай Маханов 1909 жылы шілденің бірінші жұлдызында Ақмола облысы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. 1929 жылы комсомол қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастайды. 1948 жылы Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың қабылдауында болып, Қызылорда облысы, Қазалы ауданында орналасқан «Қазалы» қой совхозына директор болып тағайындалады.


Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда келіп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін салаға бел буа кіріскен ол халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге күш салды. Ауыл ақсақалдарымен ойласып, Байқожа стансасының түстік жағынан, Сырдария өзенінің жағасында орын тепкен жаңа ауылдың құрылысын дамытады. Тұрғын үйлер, 10 жылдық мектеп, 200 орындық балаларға арналған интернат, 70 орындық балабақша, сауда орталықтары салынуына ықпал етеді. Ферма орталықтарына электр жарығын тартқызып, әр отарды жиі аралап, шопандармен тығыз байланыс орнатады. Өзі жасаған жоба бойынша ауылда қой қырқатын механикаландырылған орталық ашты. Мектепке жұмыс істеуге мұғалімдік мамандығы бар жастарды шақыртып, жоғарғы оқу орындарының сырттай оқытатын бөлімдері ауылда оқу курстарын ұйымдастырды.


Дүйсенбай Маханов басқарған тұста ұжымшар одақта алдыңғы қатарлы асыл тұқымды, жібек жүнді қой өсіретін совхоздың біріне айналды. Одақта, республикада өткізілетін ауыл шаруашылығы саласының жетістіктер көрмесіне үзбей қатысып тұрды. Асыл тұқымды қой басын 50 000-ға жеткізген іскер азаматтың ерен еңбегі еленіп, 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына сайланды. 1958 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Қонақтар мен ауыл тұрғындары алдымен ауыл орталығындағы «Ақмырза ахун» мешітіне бас сұғып, аға әруағына құран бағыштады. Одан әрі №100 мектепте «Ғасыр тұлғасы – Маханов» атты танымдық конференция ұйымдастырылды. Мұнда келушілер Дүйсенбай Махановтың өмір жолы мен жеткен жетістіктері, естелік суреттері ілінген көрмемен танысып, еңбек майталманының көзін көрген көнекөз қариялармен сұхбат құрды. Жиналғандарға ауыл әкімі Қаныш Жұбатқан конференция қонақтары мен өмір жолы ұлықталып отырған ардақты азаматтың туған-туыстарын таныстырды.

«Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас бітімі бөлек тұлға туралы баяндама жасап, соғысқа дейінгі өмір жолын айтып өтті. Ақсуат ауылы үшін жасаған орасан зор еңбегін, замана талқысына көнбей, талабы мен талантын жегіп, тер төгіп, мал шаруашылығында кең құлаш сермеген қайраткердің өз естеліктерінің үзінділерімен бөлісті. Парасаты биік тұлғаның: «Қазалыға жылап барып, жылап қайттым дегені бар екен. Барғанда сұм соғыстан кейінгі халық жағдайының төмендеу тұсында келіп, жертөледе өмір сүріп жатқан жұртты көргенде жыладым. Себебі жер үстіне ақ там салған сол ағайынның мен 13 жыл істеген қызметімнен ауысып Алматыға кетерде шығарып салған кездегі ризашылығы мен көңілін қимадым», – депті.

Әрі қарай ақсақалдың қызы Клара Маханова сөз сөйлеп, ауыл халқына рахметін айтты. Ол әкесі, анасы мен өзінің Байқожа ауылына қалай келгенін, алғашқы уақыттағы қиындықтар мен қызық күндерін еске алып, Ақсуат ауылының іргетасы қалай қаланғанын айтып берді.

Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ырзахан Қуаныш сөз алып:

– Тұла бойы құласа да, тіккен туын құлатпай қажырлы еңбек еткен Дүйсенбай ағаға ауыл халқы қарыздар. Ол кісі басқарған 13 жыл уақыт ішінде совхоз облыстағы үлгілі шаруашылыққа айналды. Мені 1957 жылы 5 сынып оқып жүргенімде өзіне шақырып, жұмыс тауып беріп, жастайымнан еңбекке араласуыма ықпал етті. Ауыл жастарының бәріне қамқор болып, оқимын дегеннің де, жұмыс істеймін дегеннің де жігерін жанып, көмек қолын аямады. Асыл ағаның есімінде қазір ауылда көше бар. Енді Ақсуат елді-мекенін Дүйсенбай Махановтың атына берсек, – деген ауыл халқының ұсынысын айтты.

Бұл күні орталық саябақта ұлттық спорт ойындары өткізілді. Онда қол күрес, арқан тартыс, қой көтеру, қазақ күресінен сайыстар болды. 40 балуан қатысқан күрестің көркі түйе балуандарға кезек келіп, шаршы кілемге шыққанда қыза түсті. Көргеннің көзі тойған тартысты белдесуде үшінші орынды Ақусат ауылының тұрғыны Абай Кеңес, екінші орынды Қазалы қаласынан келген Есен Қаныш, бірінші орынды Әйтеке би кентінің балуаны Абылайхан Жұбаназар қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

Саябақ алдында ауыл қонақтарына арнап кең дастарқан жайылып, ас берілді.

Кешкілік орталық саябақ сахнасында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өнерпаздары тыңдарманға концерттік бағдарлама ұсынды. Әсем ән мен күмбірлеген күй сазы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шараның екінші күні ат жарысқа ұласты. Қазақстанның әр түкпірінен келген атбегілер көкжиектен күн көтеріле бере, ауыздығымен алысқан бәйге аттарын ерттеп, аламан өтетін алаңға жиналды. Бес жүзге жуық халық тамашалаған жарыстың бас бәйгесіне түйе тігілді. Тай, құнан, аламан жарыстарына ат баптап келген жұртың делебесі қозып, жарыс көмбесін қызыға тамашалады. Нәтижесінде аламан бәйгенің бірінші орны Жамбыл облысынан келген Жұмабек Аңсарға бұйырды. Қалған орындарды Шәкімұрат Рзаев, Жанарбек Ботабаев, Сайран Әбдірасулов, Әмірбек Әзімханов өзара бөлісті.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
17 тамыз 2019 ж. 1 542 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930