Кәрібай Мұсырман: "Өз ойым" азғындықты ашық дәріптеп отыр"
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың атына «азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдерге» қатысы сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
«Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуын ақпараттық қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда назар аударуымыз керек бірқатар мәселе бар. Кейбір телеарнада ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ түгіл, оларды өрескел бұрмалайтын, тіпті неше түрлі азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдерді көрсету тыйылмай тұр. Осы жөнінде Мәжіліске жан-жақтан келіп түскен хаттар мен басылымдарда жазылып жүрген сын-пікірлер дәлел болып отыр», - деп айтты депутат.
Мұсырманның жуырда «7 арна» телеарнасындағы «Өз ойым» атты бағдарламада абыройын ақшаға сататындығын жариялаған қазақ қызының шектен шыққан ұятсыз қылығы және оны осындай рөлді ойнап шығуға үгіттеп көндірген телеарна қызметкерлерінің «атын шығару үшін жер өртеуге» дейін баратын теріс пиғылы жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызғанын айтты. Осыған орай, ол бірқатар ұсыныстарды қарастыру қажет екеніне тоқталды.
«Біріншіден, республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуын ақпараттық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін кеңінен талқылауды ұйымдастырған жөн. Соның ішінде БАҚ-та ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қазақстандық қоғамда қалыптасқан адамгершілік принциптерін қатаң қадағалауды ұсыну қажет. Қажет болса қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылсын», - деді депутат.
Ол мемлекеттік ақпараттық тапсырма аясында бірқатар мемлекеттік телеарнада Елбасы ұсынған «Туған жер» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары кеңінен насихатталмайтынын және насихаттауға арналған тақырыптық бағдарламалар ашу мәселесін қарастыруды сұрады. Депутат сөзінде бюджеттен мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге бөлінетін қаржының жыл өткен сайын артып отырғанын да айта кетті.