Қалталы кәсіпкер Жанболат пен Жазираға ән айтқызып, жалған атақ бермек болған
Қазақ шоу-бизнесінде атақты ақшаға сатып алуға болады деген пікір тарады. Алайда әншілердің өздерінен сұрасаңыз, ешқайсысының нақты жауабы жоқ. Ал Жанболат пен Жазираға қалталы кәсіпкерлер тегін ән айтқызып, жалған атақ ұсынбақ болған.
Бұл туралы Stan.kz "Астана" арнасының "Ел аузында" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Сондай ұсыныстар болды. Мейрамханада сіздерге ұсынамыз деп хабарласты бір кісілер. Бірақ оның шет жағасын түсіндік. Өйткені әкімдіктен, мәдениет министрлігінен хабар келсе, оған келісуге болады. Жеке кәсіпкерлер мейрамханаға шақырып, ән айтқызып, сондай құттықтаулар көбейіп кетті, шыны керек. Оған қарсымыз. Оның қандай оймен хабарласып тұрғаны бәрібір белгілі", - дейді Жанболат Ербатыров.
Отағасы осылай дегенімен, мұндай ұсыныстардан Жазира Байырбекова хабарсыз болып шықты. Алаңдамасын деді ме екен, Жанболат мырза жұбайына жалған атақ ұсынғандар туралы айтпапты.
"Атақты сатып алып не істейміз? Оның қандай пайдасы бар? Мүмкін көмекшімізге хабарласқан болар, бірақ ол біздің сатылмайтынымызды біледі, сондықтан да артық ақпаратты бізге жеткізбейді", - дейді Жазира.