Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қолдау жасалды

Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қолдау жасалды

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін тақ мұрагеріне ризашылық білдіріп, Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындары Таяу Шығыс елдерінің ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінде алғаш рет өтіп отырғанына тоқталды.

– Бұл маңызды спорт шарасы мүмкіндігі шектеулі спортшыларға өздерінің мықты рухы мен жеңіске деген ерік-жігерін танытуға жол ашады. Жарысқа Қазақстан командасы да қатысады. Елдеріңіздің басшылығы Қазақстан өткізетін халықаралық іс-шаралардың бәріне үнемі қатысып келеді. Сондықтан, сіздерге достық қолдау көрсету мақсатымен осы ойындардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысуға келдім, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін жемісті болғанын атап өтті.

– Біздің жиі кездесулеріміз бен бауырластыққа және сенімге негізделген тығыз қарым-қатынастарымыз барлық салаларды жан-жақты дамытуға тың серпін беруде. Былтыр біз өзара сапар жасап, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Солардың іске асырылу барысы толық көңілден шығады, – деді Қазақстан Президенті.

Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Біріккен Араб Әмірліктеріне шақыруын қабыл алғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім мен әлемде диалог орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды.

– Биыл біз еліміздің негізін қалаған тұлғаның 100 жылдығын салтанатты түрде атап өттік. Сіз шейх Заидті 25 жылдан астам уақыттан бері білесіз. Ол Сізді өте құрметтейтін және әлемдік деңгейдегі басшы ретінде танитын. Біз сіздерді үлгі тұтып, 2019 жылды – толеранттылық жылы деп жарияладық. Соның аясында Әмірліктер көпұлтты, мәдениетаралық және дінаралық орталыққа айналуды көздейді. Осыған байланысты биылғы ақпан айында Рим Папасы Францисктің Біріккен Араб Әмірліктеріне тарихи сапары болды, – деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.

Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды, туризм, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты талқылады. Сондай-ақ өзара экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестиция тарту және Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару мақсатымен Үкіметаралық комиссияның және Іскерлік кеңестің әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.

World Games Abu Dhabi 2019 Арнайы Олимпиадалық ойындар – 2019 жылдың 14-21 наурызы аралығында өтетін ірі спорттық және гуманитарлық шара. Оған әлемнің 170-тен астам елінен 7000 спортшы қатысып, 24 ресми олимпиадалық спорт түрінен жарысады.

Бұл ойындар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде алғаш рет өтіп жатқан Арнайы Олимпиадалық ойындай болып қалмақ.
14 наурыз 2019 ж. 1 467 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 42

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 57

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031