Мәжілісте өңдеу өнеркәсібі мен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте отандық тауар өндірушілерді қолдау және ілгерілетуде атқарылған шаралар талқыланды. Аталған мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысып, облыс әкімі жүктеген тапсырмаларға сәйкес аппарат мәжілісін өткізді.Жиында алдымен аудандағы өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлік саласының қазіргі ахуалы сараланды. Бүгінде ауданда өңдеу өнеркәсібі саласында 22 кәсіпорын, оның ішінде 2 орта және 20 шағын кәсіпорын тұрақты жұмыс жасайды. Онда 700-ге жуық адам қызмет етуде. 2025 жылы сауда инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жалпы құны 2,9 млрд. теңгені құрайтын заманауи форматтағы 30 сауда нысаны пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Әйтеке би кентіндегі 17 сауда үйі мен шағын маркетте «Қазақстанда жасалған» арнайы сауда бұрыштары ұйымдастырылған. Ауданда өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласында 6 экспорттаушы кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар негізінен күріш, балық және қамыс өнімдерін шетел нарығына экспорттап, өңірдің экспорт көлемін ұлғайтуға өз үлесін қосуда.
Мәжілісте аудан әкімі тиісті сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз гранттарды тиімді пайдалану, жаңа кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және жабылған кәсіпкерлік нысандарының себептерін зерделеу бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге, кәсіпкерлік нысандарының сыртқы келбетін талапқа сай қалыптастыру, санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Жоба аясында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және кооперацияны дамыту бағытындағы жұмыстарға талдау жасалды.
2025 жылы облыс бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға жалпы 5,5 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде ауданға 67 жобаны қаржыландыруға 834,2 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда аудан бойынша жалпы құны 850,5 млн теңгені құрайтын 112 жоба мақұлданды. Оның ішінде жалпы сомасы 766,0 млн теңгеге 104 жоба толық қаржыландырылса, құны 84,5 млн теңгені құрайтын 8 жобаны қаржыландыру ағымдағы жылдың тамыз айының ішінде жүзеге асырылмақ.
Аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану арқылы тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Мәжіліс соңында ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстары да сараланып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, нәтижесі бойынша фотоесеп ұсыну тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аймақ басшысы берген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді жауапты сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне қатаң тапсырды.














