Жаңа Конституция күшіне енді: не өзгерді?
2026 жылдың 1 шілдесі – Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің басталуы ретінде есте қалмақ. Себебі елде бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Жаңа Конституция заңды күшіне енді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде бұл оқиғаның мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғыртудың бастамасы екенін атап өтті. Жаңа Ата заң – елдің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын маңызды құжат.Қазақстан Конституциясына өзгерістер жетінші рет енгізілді. Бұған дейін Негізгі заңға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019, 2022 жылдары түзетулер енгізілген. Соңғы ең ауқымды конституциялық реформа 2022 жылы жүзеге асты. Сол кезде Конституцияға 56 өзгеріс енгізіліп, олар республикалық референдум арқылы қабылданды. Ал бұл жолы Конституция 84% өзгерді. Не өзгерді? Шолу жасап көрейік.
Ата заң преамбула (мемлекеттің басты құндылықтары мен мақсаттарын айқындайтын кіріспе), 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Мұнда 77 бап жаңарып, 4 бөлімнің атауы өзгерді. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілді. Конституция жобасының алғашқы баптары өзгеріссіз қалды. Онда Қазақстанның демократиялық, зайырлы және унитарлы мемлекет екені айтылған. Оған қоса биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық екені тағы да нақтыланған. Ешкімнің мемлекеттік билікті өз бетінше иеленуіне жол берілмейді және мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған.Ал халықтың атынан сөйлеу құқығы президент пен құрылтайға беріледі.Конституция жобасында жаңа заңдардың қалай қолданылатыны нақты көрсетілген. Егер заң азаматтарға жаңа міндеттер жүктесе немесе олардың құқық жағдайын нашарлатса, ол кері күшке ие болмайды, яки заң күшіне енгенге дейін болған оқиғаларға қолданылмайды. Егер заң жауапкершілікті күшейтсе, оның да кері күші болмайды. Ал заң бұрынғы құқық бұзушылық үшін жазаны жеңілдетсе немесе мүлде алып тастаса, онда азаматтарға жаңа, жеңілдеу заң қолданылады.Қазіргі қолданыстағы Конституция бойынша қаржы саласындағы арнайы құқықтық режимді тек Астана қаласында қолдануға болады.
Жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі Қазақстан заңдарымен реттелетіні көрсетілген. Демек олардың ұлттық заңдардан басымдығына автоматты түрде кепілдік берілмеуі мүмкін.
Сонымен қатар жер, жер қойнауы, су ресурстары мен табиғи байлықтарға меншік құқығы бұрынғыдай халыққа тиесілі болып қала береді. Мемлекет бұл ресурстарды халықтың атынан басқаруды жалғастырады. Бұл норма өзгеріссіз сақталған.
Конституция жобасындағы тілге қатысты норма өзгеріссіз қалған. Жобаға сәйкесқазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін сақтайды. Орыс тілі мемлекеттік органдарда ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының барлық тілдерін оқып-үйренуге және дамытуға қолдау көрсетеді.
Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру өзге адамдардың құқығына, конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмеуге тиіс.Жаңа Конституцияда бұл норма кеңейтілген. Енді құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырубасқа адамдардың құқығын бұзбауы және олардың бостандығын шектемеуі, конституциялық құрылыстың негіздеріне қол сұқпауы, қоғамдық тәртіпті бұзбауы, азаматтардың денсаулығына қауіп төндірмеуі, қоғамның имандылық қағидаларын бұзбауға тиіс.
Қолданыстағы Конституцияда әр азаматтың жеке бас бостандығына құқығы, ұсталған жағдайда адвокаттың көмегіне жүгіну мүмкіндігі, заң мен сот алдында теңдігі және кемсітушілікке жол берілмейтіні жазылған. Сонымен қатар адамды тек соттың шешімімен қамауға алуға болады, ал өлім жазасына тыйым салынған.
Жаңа Конституция жобасында бұл құқықтар кеңірек қамтылған.Атап айтқанда, әр адам өз құқығы мен бостандығын заңда көзделген барлық тәсілмен, оның ішінде қажет қорғаныс арқылы қорғауға құқылы. Бір құқық бұзушылық үшін адамды екі рет жауапкершілікке тартуға тыйым салынады. Соттың заңды үкімі шыққанға дейін адамның кінәсіздігі нақтырақ айқындалады. Ешкім өзін, жақын туыстарын немесе өзіне сенім білдірген дін қызметкерін әшкерелейтін айғақ беруге мәжбүрленбейді. Сот арқылы қорғану, адвокаттың көмегін алу, заң алдында тең болу, өмір сүру және жеке бас бостандығын қорғау құқықтары сақталады.Жаңа жобаға сәйкес, Қазақстан азаматтарын ұстау кезінде АҚШ фильмдерінде көрсетілетіндей тәртіп енгізу ұсынылған. Құжатта:
«Әр адам ұсталған сәтте оның бостандығының не себепті шектелгені және қандай құқықтарға ие екені түсіндіріледі», – деп жазылған.
Енді азаматтар цифрлық технологиялар арқылы жиналатын дербес деректерінің заңсыз жиналуынан, сақталуынан және пайдаланылуынан да қорғалуы тиіс.
Жаңа Конституция жобасында бұл кепілдік цифрлық технологиялар арқылы жіберілетін хабарламаларға да таралатыны нақтыланған. Сонымен қатар жаңа редакцияда «телеграфтық хабарламалар» туралы норма алып тасталған.
Сонымен қатар жаңа жобада азаматтардың ұлттық тиесілігін көрсету немесе көрсетпеу құқығы сақталғанымен, партиялық және діни тиесілігіне қатысты норма алып тасталған.
Жаңа Конституция жобасында «Сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі», – деп көрсетілген.
Сонымен қатар жаңа тармақ енгізілген:
«Сөз бостандығы мен ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына және қоғамның имандылық қағидаларына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс».
Цензураға тыйым салатын норма өзгеріссіз сақталған.
Ал тыйым салынатын насихат түрлерінің тізімі кеңейтілген. Ендіконституциялық құрылыстың негіздерін күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне қол сұғуға, қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғыс пен қарулы қақтығыстарды насихаттауға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық немесе діни үстемдікті дәріптеуге, араздықты қоздыруға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттауға, осындай әрекеттерге арандатуға және оларды жасауға үндейтін шақыруларға жол берілмейді.
Сондай-ақ, жаңа редакцияда еңбек дауларын шешу құқығы сақталады. Ал отбасы туралы бөлімге некенің кімдер арасында жасалатынын нақтылайтын тармақ енгізілген.Онда: «Неке – заңға сәйкес мемлекет тіркейтін, ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы» деп жазылған.
Айта кететін жайт, Қазақстанда биыл ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заң күшіне енеді. Құжатқа қол қойылған және ол осы жылы қолданысқа енгізіледі. Дәстүрлі емес жыныстық бағдардың оң бейнесін қалыптастыруға бағытталған кез келген ақпарат насихат ретінде бағаланады.
Жаңа Конституция жобасында медициналық көмек пен орта білім туралы баптардан «тегін» деген сөз алып тасталған.Онда «Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген, өздері ақы төлемейтін медициналық көмекті алуға құқылы» делінген.
Ал білім туралы бапта: «Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарындағы білім беру және тәрбие жүйесі зайырлы сипатта болады. Бұл талап рухани (діни) білім беру ұйымдарына қолданылмайды» деп жазылған.
Жаңа Конституция жобасында президенттің жеті жылдық бір реттік өкілеттік мерзімі өзгеріссіз сақталады. Алайда мемлекет басшысы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейту ұсынылған.Қазіргі Конституцияға сәйкес, Президенттікке кандидаттумысынан Қазақстан азаматы болуы, 40 жастан асуы, мемлекеттік тілді білуі, соңғы 15 жыл Қазақстанда тұрақты тұруы, жоғары білімі болуы тиіс. Жобаға тағы бір жаңа талап енгізілген. Оған сәйкес, кандидаттың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет.
Сонымен бірге қазіргі Конституция бойынша президент сайлауы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өтеді. Ал жаңа Конституцияда нақты күнді алып тастау ұсынылған. Егер жоба қабылданса, президент сайлауы қолданыстағы президенттің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.
Қолданыстағы Конституцияда президенттің жыл сайын халыққа Жолдау жасайтыны көрсетілген. Ал жаңа Конституция жобасында бұл норма икемдірек жазылған. Демек президенттің жолдауы міндетті түрде жыл сайын жариялануы тиіс деген талап алып тасталады.
Қазақстанда вице-президент қызметі бұған дейін де болған. Бұл лауазымды 1991-1996 жылдары Ерік Асанбаев атқарған. Кейін қызмет жойылған еді. Енді жаңа Конституция жобасында вице-президент лауазымын қайта енгізу ұсынылып отыр.Жобаға сәйкес, вице-президентті президент құрылтайдың келісімімен тағайындайды.
2025 жылғы 8 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бір палаталы парламент құруды ұсынды. Кейін оған «Құрылтай» атауын беретінін айтты. Енді бұл бастама Конституцияда бекітіліп, жаңа заң шығарушы органның қызметі жан-жақты реттелмек. Конституцияға сәйкес, бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай құрылып, ол елдің жаңа заң шығарушы органы мәртебесіне ие болады. Құрылтайда 145 депутат 5 жылға сайланады. Олар жаңа парламентке партиялық тізім бойынша өтеді. Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттардың дауыс беруі арқылы сайланған төраға басқарады.Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді. Әзірге оның нақты күні белгіленбеді.Еліміздегі сaяси жүйeнiң тұрaқтылығын қaмтамаcыз eту мaқcатындa жaңaдaн вицe-прeзидeнт лayaзымы eнгiзiлeдi. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы Президенттің атынан өкілдік етеді.
Конституция жобасына сәйкесбарлық деңгейдегі соттардың судьяларын президент Жоғары сот кеңесінің ұсынымы бойынша тағайындайды. Бас прокурордың өкілеттік мерзімі бес жылдан алты жылға дейін ұзартылады.
Біз конституциядағы негізгі дегендерді ғана саралап бердік. Бұдан бөлек толықтырулар мен өзгерістер бар. Асықпай отырып, жаңа жобамен өзіңіз танысып шыққаныңыз абзалырақ. Иә, бұл өзгерістер биліктің икемділігін арттырып, мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдау процесін оңтайландыруды көздейді. Жаңа институттар – Құрылтай, Вице-президент және Халық кеңесі – ел басқару жүйесінің тиімділігін арттыратын негізгі тетіктерге айналды. Жаңа Конституция – тек заңнамалық акт емес, бұл еліміздің болашақ даму жолын айқындайтын іргелі құжат. Қазақстан осы реформалар арқылы биліктің жауапкершілігін арттырып, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа деңгейге қадам басты.
Дайындаған Айнұр ӘЛИ













