Конституция
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрге озған төл өнер: “Көшен көрпе” әлемдік рекордты жаңартты

Төрге озған төл өнер: “Көшен көрпе” әлемдік рекордты жаңартты



Азия және Африка елдері бойынша дүниежүзілік рекордтар кітабының қолдауымен елорда төрінде қазақ қолөнерінің жаңа тарихи белесі тіркелді. Екі бірдей этнорекордты бағындырған «Көшен көрпе» жобасы — жай ғана маталардың қиындысы емес, ұлттық рухтың, сабақтастық пен қайта жаңғырудың символына айналды. 26 маусым күні Астана төрінде бір мезетте мыңнан астам шебер бас қосып, көшпенділер мәдениетін әлемге паш етті.
 
ІСІКПЕН КҮРЕСТЕ ШЫҢДАЛҒАН ЕРІК-ЖІГЕР
 
Бұл ауқымды жобаның бастауында Қарағанды қаласының тумасы, бүгінде Грекияда тұратын танымал этнодизайнер, блогер әрі әнші Аселина Батыр тұр. Аселина – құрақ көрпе жасайтын қолөнерші ғана емес, ол тағдырдың ауыр соққысына мойымай, қатерлі ісік ауруын жеңіп шыққан ерік-жігердің шынайы үлгісі.
«Ауруым асқынған кезде мен екі баламмен жалғыз қалдым. Бұл азап пен қорқынышқа толы кезең еді. Бірақ бір дана кісінің: «Күрес ойдан басталады» деген сөзі өмірімді өзгертті. Мен балаларым үшін бас тартуға құқығым жоқ екенін түсіндім,» — деп еске алады Аселина.
Дертті жеңіп, өмірге қайта келген Аселина өзіне жаңа ант берді. Ол өз ережесімен өмір сүру және артында өшпес із қалдыру. Күйеуінің дипломатиялық қызметіне байланысты Америкада, Грекияда, ал қазір Украинада өмір сүрген ару Отанынан жырақта жүрсе де, қазақтың рухын әлемге танытуды мақсат етті. Америкада алғаш рет 80 000 теңгеге тігін машинасын сатып алып, ұлттық жастықтар тігуден бастаған хоббиі бүгінде бүкіләлемдік қозғалысқа айналды. Қазіргі таңда 1000-нан астам шебер Аселина енгізген заманауи «Aselina Batyr» стилін үйреніп, кәсіп қылып отыр. Ол алдағы уақытта қазақ шеберлерінің үнін жеткізу үшін «Көне иненің тағдыры» атты деректі фильм түсіруді де жоспарлап қойған.
 
СЫР ЕЛІНІҢ КЕРУЕНІ
 
Астанада өткен «Көшен көрпе» жобасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам қолөнер шебері сырттай қолдау көрсетіп, оның ішінен ең таңдаулы мың шебер елдің бас қаласына жиналды. Бұл шараға Сыр өңірі де ерекше дайындықпен барды. Қызылордалық 62 ісмер аталған күні көрпе-жастықтарын буып-түйіп, таң ата Астанаға аттанса, олардың қатарында Қазалы ауданының 12 құрақшысы бар.
Мақсат 1000 көрпе тігу болса, нәтижесінде 1031 көрпеше мен 1006 арғымақ жастық жиналып, межеден асып түсті. Кейбір шеберлер тіпті 2-3 көрпеден тігіп әкелген. Осылайша бұл жоба Гиннестің рекордтар кітабына енуге ресми өтінім берді.
Шеберлердің арасында әртүрлі тағдыр иелері мен буын өкілдері бар.
 
ЖАС АНАНЫҢ ЖЕТІСТІГІ
 
Бала тәрбиесі мен үй тірлігін қатар алып жүріп, өзін шығармашылық қырынан тапқан жандардың бірі – Айнұр Қаюпова. Ол декреттік демалысты тек тұрмыстық міндеттермен шектемей, жанына жақын іспен айналысуға арнаған.
Үйде отырған уақытын тиімді пайдаланып, бала күтіміне байланысты демалысында құрақ құрауды қолға алады. Алғашында жай ғана хобби, ермек ретінде басталған бұл қызығушылық уақыт өте келе оның өмірінің үлкен бөлшегіне, нағыз өнер туындысын тудыратын кәсіпке айналды.
Ине мен жіпті серік еткен жас ана халықаралық ауқымдағы «Көшен көрпе» жобасына алғаш рет қатысқан. Мұндай үлкен додада бағын сынау Айнұр үшін тек тәжірибе ғана емес, зор мәртебе болды.
«Бұл жобаға мен бірінші рет қатысып тұрмын. Мен үшін бұл – сөзбен айтып жеткізгісіз өте ерекше әсер қалдырған, рух беретін үлкен оқиға болды. Мыңдаған шеберлермен бір мезетте, иық тіресе отырып ұлттық мұрамызды жаңғырту –менің шығармашылығыма жаңа серпін берді. Үйде отырып-ақ әлемдік рекордтың орнауына титтей де болсын үлес қосқаныма шын жүректен қуаныштымын», — дейді ағынан жарылған Айнұр.
Айнұрдың бұл қадамы – үйде бала тәрбиелеп отырған қаншама қазақ әйелдеріне шабыт беріп, өз армандарының соңынан еріп, үлкен биіктерді бағындыруға болатынын дәлелдейтін жарқын үлгі.
 
«ТҰМАРДАН» – «КӨШЕН КӨРПЕГЕ» ДЕЙІН
 
Сыр өңірінің, оның ішінде өнер мен дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Қазалы ауданының намысын абыроймен қорғаған шеберлердің бірі – Ләззат Көбегенова. Ине ұстаған саусағынан сиқыр төгілген ісмер үшін бұл шара жай ғана басқосу емес, қазақ қолөнерінің әлемдік деңгейдегі салтанаты болды.
Ләззат – ұлттық құрақ өнерінің табиғатын терең түсінетін, әрбір қиынды матаның астарында үлкен философия жатқанын жеткізе білетін нағыз өз ісінің маманы. Ол бұл жобаның мән-мағынасын былай деп түсіндіреді:
«Құрақтың символикалық мәні өте зор. Шара тарихи жетістік тек қана жаңа әлемдік рекорд орнатып, біз сияқты тігіншілерді танытып қана қойған жоқ. Бұл – бүкіл әлем жұртының назарын қазақтың бай мәдениеті мен төл өнеріне аудартқан ұлы дүние болды».
Бұл Ләззаттың этнодизайнер Аселина Батырдың бастамасымен өткен ауқымды жобаларға алғаш рет қатысуы емес. Ол өткен жылы да танымал қолөнершінің «Тұмар» жобасында бағын сынап, тәжірибе шыңдаған болатын. Алайда, биылғы «Көшен көрпе» жобасының ауқымы мен рухы мүлдем бөлек болғанын жасырмайды.
«Былтыр Аселина Батырдың «Тұмар» жобасына қатысқан болатынмын. Ал биылғы шараның орны ерекше. Біз Астана төрінен өзімізге деген үлкен сенімділік, ерекше шабыт пен таусылмас үлкен қуат алып, елге мақтанышпен қайттық», – дейді ағынан жарылған қазалылық шебер.
Ләззат Көбегенова сияқты ұлтжанды ісмерлердің арқасында қазақтың құрақ өнері ұмытылмай, уақыт өткен сайын жаңаша түрленіп, әлемдік деңгейде мойындалып келеді. Олардың қалдырған қолтаңбасы — келер ұрпаққа аманат болар ең құнды жәдігер.
 
ТАРИХШЫ ТАНЫҒАН ҚҰРАҚ ҚҰПИЯСЫ: ОЮ-ӨРНЕКТІҢ МӘДЕНИ ТІЛІ
 
Қазақтың құрақ өнері қиындыларды біріктірумен біргематалар мен тігістердің симфониясы арқылы сөйлейтін, ғасырлар тереңінен жеткен мәдени тіл. Бұл өнердің тарихи маңызы мен философиялық астарын дөп басып таныған жандардың бірі — Лақалы ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Зибаш Тұрғанбаева.
Мамандығы тарихшы ұстаздың тігіншілікке деген қызығушылығы кезінде мектеп қабырғасында шәкірттеріне сахналық киімдер тігу, көрнекілік құралдар дайындаудан басталған екен. Өз ісімен бүгінгі жастарға үлгі болып жүрген ардагер ұстаз елордадағы «Көшен көрпе» жобасына қалай келгенін былай деп еске алады:
«Бұл жоба Инстаграм әлеуметтік желісінде жарияланған сәттен бастап бізде үлкен қызығушылық оянды. Құрақтың арнайы шеберлік сабақтарын) сатып алып, үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Шыны керек, үлкен көрпе тігу додасына алғаш рет келіп қатысқандықтан, бұл мен үшін мүлдем тың мәселе, жаңа соқпақ болды. Бірақ қасымдағы инесінен өнер тамған шебер қыздардың қолдауы мен көмегінің арқасында тез үйреніп, мен де қатарға қосылдым. Осы ұлы істің бір бөлшегі болғаныма ерекше әсерленіп, қуанып қайттым», – деп ағынан жарылды Зибаш апа.
Тарих пен дәстүрді жанына серік еткен кейіпкеріміздіңайтуынша, әлемдік рекордты бағындырған «Көшен көрпесінің» дәл ортасында ұлттық тұтастық пен бірліктің белгісі – Шаңырақ бейнеленген. Ал оның айналасына жиналған әрбір ою-өрнектің өзіндік сыры мен айтар хаты бар.
Қошқар мүйіз – мықтылық пен күш-қуаттың, елдегі амандық пен молшылықтың белгісі. Тұмар – тіл-көзден сақтайтын, бойға қуат беретін қорғаныш энергиясы. Құс қанаты – еркіндік пен асқақ шабыттың, қазақ елінің тәуелсіздігінің айғағы. Сынық мүйіз – ішкі беріктік пен мақсатқа қарай тоқтаусыз алға ұмтылу. Торсық – тоқшылық пен берекенің, өмірлік жол мен үздіксіз дамудың символы.
Тұлпар – көшпенді қазақ баласының айнымас бойтұмары, тарих сахнасында «дала гладиаторы» атанған тектіліктің белгісі.
Ұлттық код пен бабалар аманаты арқау болған бұл жобада тек оюлар ғана емес, музыкалық аспаптар да үн қатқан. Жобаның бас идеялық авторы Аселина Батыр өз шығармашылығына өзінің атасы өз қолымен қашап жасаған қасиетті қобызды қосу арқылы, бабалар үні мен ұрпақтар сабақтастығына деген терең құрметін білдірді.
Бастама Зибаш апа сынды көкірегі шежіре үлкендер мен Аселина сынды жаңашыл дизайнерлердің тізе қосуы арқылы қазақтың төл өнерін жаһандық деңгейге көтеріп, ұлт мұрасының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
 
АНА ӨНЕРІН АРДАҚТАҒАН 16 ЖАСАР РЕКОРДШЫ
 
«Көшен көрпе» жобасы тек ақ жаулықты әжелер мен ісмер аналардың ғана емес, ұлттық өнерді жанына серік еткен жас буынның да басын қосты. Солардың ішінде көрмеде ерекше бой көрсетіп, көпшіліктің таңданысы мен ілтипатына бөленген ең жас қолөнершілердің бірі –қазалылық Елдос Молдабаев.
Елдос небәрі 16 жаста. Ол қазіргі таңда Қазалы аудандық көлік-техникалық колледжінің студенті. Тұрмыстық техника мен технологияның тілін түсініп жүрген бозбаланың бос уақытында ине мен жіпті серік етуі – бүгінгі қоғам үшін сирек әрі мақтанарлық құбылыс.
Оның бұл өнерге келуіне анасының тигізген әсері мол. Анасының мата қиындыларынан ғажайып туындылар жасаған шеберлігін көріп өскен Елдос, ес білгелі осы қасиетті істі жанына балап, ана өнерін жалғаушыға айналды.
Айтулы додада үлкен шеберлермен иық тіресе отырып, әлемдік рекордтың орнауына өз үлесін қосқан жас ісмердің қадамы – ұрпақтар сабақтастығының шынайы көрінісі. 
 
ҚҰРАҚ ӨНЕРІНІҢ ҚОС ҚАНАТЫ
 
Айта кету керек, Аселина Батыр бұған дейін белгілі шебер Нұргүл Абайханмен бірігіп «Аламан құрақ» жобасын қолға алған болатын. Кейіннен қос шебер екі бөлек бағытта қатар дамып, қазақ өнерінің ауқымын кеңейте түсті.
Жақында ғана Нұргүл Абайханның бастамасымен «Аламан құрақ – 2026» халықаралық жобасы аясында Өскемен қаласында да зор жетістік тіркелді. Оған Қазақстанның 17 өңірі мен 8 мемлекеттен келген 800-ге жуық қолөнер шебері қатысып, ұзындығы 2 шақырым яғни 2000 метр болатын алып құрақ көрпе тігіп, әлемдік рекорд орнаған болатын. Бұл – 2023 жылғы 500 метрлік рекордтың заңды әрі ауқымды жалғасы еді.
Ал биылғы «Көшен көрпе» жобасы осы үрдісті ілгерілетіп, сан мен сапаның, ұлттық нақыштың жаңа биігін көрсетті. Шетелдік басылымдардың назарын аударған бұл шара қазақ өнерінің әлемдік брендке айнала алатынын дәлелдеді.
«Көшен көрпе» – тек өткен күннің ескірген жәдігері емес, бүгінгі тренд, ертеңгі ұрпақтың аманаты. Жастардың бұл өнерді табысты кәсіп пен өзін-өзі көрсетудің заманауи құралы ретінде қабылдай бастағаны – Аселина Батыр мен оның жолын қуған мыңдаған шеберлердің ең үлкен жеңісі. Сарыарқа төрінде орнатылған бұл рекорд – ұлттық рухтың салтанаты. Тарихи жетістіктің ресми қорытындысы 3 айдан кейін Ыстанбұлда жарияланбақ. Анадолы аспанында қазақ қолөнерінің мәртебесі тағы бір мәрте асқақтайтын күнді алаш жұрты асыға күтуде.
 
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
30 маусым 2026 ж. 35 0

Ел дамуының жаңа кезеңі

30 маусым 2026 ж. 35

Қамқорлығы мол Қаршыға

30 маусым 2026 ж. 36

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930