Рекорд орнатқан қолөнер шебері
Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бай мәдени және спорттық бағдарлама Қазақстандағы этникалық туризмді дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізбек. Айтар кетер жайт, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өтіп, кейінгі екеуі де осы елде ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті. Араға төрт жыл салып, Астананың төрінде әлемнің түкпір-түкпірінен сайысқа қатысушылар жиналды.
Аталған шара аясында өткен Аламан құрақ қатысушыларымен рекорд орнатқан қолөнер шеберлерінің қатарында қожабақылық Күлтай Қошқарбаева да бар. Бір мезгілде кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің жалпы көлемі 11200 кв метрді құрады. Ені 16 қатар, 40 метр, ұзындығы 28 қатар, 252 метр. Бір көрпенің өлшемі 250/90 сантиметр. Көрпе тігу барысында «Гауһартас», «Аламан», «сынық мүйіз» құрақ техникалары және төртқұлақ қошқар мүйіз, өсімдік оюлары қолданылған. Жобаға 450 құрақшы қатысты. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің есімі «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Қазалы жерінен астанаға арнайы аттанған Күлтай Нұрмағамбетқызы талай жылдан бері тігінші. Қолөнердің барлық түрін меңгерген шебердің аты ауыл-аймаққа бұрыннан таныс. Уақытнда Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, кәсіпкерлік негіздерін үйренген жан. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы тігін шеберханасын ашуға 1,5 миллион теңгеге несие алды. Қол жеткізген қаржыға заманауи тігінмашиналарын алып, жұмысын бастады. Отыз жылдан бері тұрғындардан түрлі тапсырыстар қабылдап, киім, құрақ көрпе, қыз жасауын жасайтын шебердің өнеріне ауыл жұрты тәнті. Әр тұтынушының көкейіндегісін дөп басып түсінетін тігіншінің талғамы тамаша. Тіпті жоғары деңгейде деуге болады. Өнері мен қоса адамгершілігінің өзі бір төбе. Неге десеңіз, Күлтай Нұрмағамбетқызы көп жағдайда ауыл халқының қалтасына қарайды. «Қанағат қарын тойғызады» дегенді сөзді әркез есінде ұстайтын тігінші: «Азға қанағат етіп, тапсырыс берушінің жағдайына қараймын.
Менде мынадай баға деп қатып қалатын кездер жоқ. Тапсырыс алған соң уақытылы дайындап беруге бар күшімді жұмсаймын. Тұтынушымен жұмыс істеп отырған әрбір кәсіпкер үшін жауапкершілік пен тиянақтылық бірінші кезекте болуы керек», – дейді. Уақытында ол тіккен құрақ көрпелер мен қыз жасауларына еліміздің басқа облыстарынан да сұраныстарға ие болды.
Еңбек жолын совхозда сауыншы бастаған Күлтай Нұрмағамбетқызы озат сауыншы атанды. Партия конференцияларына делегат болып, аудандық советінің депутаты болып сайланған. Бұдан кейінгі жылдары аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тігінші болды. Алайда, 1987 жылы аталған жұмыс орындары жабылып қалады. Бірақ кәсіп тоқтаған жоқ. Сол жылдардағы ауыл әкімі Т.Амановтың қамқорлық жасауымен ауыл ортасынан бос тұрған ғимараттан тігін шеберханасы ашылады. Ал, 2015 жылы «ШеберАN» қоғамдық қоры есебінен ашылған тігін шеберханасында тігінші болды. Қазақтың көне қолөнер дәстүрін кейінгі жас ұрпаққа үйретіп, келешекте тігіншілік өнерін дамытуды мақсат еткен Күлтай үйренемін деушілерді қуана қарсы алатындығын айтады. Өмірге бес бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген ана: «Өзім үшінші топ мүгедегі болсам да тігін машинамнан бір елі алыстаған емеспін. Балаларымды да еңбек ете білуге үйреттім.
«Жұмыс жоқ» деп үйде жата беруге болмайды. Шын жұмыс істеймін деген жанға мемлекеттің көмегі көп. Мәселен, шағын кәсіп ашуға болады. Ең бастысы ниет пен жігер керек», – дейді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА