Заңдағы мәртебеден өмірлік қажеттілікке дейін
Тіл – ұлттың жаны, мемлекеттің рухани тірегі және елді біріктіретін басты құндылық. Қазақ халқы үшін ана тілі – ғасырлар бойы ұлттың тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап келген қасиетті мұра. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бір ғана тіл мамандарының немесе мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Бұл әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі, қоғамның ортақ міндеті.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Заңнамалық негіз қалыптасты. Түрлі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Соңғы жылдары осы бағыттағы істер жаңа деңгейге көтеріліп, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданысын кеңейтуге ерекше назар аударылуда. Дегенмен заң жүзіндегі мәртебе мен күнделікті өмірдегі қолданыстың арасында әлі де белгілі бір алшақтық бар екені байқалады.
Кейбір азамат қазақ тілін ресми құжаттарда немесе мерекелік іс-шараларда қолданылатын тіл ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында еркін қолданылатын өмір сүру тіліне айналуы тиіс. Оны міндетті заңмен күштеп орындату мүмкін емес. Ол үшін қоғамның ішкі сұранысы қалыптасуы қажет.
Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында қазақ тілінің үлесі артқанымен, көптеген жеке кәсіпкерлік нысанында тұтынушы алдымен орыс тілінде қызмет алуға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Кейбір жарнама, мәзірлер, интернет-дүкендер немесе мобильді қосымшаларда қазақ тіліндегі нұсқа толық емес немесе сапасыз аударылған. Яки мемлекеттік тілдің беделіне әсер ететін маңызды мәселелердің бірі.
Тағы бір өзекті мәселе цифрлық кеңістіктегі қазақ тілінің үлесі. Қазір адамдардың ақпаратты қабылдау мәдениеті өзгерді. Газет пен теледидардан гөрі әлеуметтік желі, бейнеплатформалар, подкасттар, жасанды интеллект құралдары негізгі ақпарат көзіне айналды. Егер қазақ тілі осы кеңістікте белсенді қолданылмаса, оның ықпалы да әлсірей түседі.
Соңғы жылдары аталған бағытта оң өзгерістер байқалады. Қазақ тілінде сапалы подкасттар, білім беру арналары, деректі фильмдер, ғылыми жобалар, блогтар көбейді. Әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап жүрген қазақтілді контент авторлары қалыптасты. Яғни мемлекеттік тілдің табиғи даму жолына түскенінің белгісі. Дегенмен саннан бұрын сапа мәселесіне ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Көп қаралым жинау ғана емес, қоғамның ой-санасын дамытуға ықпал ететін мазмұнды контенттің көбеюі маңызды.
Жасанды интеллект дәуірі мемлекеттік тілге жаңа талаптар қойып отыр. Егер қазақ тілінде сапалы цифрлық деректер, ғылыми еңбектер, терминологиялық қор және электрондық ресурстар жеткілікті болмаса, жаңа технологиялар қазақ тілін толық меңгере алмайды. Сондықтан тіл саясаты енді тек мәдениет немесе білім саласының мәселесі емес, цифрлық қауіпсіздік пен ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің де маңызды бөлігіне айналды.
Қазақ тілінің дамуына әсер ететін тағы бір фактор – жастар. Қазіргі жас буын бұрынғыдай ақпаратты кітаптан ғана алмайды. Олар қысқа бейнероликтерді, әлеуметтік желідегі жазбаларды, интерактивті платформаларды көбірек пайдаланады. Сондықтан мемлекеттік тіл саясаты да заман талабына бейімделуі керек. Жастарды қазақ тілін үйренуге міндеттеу емес, қазақ тілінде сапалы, қызықты әрі пайдалы контент ұсыну әлдеқайда нәтижелі.
Бұқаралық ақпарат құралдарының бұл бағыттағы жауапкершілігі ерекше. Журналист ақпарат жеткізумен шектелмей, қоғамдық пікір қалыптастыра алатын тұлға. Осы себепті мемлекеттік тіл мәселесін мереке қарсаңында көтеру жеткіліксіз. Тілдің экономикадағы, медицинадағы, ғылымдағы, бизнестегі, цифрлық технологиядағы орны туралы жүйелі материалдар көбейген сайын қоғамдағы көзқарас та өзгереді.
Өкінішке қарай кейде мемлекеттік тіл мәселесі дау-дамай төңірегінде ғана сөз болады. Ал мәселенің шешу жолдарын ұсынатын аналитикалық мақалалар сирек кездеседі. Заманауи журналистика мәселені көтеріп ғана қоймай, оның нақты шешімдерін көрсетуі тиіс.
Мәселен, мемлекеттік органдар мен бизнес арасында қазақ тіліндегі цифрлық сервистерді дамытуға гранттық жобаларды көбейтуге болады. Қазақ тіліндегі мобильді қосымшалар мен нейрожелілік сервистерді әзірлеушілерге қолдау көрсету қажет. Қазақ тіліндегі ғылыми және танымдық контент өндірушілерге арнайы медиагранттар бөлу де тиімді болар еді. Сонымен қатар мектептерде медиа сауаттылық пен цифрлық қазақ тілін қатар оқыту бүгінгі күннің талабы.
Тағы бір маңызды мәселе – тілдің беделі. Қазақ тілін құрметтеу заң шеңберінде емес, оның күнделікті өмірдегі тиімділігімен өлшенуі керек. Адам қазақ тілінде сапалы қызмет пен білім алып, жұмыс істеп, бизнес жүргізіп, ғылыммен айналыса алғанда мемлекеттік тілдің нақты құндылығын сезінеді.
Қазақ тілі бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұрын мемлекеттік тілдің мәртебесін дәлелдеу қажет болса, ендігі міндет, оның өмірдің барлық саласында табиғи әрі еркін қолданылуын қамтамасыз ету. Бұл жолда мемлекет, бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру ұйымдары, бизнес өкілдері және әрбір азамат бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтиже болады.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар мен тіл саясатының жаңа бағыттары мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге тың серпін беріп келеді. Ендігі мақсат – қабылданған шешімдердің нақты өмірде жүзеге асуын қамтамасыз ету.
Мемлекеттік тілдің болашағы заң баптарынан бөлекқоғамның күнделікті таңдауымен айқындалады. Қазақ тілі үйде ғана емес, ғылымда, өндірісте, бизнесте, цифрлық технологияда, халықаралық байланыста және медиакеңістікте толыққанды қолданылғанда өзінің шынайы мемлекеттік мәртебесіне ие болады. Тілді дамыту – тұтас ұлттың ортақ миссиясы. Мемлекеттік тіл өмірдің барлық саласында еркін қолданылған кезде Қазақстанның рухани тәуелсіздігі нығайып, ұлттық бірегейлігі жаңа деңгейге көтеріледі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














