Бруцеллезден сақтанудың жолдары қандай
ОРАЛ. KAZINFORM — Бруцеллез – жануарлардан адамға жұғатын қауіпті жұқпалы ауру. Сондықтан оның алдын алуға ерекше мән берген жөн.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, дерт көбінесе ауыл шаруашылығы жануарларымен байланыста болғанда немесе термиялық өңдеуден өтпеген сүт және сүт өнімдерін тұтыну арқылы жұғады.
Оның сөзіне қарағанда, эпидемиологиялық жағдайды талдау нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы 5 айында 11 адамның бруцеллезді жұқтырғаны анықталды. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде 3 дерек тіркелген еді. Бұл көрсеткіш аурудың алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығын көрсетеді.
- Бруцеллездің негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тершеңдік, буын және бұлшықет аурулары жатады. Ауру ұзаққа созылып, түрлі асқынуларға соқтыруы мүмкін.Бруцеллездің алдын алу үшін тек қайнатылған немесе пастерленген сүтті пайдалану, сүт өнімдерін сенімді өндірушілерден сатып алу қажет. Мал күтімімен айналысатын адамдар қорғаныш қолғаптары мен арнайы киімдерді пайдалануы тиіс. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізу маңызды, - дейді Г.Кереева.
БҚО ветеринария басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, 2026 жылға бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сай облыс бойынша 1 005 697 бас ірі қара, 1 370 299 бас қой-ешкі, 838 бас түйе және 214 шошқаны бруцеллезге тексеру көзделген.
Бес айдың қорытындысымен тексерілген 435 135 бас ірі қараның 2 627-сі ауру болып шықты немесе облыс бойынша зақымдану көрсеткіші – 0,6 пайыз.
Өткен жылы осы мерзімде 387 732 бас ірі қараның 2 873-інен ауру (0,7 пайыз) анықталған еді.
Негізгі ветеринариялық іс-шаралар жоспарлы диагностикалық зерттеулер болып есептеледі.
Ветеринариялық-санитариялық қағидалар талаптарына сай жасы 12 айдан асқан барлық ірі қара, қой-ешкі малдары бруцеллезге жылына екі рет (көктемде және күзде), түйелер – жылына бір рет, шошқалар мен жылқылар ауруға күдіктену болған кезде зерттеледі.
Жануарлардан қан сынамалары алынып, серологиялық әдістермен зерттеледі. Бруцеллезге күдікті немесе оң нәтиже көрсеткен жануарлар оқшауланады. Қосымша зерттеулер жүргізіліп, диагноз нақтыланады.
Ветеринариялық-санитариялық қағидаларға сәйкес бруцеллез анықталған мал иелері мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының нұсқамасы негізінде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзім ішінде ауру жануарларды санитариялық союды жүзеге асыратын өндіріс нысандарына (ет комбинаты, сою пункті) тапсыруы тиіс.
Бруцеллезге шалдыққан ірі қара мал мен шошқа, түйе, жылқы етінің ұшасы мен ағзаларында патологиялық өзгерістер болмаған кезде ет 12 сағат мұздатқышта тұрғаннан кейін шектеусіз пайдалануға болады.
Ауру қой мен ешкіні санитариялық союдан алынған ет пісірілген шұжықтарға немесе консервілерге қайта өңделеді және мал иесіне жергілікті бюджет есебінен ет өнімінің әр килограмына орташа айлық нарықтық құнының 30 пайызы мөлшерінде өтемақы төленеді.
- Бруцеллездің алдын алудың шараларының бірі - жеке гигиенаны сақтау. Шикі сүт пен одан жасалған өнімдерді пайдаланбау, етті толық пісіру қажет. Бруцеллезбен ауырған малдарды және олардың инфекция жұқтыру қаупі жоғары төлдерін ветеринариялық талаптарға сәйкес оқшаулап, жойған абзал. Аталық малдарды бруцеллезге тоқсан сайын жүйелі түрде зерттеу керек, - делінген ветеринария басқармасы ұсынған жауапта.












