Құлпынай теруге кетіп, құлдыққа түсті: шетелдегі жұмыс қандай қауіп төндіреді?

Фото: коллаж AI / El.kz
Соңғы кезде шетелде жоғары жалақы ұсынған жұмысқа келісіп, еңбек құлдығына тап болған қазақстандықтардың оқиғалары жиілеп барады. Бірі фермада ауыр жағдайда жұмыс істесе, енді бірі құжатынан айырылып, алаяқтық орталықта күшпен еңбек етуге мәжбүр болған. Неліктен адамдар мұндай тұзаққа түседі және шетелге жұмысқа кетерде қандай қауіпті ескеру керек? Еl.kz интернет порталы зерттеп көрді.
Құлпынай теруге кетіп, құлдықтан әрең құтылған
Әлеуметтік желіде Динара Ғалымжан есімді азаматша шетелде жұмыс істеймін деп кеткен сіңлісінің басынан өткен ауыр жағдайды жариялады. Оның айтуынша, бірнеше ай бұрын Англияға маусымдық жұмысқа аттанған қыз елге әрең оралған.
Сіңлім Англияға құлпынай теруге барып, жақсы табыс тауып келемін деп кеткен еді. Барлығы заңды көрінді, агенттік арқылы виза рәсімделді. Бірақ барған соң мүлде басқа шындыққа тап болыпты, – дейді ол.
Туысының сөзінше, қыз шетелге барған бойда құжаттары мен телефонынан айырылған. Кейін оны ауыр еңбекке жегіп, демалыссыз жұмыс істеткен көрінеді. Уәде етілген жалақы төленбеген, тұрмыс жағдайы да өте нашар болған.
Оны басқа адамдармен бірге тар бөлмеге орналастырып, дұрыс тамақ бермеген. Психологиялық қысым көрсетіп, қорқытып отырған. Бізбен сөйлескен сайын бәрі жақсы екенін айтатын. Кейін белгілі болғандай, оны мәжбүрлеп солай сөйлеткен, – дейді әпкесі.
Динараның айтуынша, сіңлісі жұмыс орнына келген өзге адамдардан көмек сұрап, жағдайын жасырын жеткізген. Солардың көмегімен ол бұл жерден шығып, елшілікке жүгінген. Нәтижесінде Қазақстанға оралуға мүмкіндік алған.
Бүгін елге әрең жетті. Біз алғашында өзіміздің сіңліміз екенін танымай қалдық. Қатты арықтап кеткен, көзінде қорқыныш бар. Қазір ешкіммен сөйлеспейді, бөлмесінен шықпайды. Түнде шошып оянады, – дейді ол.
Сондай-ақ әйелдің мәлімдеуінше, сіңлісі шетелде жүрген кезінде зорлық-зомбылыққа да ұшыраған. Қазір оның психологиялық жағдайы ауыр.
Динара бұл іске қатысы бар агенттік пен ұйымдастырушылар жауапқа тартылуы керек деп санайды. Алайда отбасы жағдайдың жария болғанын қаламайтынын айтып, мәселені ушықтырмауды жөн көрген.
«Тірі оралады деп ешкім сенбеген»
Естеріңізде болса, жыл басында Сәкен есімді IT маман Мьянмадағы алаяқтық орталықта сегіз ай бойы еңбек құлдығында болғанын айтқан болатын. Ол бұл туралы «Спектр» YouTube арнасына сұхбат берген.
Оның сөзінше, бәрі шетелдегі жоғары жалақылы IT маманы жұмысына шақырудан басталған. Болашақ жұмыс беруші оған Бангкокқа билет алып беріп, баспана уәде еткен. Алайда Таиландқа барған соң Сәкенді қарумен қорқытып, Мьянма аумағындағы KK Park деп аталатын жабық скам-орталыққа алып кеткен.
Өзеннен қайықпен өткізген кезде өмірім аяқталды деп ойладым. Арғы бетте қарулы адамдар күтіп тұрды. Телефонымды бірден тартып алды, – дейді ол.
Сәкеннің айтуынша, орталық сырт көзге кәдімгі шағын қала сияқты көрінгенімен, бүкіл аумақ бетон қабырғамен қоршалып, қарулы күзет пен бейнебақылауда болған. Онда түрлі елдерден алдап әкелінген адамдар интернет-алаяқтықпен айналысуға мәжбүрленген.
Маған әйелдермен танысып, оларды ақша аударуға көндіру тапсырылды. Бас тартсаң немесе жоспарды орындамасаң, жазалайды, – дейді Сәкен.
Яғни бірнеше сағат бойы қатты дыбыс пен ультра жарық қосылған бөлмеге қамап, қитаған. Сондай-ақ жұмысшыларды ұрып-соғу, қорқыту және басқа орталықтарға «сату» жағдайлары жиі кездескен.
Сәкеннің сөзінше, құлдықтағы адамдардың құжаттары тәркіленіп, елге қайту үшін ондаған мың доллар көлемінде «өтемақы» талап етілген. Кейін туыстарының көмегімен қажетті қаражат жинап, бостандыққа шығуға мүмкіндік алған.
Мені үйдегілер жоғалып кетті деп ойлады. Тіпті тірі оралады деп ешкім сенбеген, – дейді ол.
Қазақстандықтың айтуынша, мұндай алаяқтық орталықтар әлі де жұмыс істеп жатыр. Сондықтан шетелдегі жоғары жалақы ұсынатын күмәнді жұмыс ұсыныстарына сақ болу қажет.
Адамдар жеңіл ақша іздеп барамын деп үлкен қауіпке тап болуы мүмкін, – деп түйіндеді Сәкен.
«Жалған құжаттармен жұмыс істейді»
Адвокат Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, бұл – қарапайым алаяқтық емес, Қазақстан заңнамасы бойынша ауыр қылмыс санатына жататын адам саудасы. Мұндай жағдайларда жәбірленушілер сотқа жүгініп, өз құқықтарын қорғай алады және көп жағдайда кінәлілерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бар.
Егер азамат шетелге ресми түрде агенттік арқылы жіберілген болса, келісімшарт жасалған болса немесе қаржылық операциялар дәлелденсе – бұл сотта негізгі дәлел ретінде қаралады. Сонымен қатар, бірнеше жәбірленуші бірігіп талап-арыз түсірсе, істің нәтижелі аяқталу ықтималдығы айтарлықтай жоғарылайды, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Дегенмен тәжірибеде мұндай істердің күрделілігі де бар екенін айтты. Көп жағдайда делдал агенттіктер заңды түрде тіркелмейді немесе жалған құжаттармен жұмыс істейді. Қылмыстың шетел аумағында жасалуы да тергеуді қиындатады. Соған қарамастан, Қазақстан азаматтары міндетті түрде құқық қорғау органдарына, прокуратураға және Сыртқы істер министрлігіне жүгінуі тиіс.
Құлдыққа шақырғанын қалай білеміз?
Шетелде жұмыс істеуге келісер алдында азаматтар бірнеше маңызды жайтқа ерекше назар аударуы керек. Біріншіден, міндетті түрде ресми еңбек келісімшарты болуы қажет. Екіншіден, жұмыс визасының түрі нақты сол қызметке сәйкес келуі тиіс. Үшіншіден, жұмыс беруші мен агенттік туралы толық ақпарат тексерілуі керек. Егер ұсыныс шектен тыс жоғары жалақы уәде етсе немесе құжаттарды толық көрсетуден бас тартса –бұл үлкен қауіп белгісі, – дейді адвокат.
Оның айтуынша, мәселенің ушығуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Бір жағынан, азаматтардың шетелде табыс табуға деген ұмтылысы артты. Екінші жағынан, әлеуметтік желілер арқылы жалған жұмыс ұсыныстары көбейді. Ең бастысы – адам саудасы бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың табысты бизнесіне айналған.
Өкінішке қарай, мұндай қылмыстардың құрбаны тек әлеуметтік тұрғыдан әлсіз немесе білімсіз адамдар ғана емес. Жоғары білімді, тәжірибелі азаматтардың өзі психологиялық қысым мен алдау тәсілдерінің құрбанына айналып жатыр, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Сондықтан ең маңыздысы – мұндай фактілерді жасырмау. Заңгердің пікірінше, үндемей қалу қылмыскерлердің жазасыз қалуына және басқа азаматтардың да сол тұзаққа түсуіне жол ашады.












