Қазақстандықтардың жеке деректері халықаралық қылмыстық топтың қолына түскен

Фото:freepik
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қадағалау органдары және Чехия Республикасының полициясы Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық арнаның қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ұзақ уақыт жүргізілген жедел әзірлеме, мұқият жоспарлау және құқық қорғау органдарының үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде халықаралық деңгейде жұмыс істеген қылмыстық топ әшкереленді.
Қылмыстық іс бойынша күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында бір мезгілде Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жұмыстары жүргізілді.
Тергеу барысында заңсыз әрекеттерге қатысты дәлелдер сақталған көптеген цифрлық құрылғылар мен қомақты көлемдегі қолма-қол ақша тәркіленді.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, күдіктілер өздерінің заңсыз қызметін жүзеге асыру үшін жабық интернет-ресурс құрған. Онда Қазақстан және көршілес мемлекеттер азаматтарының жеке деректері жарияланған.
Қылмыстық топ ішінде нақты міндеттер бөлінген. Қатысушылардың бір бөлігі қылмыстық схеманы үйлестірсе, енді біреулері азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз іздеу және ұсыну бойынша тапсырыстарды қабылдап, өңдеумен айналысқан. Ал заңсыз жолмен табылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін арнайы дроп-аккаунттар пайдаланылған.
Тергеу барысында ресурсқа бір реттік сұраныс жіберу мен жазылым арқылы қол жеткізу қызметтеріне арналған арнайы тарифтердің болғаны да анықталды. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінгендер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бұған дейін WhatsApp арқылы тараған хабарламаның салдарынан қазақстандықтардың жинақ ақшасынан айырылғаны және алаяқтықтың жаңа схемасы әшкереленгені туралы хабарланған болатын.










